27.06.2025
- Холдинг туралы
Кеңес ал!
2025 жылғы 25 маусымда Астана қаласында «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ Басқарма төрағасының міндетін атқарушы Ерсайын Хамитов пен ICBC Asia банкінің директорлар кеңесінің төрағасы доктор Лю Яган бастаған делегациясы арасында жұмыс кездесуі өтті. Кездесу Қазақстан мен Қытай арасындағы қаржы-инвестициялық ынтымақтастықты дамыту аясында ұйымдастырылды.
Холдинг пен Банк арасындағы серіктестік нақты нәтижелерге негізделген. Атап айтқанда, биылғы жылдың наурыз айында ICBC банкі бес жыл мерзімге 430 млн қытай юаніде қарыз берді. Бұл қаражат Аграрлық несие корпорациясының жобаларын қаржыландыруға бағытталды.
Кездесу барысында юаньмен қосымша қаржы тарту мүмкіндіктері қаралды. Атап айтқанда, Өнеркәсіпті дамыту қоры үшін 1 млрд қытай юаніне дейінгі сомаға қарыз тарту мәселесі талқыланды. Оның 500 млн юань көлеміндегі бөлігі шілде айында, ал қалған бөлігі ICBC Asia (Гонконг) тарапынан шілде–тамыз айларында тартылуы мүмкін. Сонымен қатар, ICBC тобы тарапынан Холдингке бөлінетін лимитті ұлғайту мәселесі қозғалды.
«ICBC Asia – біз үшін стратегиялық маңызы бар серіктес. Ынтымақтастықты дамытуға деген әріптестеріміздің ашықтығы мен қызығушылығын жоғары бағалаймыз. «Бәйтерек» холдингі экономиканың басым бағыттарын қаржыландыруға арналған тұрақты инфрақұрылымды қалыптастыру жұмысын жалғастыра береді», – деді Ерсайын Хамитов.
Сондай-ақ, кездесу барысында халықаралық нарықтарда юаньмен облигациялар шығару мәселесі талқыланды. Оның ішінде Panda Bond және Dim Sum Bond форматтарында 5 млрд юаньге дейінгі көлемде қаржы тарту мүмкіндігі қарастырылды.
Доктор Лю Яган Холдингтің серіктестікті дамытуға белсенді көзқарасын оң бағалап, ICBC Asia тарапынан Қазақстандағы стратегиялық бастамаларды қаржыландыруға қатысу шарттарын одан әрі пысықтауға дайын екенін жеткізді.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар сараптамалық деңгейде консультацияларды жалғастыруға және ықтимал ынтымақтастық бағыттары бойынша нақты ұсыныстар әзірлеуге уағдаласты.