10.07.2026
- Холдинг туралы
- Тұрақты даму
Кеңес ал!
«Бәйтерек» ұлттық инвестициялық холдингі» АҚ мен Alatau City Authority мемлекеттік қоры ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды. Құжат Холдинг Басқармасының төрағасы Рустам Қарагойшин мен Alatau City Authority бас атқарушы директоры Әлішер Әбдіқадыровтың кездесуі қорытындысы бойынша рәсімделді.
Тараптар өзара іс-қимылдың перспективалы бағыттарын және Алатау қаласында жобаларды іске асыру үшін Холдингтің қаржылық құралдарын пайдалану мүмкіндіктерін талқылады. Кездесу барысында өнеркәсіптік, көлік, инженерлік және тұрғын үй инфрақұрылымын қаржыландыру, шағын, орта және ірі бизнесті қолдау, отандық және шетелдік инвесторларды тарту, сондай-ақ экспорттық әлеуетті дамыту мәселелеріне ерекше назар аударылды.
«Алатау қаласына инвесторлар үшін жаңа мүмкіндіктер ашатын арнайы құқықтық режим берілді. Холдингтің міндеті – бұл мүмкіндіктерді нақты қаржылық құралдармен қамтамасыз ету. Олар инфрақұрылымдық жобаларды қаржыландырудан бастап экспорттаушылар мен кәсіпкерлерді қолдауға дейінгі барлық бағытты қамтиды. Бұл келісім даму институттарының қатысуымен аталған жұмысты жүйелі түрде ұйымдастыруға мүмкіндік береді», – деді Рустам Қарагойшин.
Кездесу барысында Әлішер Әбдіқадыров Алатау қаласын Қазақстанның экономикалық өсімінің жаңа нүктесі ретінде дамыту тұжырымдамасын таныстырып, арнайы құқықтық режимнің инвесторлар, бизнес және инновациялық жобаларды іске асыру үшін ашатын мүмкіндіктері туралы айтты.
Келісім ұйымдар арасында тұрақты жұмыс алаңын құруды, бірлескен жобалар портфелін қалыптастыруды және қаржыландырудың жаңа тетіктерін пысықтауды көздейді. Ынтымақтастық Алатау қаласында жұмыс істейтін бизнес субъектілерінің мемлекеттік қолдау құралдарына қолжетімділігін кеңейтіп, қаланың дамуына жеке инвестицияларды тартуға ықпал етеді деп күтілуде.
Анықтамалық ақпарат
Алатау қаласы Алматы облысында Қазақстандағы алғашқы «жеделдетілген даму қаласы» ретінде құрылуда. 2026 жылғы 8 мамырда Мемлекет басшысы «Алатау қаласының арнайы құқықтық режимі туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына қол қойды. Заң 2026 жылғы 1 шілдеден бастап кезең-кезеңімен қолданысқа енгізілуде. Alatau City Authority мемлекеттік қоры қаланың арнайы құқықтық режим аясындағы жедел дамуына жауап береді.
«Бәйтерек» ұлттық инвестициялық холдингі» АҚ Қазақстанның шикізаттық емес экономикасын дамыту жөніндегі мемлекеттік саясатты іске асыратын негізгі даму институты. Холдинг құрамына бизнесті қаржыландыру, экспортты қолдау, тұрғын үй құрылысын дамыту және инвестициялар тарту құралдарын ұсынатын даму институттары кіреді.