Кеңес ал!

12.03.2026

Бәйтерек» холдингі Малайзиямен инвестициялық ынтымақтастықты кеңейтуде

Бәйтерек» холдингі Малайзиямен инвестициялық ынтымақтастықты кеңейтуде

2026 жылғы 9-11 наурыз аралығында «Бәйтерек» ұлттық инвестициялық холдингі» АҚ Басқарма төрағасы Рустам Қарагойшин Куала-Лумпур қаласына жұмыс сапарымен барып, Малайзияның жетекші қаржы институттары мен өнеркәсіптік компанияларының басшылығымен бірқатар келіссөздер өткізді.

Қазақстандық делегация құрамында «Бәйтерек» холдингі Басқарма төрағасының орынбасары Тимур Онжанов, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ Басқарма төрағасы Фархат Сарсекеев, «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ Басқарма төрағасы Ринат Гаппаров, Холдингтің басқарушы директоры Айдын Ақан, сондай-ақ қазақстандық автомобиль өндіруші Allur компаниясы директорлар кеңесінің төрағасы Андрей Лаврентьев болды.

Сапардың негізгі мақсаты – Малайзияның институционалдық капиталын Қазақстан экономикасына тарту мәселелерін талқылау. Рустам Қарагойшин Малайзия үкіметінің тәуелсіз инвестициялық қоры – Khazanah Nasional басқарушы директоры Дато Амирул Фейсал ван Захирмен келіссөздер жүргізді. Кездесу барысында бірлескен инвестициялар тарту мүмкіндіктері, Khazanah қорының институционалдық инвестор ретінде қазақстандық Adal қорына қатысу ықтималдығы, сондай-ақ стратегиялық маңызды минералдар саласындағы ынтымақтастық мәселелері қарастырылды.

Инвестициялық күн тәртібі аясында сондай-ақ әлемдегі ірі зейнетақы қорларының бірі саналатын Employees Provident Fund (EPF) бас атқарушы директоры Ахмад Зулкарнайн Оннмен кездесу өтті. Кездесу барысында тараптар Қазақстандағы инфрақұрылымдық және өнеркәсіптік жобаларға бірлесіп инвестиция салу мүмкіндіктерін, сондай-ақ Орталық Азияның ұзақ мерзімді институционалдық инвестициялар үшін перспективалы бағыт ретіндегі әлеуетін талқылады.

«Малайзия – Қазақстанның Оңтүстік-Шығыс Азиядағы маңызды серіктестерінің бірі. Бұл сапар елдің жетекші қаржы институттарымен нақты жобаларды талқылауға мүмкіндік берді. Біз инвестиция тарту, автомобиль өнеркәсібін дамыту, коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту және кәсіпкерлікті қолдау бағыттарында ынтымақтастықтың айтарлықтай әлеуетін көріп отырмыз», – деді Рустам Қарагойшин.

Сапар аясында өнеркәсіптік кооперацияны дамыту мәселелері де қарастырылды. Делегация Перак штатындағы Танжунг-Малим қаласында орналасқан ұлттық автокөлік өндіруші Proton компаниясының өндірістік кешенін және жоғары технологиялық Automotive High-Tech Valley автомобиль кластерін аралады. Қазақстандық тарап өндірістік қуаттармен, e.MAS желісіндегі электр көліктерін шығаратын кәсіпорынмен және автокомпоненттер жеткізушілерінің өндірістік тізбегімен танысты.

Proton компаниясының бас атқарушы директоры доктор Ли Чунронгпен өткен келіссөздер барысында Қазақстанда автомобиль өндірісін жергіліктендіру мүмкіндіктері, сондай-ақ елді халқы 180 миллионнан асатын Еуразиялық экономикалық одақ нарығына шығу үшін инвестициялық хаб ретінде пайдалану перспективалары талқыланды. Өндірісті жергіліктендіру жобасын іске асырудың практикалық тетіктері Allur компаниясы директорлар кеңесінің төрағасы Андрей Лаврентьевтің қатысуымен қарастырылды.

Селангор штатында Холдинг делегациясы инвестициялар жөніндегі атқарушы кеңесші Нг Се Ханмен және мемлекеттік MBI Selangor корпорациясының басшылығымен кездесіп, инфрақұрылым саласындағы ынтымақтастық мәселелерін талқылады. Малайзия тарабына шамамен 10 миллион тұрғыны бар өңірдің коммуналдық инфрақұрылымын басқарудағы MBI тәжірибесін ескере отырып, Қазақстанның энергетика және коммуналдық секторларын жаңғырту жөніндегі ұлттық жобасына қатысу мүмкіндігі ұсынылды.

Кәсіпкерлікті қолдау саласындағы ынтымақтастықты дамыту мәселелері SME Bank Malaysia президенті Самад Маджид Зайн Абдул Маджидпен өткен кездесуде талқыланды. Тараптар шағын және орта бизнес экожүйелерін дамыту және халал-қаржыландыру бағытында тәжірибе алмасу мәселелерін қарастырып, SME Bank Malaysia мен «Даму» қоры арасында өзара түсіністік туралы меморандумға қол қоюға уағдаласты.

Сапар бағдарламасының қорытынды іс-шарасы Малайзияның инвестициялар, сауда және өнеркәсіп министрі Джохари бин Абдул Ганимен өткен кездесу болды. Кездесу барысында Рустам Карагойшин Қазақстанның инвестициялық әлеуетін таныстырып, бірлескен жобаларды іске асырудағы «Бәйтерек» холдингінің қаржылық серіктес ретіндегі рөлі туралы айтып өтті.

Анықтама үшін:

Khazanah Nasional Berhad — Малайзия Үкіметінің егеменді инвестициялық қоры, басқаруындағы активтер көлемі шамамен 27 млрд АҚШ долларын құрайды.

Employees Provident Fund — әлемдегі ең ірі зейнетақы қорларының бірі, 16 миллионнан астам қатысушының жинақтарын басқарады.

Proton Holdings Berhad — Малайзияның ұлттық автомобиль өндірушісі. Automotive High-Tech Valley автомобиль кластерін дамытуға салынатын инвестиция көлемі шамамен 7 млрд АҚШ долларына бағаланады.

Қосымша жаңалықтар

іс-шаралар
күнтізбесі

?

Іздегеніңізді
таппадыңыз ба?

  • Қазақстан Республикасы Президентінің ресми интернет-ресурсы
  • Қазақстан Республикасы Парламентінің ресми интернет-ресурсы
  • Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің ресми ақпараттық ресурсы
  • Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің ресми интернет-ресурсы
  • Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің ресми интернет-ресурсы
  • Қазақ тілінің қолданылу аясын кеңейтуге бағытталған электронды ресурстар