08.10.2026
- Холдинг туралы
- Тұрақты даму
Кеңес ал!
«Бәйтерек» ұлттық инвестициялық холдингінде Еуропалық инвестициялық банктің (ЕИБ) вице-президенті Марек Мора бастаған делегациямен кездесу өтті. Қатысушылар көлік инфрақұрылымын, агроөнеркәсіптік кешенді және шағын және орта бизнесті қаржыландыруды кеңейту, сондай-ақ теңгемен тартылатын қарыз қаражатының құнын төмендету мүмкіндіктерін талқылады.
Холдинг тарапынан кездесуге Басқарма төрағасының орынбасары Тимур Онжанов, Қазақстанның Даму Банкінің (ҚДБ) Басқарма төрағасы Марат Елібаев және басқа да өкілдер қатысты.
Негізгі мәселелердің бірі ҚДБ арқылы ынтымақтастықты дамыту болды. ЕИБ-пен жасалған сомасы 200 млн еуроға дейінгі қаржылық келісімшарт аясында «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясының жобасы бойынша автомобиль жолдарының 34 учаскесін қаржыландыруға 100 млн еуро бағытталды.
Келесі кезең 2026 жылғы маусымда Брюссельде қол қойылған ниет хатында көзделген 120 млн еуро көлеміндегі қосымша қаржыландыруды пысықтаумен байланысты. Бұл қаражатты Еуропа мен Азия арасындағы байланысты нығайтатын Транскаспий халықаралық көлік бағытының жолдарын, порт және логистика инфрақұрылымын дамытуға бағыттау жоспарланып отыр.
ЕИБ пен Аграрлық несие корпорациясы арасындағы ынтымақтастықтың перспективаларына ерекше назар аударылды. Тараптар ауыл шаруашылығы кәсіпорындарын, оның ішінде шағын және орта бизнес субъектілерін қаржыландыру бойынша бірлесіп жұмыс істеу мүмкіндігін талқылады. Әлеуетті бағыттардың қатарында мал шаруашылығы жобалары аталды.
«Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорымен ынтымақтастық аясында бизнесті несиелеуге ресурстар тарту шарттары талқыланды. Холдинг ұлттық валютадағы қаржыландыру құнының қолжетімді болуы маңызды екенін атап өтіп, оны төмендету үшін Еуропалық одақтың кепілдіктері мен аралас қаржыландыру құралдарын пайдалану мүмкіндігін қарастыруды ұсынды.