21.02.2025
- Холдинг туралы
Кеңес ал!
«Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі энергетика және коммуналдық секторды жаңғырту жөніндегі Ұлттық жобаны іске асыру және оның қаржыландыру тетіктеріне арналған семинар өткізді. Іс-шараға ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің, ҚР Ұлттық экономика министрлігіне қарасты табиғи монополияларды реттеу комитетінің, «ТКШ Қазорталық» АҚ -ның, сондай-ақ холдингтің еншілес ұйымдары – «Қазақстанның Даму Банкі» АҚ және «Қазақстан Тұрғын үй Компаниясы» АҚ өкілдері мен табиғи монополиялар субъектілері қатысты.
Үкіметтің 2024 жылғы 25 желтоқсандағы №1102 қаулысымен бекітілген Ұлттық жоба еліміздегі инфрақұрылымның ең өзекті мәселелерінің бірі – коммуналдық желілердің тозу проблемасын шешуге бағытталған. Қазіргі таңда жылу жүйелерінің орташа тозу деңгейі 53%-дан асады, кейбір объектілерде бұл көрсеткіш 70-90%-ға жетеді. Жоба аясында 1622 шақырым желіні жаңарту, интеллектуалды басқару технологияларын енгізу және жеке инвестиция тарту жоспарланған.
«Біз энергетика және коммуналдық секторларды жаңғыртудың ауқымды бағдарламасын іске қосып отырмыз. Бұл бастама жаңа жұмыс орындарын құруға және халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға мүмкіндік береді. «Бәйтерек» холдингі жоба аясында негізгі қаржы операторы рөлін атқарады. Біз тікелей қаржыландыру, облигациялық қарыздар және пайыздық мөлшерлемені субсидиялау механизмдерін ұсынамыз. Мемлекет, бизнес және қоғамның бірлескен күш-жігерімен біз сенімді, технологиялық дамыған және жайлы өмір сүру жүйесін құрамыз», – деп атап өтті «Бәйтерек» холдингінің басқарма төрағасының орынбасары Жандос Шайхы.
Коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту тек техникалық жаңартуды ғана емес, қаржыландырудың жаңа тәсілдерін де талап етеді. Семинар барысында табиғи монополиялар субъектілерінің қарыз қаражатын тарту мәселелері бойынша оқыту қажеттілігі ерекше аталып өтті.
«Коммуналдық инфрақұрылымның тозуын азайту және табиғи монополиялар субъектілерінің қаржылық сауаттылығын арттыру – Ұлттық жобаның негізгі басымдықтарының бірі. Елімізде алғаш рет табиғи монополиялар субъектілеріне қайтарымды қаражат, оның ішінде облигациялық қарыздар мен жеңілдікті несиелер пайдалану мүмкіндігі беріліп отыр. Республикадағы 400-ден астам табиғи монополия субъектісінің 214-і жобаға қатысу талаптарына сәйкес келеді, оның ішінде 66-сы құжаттарын тапсырып, кеңес алуға өтініш берді. Біз бұл процесті сүйемелдей отырып, қатысушыларға қаржыландыру механизмдерін түсінуге және тиімді жұмыс модельдерін енгізуге көмектесеміз», – деді «Бәйтерек» холдингінің басқарушы директоры Әлия Мырзағалиева.
Ұлттық жобаны қаржылық қолдау «Бәйтерек» холдингінің еншілес ұйымдары арқылы жүзеге асырылады. «Қазақстанның Даму Банкі» табиғи монополиялар субъектілеріне тікелей қаржыландыру ұсынып, коммуналдық инфрақұрылымды жаңғыртуға ұзақ мерзімді несиелер береді. Ал «Қазақстан Тұрғын үй Компаниясы» жергілікті атқарушы органдардың мемлекеттік бағалы қағаздарын сатып алу арқылы қаржыландыруды жүзеге асырады, бұл өз кезегінде инвестиция тарту мүмкіндігін кеңейтеді.
Семинар барысында қаржыландыру, тарифті реттеу және жобалардың техникалық сараптамасы мәселелері қаралды. Қатысушылар табиғи монополиялар субъектілерін қолдау және қаржыландыру механизмдері бойынша сұрақтарын қойып, тиісті жауаптар алды. Бұл семинар Ұлттық жобаны жүзеге асырудың егжей-тегжейін пысықтап, жаңа қаржылық қолдау құралдарын енгізуге бағытталған іс-шаралар сериясының алғашқысы.
Табиғи монополия субъектілеріне арналған байланыс ақпараты
Құрметті табиғи монополиялар саласындағы ұйымдардың өкілдері! Егер сізде іске асыру тетіктері, бизнес-жоспарға қойылатын талаптар, құжаттар тізімі немесе басқа да сұрақтар бойынша қосымша ақпарат қажет болса, төмендегі байланыс телефондарына хабарласуларыңызды сұраймыз:
1. Жеке меншік табиғи монополия субъектілері үшін:
«Қазақстанның Даму Банкі» АҚ
2. Мемлекеттік табиғи монополия субъектілері үшін:
«Қазақстан Тұрғын үй Компаниясы» АҚ
3. «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ байланыс ақпараты: