24.07.2026
- Холдинг туралы
- Тұрақты даму
Кеңес ал!
23 шілдеде Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінде экономиканы қолдау және қаржы нарығын дамыту мәселелеріне арналған екінші деңгейлі банктер басшыларымен кездесу өтті. Іс-шараға Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин, Ұлттық Банк Төрағасы Тимур Сүлейменов, Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің Төрағасы Мадина Абылкасымова, Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығы кеңесінің төрағасы Елена Бахмутова және «Бәйтерек» холдингі Басқарма төрағасының орынбасары Жандос Шайхы қатысты.
Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығы ҚР капитал нарығын дамытуды ынталандыру, оған «Бәйтерек» холдингін тарту, корпоративтік банкроттық пен кәсіпорындарды қаржылық сауықтыру рәсімдерін жетілдіру, сондай-ақ салықтық әкімшілендіру бойынша мәселелерді қарауға ұсынды.
«Бәйтерек» холдингі «Даму» қорының құралдары арқылы шағын және орта бизнесті бірлесіп қаржыландыру, сондай-ақ синдикатталған кредиттеу және инвестициялық жобаларды бірлесіп қаржыландыру тетіктерін кеңейту арқылы ірі жобаларды қаржыландыру жөніндегі ұсыныстарын ұсынды. Сонымен қатар экономиканың нақты секторын қаржыландыру мақсатында реттеушілермен, Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығымен және екінші деңгейлі банктермен өзара іс-қимылды кеңейтуге қатысты ұсыныстар айтылды.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар Жобалық офис жұмысының тиімділігін арттыруға және бизнесті кредиттеу функцияларын нақты бөлуге келісті. «Бәйтерек» холдингі құны 15 млрд теңгеден асатын ірі және стратегиялық жобаларды, сондай-ақ машина жасау, құрылыс материалдарын өндіру және агроөнеркәсіптік кешен салаларындағы инвестициялық жобаларды қаржыландыруға басымдық береді.
«Бәйтерек» холдингі Басқарма төрағасының орынбасары Жандос Шайхы холдингтің негізгі міндеті экономиканың басым салаларын қаржыландырумен ғана шектелмейтінін атап өтті. Оның айтуынша, холдинг инфляциялық қысымды төмендетуге, импортқа тәуелділікті азайтуға және елдің технологиялық тәуелсіздігін нығайтуға да үлес қосады. Сондай-ақ ол экономиканы қаржыландырудың нысаналы моделі мемлекеттік және нарықтық ресурстарды тиімді үйлестіруге негізделетінін, ал олардың арақатынасы алдағы уақытта екінші деңгейлі банктердің үлесін ұлғайту бағытына қарай қайта қаралуы мүмкін екенін айтты.
«Экономиканың басым салаларын қаржыландыру арқылы біз инфляцияны тежеу міндетін де қатар шешеміз. Бизнес өз өндірісін неғұрлым жылдам ұлғайтып, импортқа тәуелділігін азайтқан сайын, ішкі нарықтағы бағаға түсетін қысым да соғұрлым төмендейді. Осыған байланысты біз жыл сайын экономиканы әртараптандыруға, экспортқа бағдарланған өндірістерді дамытуға және шикізатты терең өңдеуге бағытталған кемінде 15 ұлттық маңызы бар жобаны іске асыруды жоспарлап отырмыз», - деді ол.
Тараптар сондай-ақ бағалы қағаздар нарығын дамыту бағдарламасын әзірлеуді, облигациялар шығару және секьюритилендіру тетіктерін жетілдіруді, сондай-ақ заңды тұлғалар қызметінің ашықтығын қамтамасыз етуді қамтитын отандық капитал нарығын дамыту мәселелерін талқылады.
Кездесуге қатысушылар экономиканың нақты секторын қаржыландыру және іскерлік белсенділікті ынталандыру мақсатында Ұлттық Банктің, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің, Үкіметтің және екінші деңгейлі банктердің бірлескен жұмысын күшейтудің маңыздылығын атап өтті.