Сұрақ-жауап
1408 Call-орталығы
А А

17.06.2026

«Бәйтерек» холдингі мен Bank of China қаржылық ынтымақтастықты кеңейту мәселелерін талқылады

Кеңес ал!

17.06.2026

«Бәйтерек» холдингі мен Bank of China қаржылық ынтымақтастықты кеңейту мәселелерін талқылады

«Бәйтерек» холдингі мен Bank of China қаржылық ынтымақтастықты кеңейту мәселелерін талқылады

15 маусым күні Астанада «Бәйтерек» ұлттық инвестициялық холдингі» АҚ Басқарма төрағасы Рустам Қарагойшин Bank of China Limited және «Қазақстандағы Қытай Банкі» ЕБ АҚ делегациясымен кездесу өткізді. Тараптар қытай юанімен қаржыландыру жөніндегі қолданыстағы келісімді іске асыру барысын және қорландыру саласындағы ынтымақтастықты одан әрі кеңейту перспективаларын талқылады.

Bank of China Limited делегациясын Басқарма төрағасының орынбасары Лю Чэнган бастап келді. Келіссөздерге сондай-ақ Bank of China Limited Қаржы нарығы департаментінің директоры Сун Фунин, Корпоративтік және инвестициялық банкинг департаменті директорының орынбасары Лю Вэй, Қаржы институттары департаменті директорының орынбасары Син Пин және «Қазақстандағы Қытай Банкі» ЕБ АҚ Басқарма төрағасы Хоу Юаньмин қатысты. «Бәйтерек» холдингі тарапынан кездесуге Басқарма төрағасының орынбасары Ерсайын Хамитов, басқарушы директор Сәкен Олжабаев және «Қазақстанның Даму Банкі» АҚ Басқарма төрағасы Марат Елібаев қатысты.

Келіссөздердің негізгі тақырыптары Bank of China Limited құрылымдары мен «Бәйтерек» холдингі арасындағы қытай юанімен қаржыландыру жөніндегі екіжақты келісімді іске асыру, сондай-ақ «Қазақстанның Даму Банкі» АҚ-ны қорландыру бағытында Bank of China Limited-пен ынтымақтастықты кеңейту мәселелері болды. Тараптар инвестициялық және инфрақұрылымдық жобаларды қаржыландыру мүмкіндіктерін, қаржы нарықтарындағы өзара іс-қимылды, қытай юаніндегі қаржы құралдарын дамытуды, сондай-ақ инвестициялық банкинг және капитал нарықтары салаларындағы әріптестікті кеңейту бағыттарын қарастырды.

«Бәйтерек» холдингі үшін жетекші халықаралық қаржы институттарымен ынтымақтастықты дамыту Қазақстан экономикасын қаржыландыру мүмкіндіктерін кеңейтудегі маңызды бағыттардың бірі. Bank of China-пен өзара іс-қимыл инвестициялық және инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру үшін қосымша мүмкіндіктер ашып, Қазақстан мен Қытай арасындағы қаржы-экономикалық байланыстарды нығайтуға ықпал етеді», – деді Рустам Қарагойшин.

Тараптар сондай-ақ тәжірибе алмасу мүмкіндіктерін талқылады. Атап айтқанда, талдамалық зерттеулер, корпоративтік басқару және жобалық қаржыландыру бағыттары бойынша оқыту бағдарламалары мен тағылымдамаларды ұйымдастыру мәселелері қаралды.

«Бәйтерек» холдингі мен Bank of China Limited арасындағы өзара іс-қимыл Қазақстан нарығында қызметін жүзеге асырып отырған банктің еншілес ұйымы – «Қазақстандағы Қытай Банкі» ЕБ АҚ арқылы да жүргізіледі. Юаньмен қаржыландыру саласындағы ынтымақтастық қазақстандық даму институттарының қорландыру көздерін әртараптандыруға және басым жобаларды іске асыру үшін капитал тарту құралдарын кеңейтуге мүмкіндік береді.

Анықтамалық ақпарат:

Bank of China Limited – 1912 жылы құрылған Қытай Халық Республикасындағы ең ірі мемлекеттік коммерциялық банктердің бірі. Банк әлемнің 64 елі мен өңірінде ұсынылған, 543-тен астам шетелдік бөлімшеден тұратын желіге ие және 1 200-ден астам банкпен корреспонденттік қатынастар орнатқан.

«Қазақстандағы Қытай Банкі» ЕБ АҚ – Қазақстан Республикасындағы Bank of China Limited еншілес банкі. Банк еліміздің қаржы нарығында 1993 жылдан бері қызметін жүзеге асырып келеді.

«Бәйтерек» ұлттық инвестициялық холдингі» АҚ – экономиканың басым секторларындағы инвестициялық жобалар мен даму бағдарламаларын іске асыруға қаржылық және институционалдық қолдау көрсететін Қазақстан Республикасының даму институты.

Қосымша жаңалықтар

іс-шаралар
күнтізбесі

?

Іздегеніңізді
таппадыңыз ба?

  • Қазақстан Республикасы Президентінің ресми интернет-ресурсы
  • Қазақстан Республикасы Парламентінің ресми интернет-ресурсы
  • Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің ресми ақпараттық ресурсы
  • Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің ресми интернет-ресурсы
  • Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің ресми интернет-ресурсы
  • Қазақ тілінің қолданылу аясын кеңейтуге бағытталған электронды ресурстар