17.02.2026
- Холдинг туралы
- Тұрақты даму
Кеңес ал!
Бүгін Қазақстан Республикасы Үкіметінің отырысында экономиканы одан әрі әртараптандыру мәселесі қаралды. Отырысқа Премьер-Министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин, Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев, Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров, Энергетика вице-министрі Қайырхан Тұтқышбаев, сондай-ақ «Бәйтерек» ұлттық инвестициялық холдингі» АҚ Басқарма төрағасы Рустам Қарагойшин қатысты.
«Бәйтерек» ҰИХ басшысы 2025 жылғы қызмет қорытындылары мен 2026 жылға арналған жоспарлар туралы баяндап, экономиканы әртараптандыру міндеттерімен бөлісті.
2025 жылдың қорытындысы бойынша Холдингтің барлық бағыттар бойынша қаржыландыру көлемі 10,4 трлн теңгені құрады. Соның нәтижесінде 77 ірі инвестициялық жоба қаржыландырылып, 27,4 мың шағын және орта бизнес жобасына қолдау көрсетілді. 77,5 мың отбасы баспанамен қамтамасыз етілді, 11,4 мың бірлік ауыл шаруашылығы техникасы лизингке берілді, сондай-ақ 131 қазақстандық экспорттаушыға қолдау жасалды.
2026 жылы Холдингті 1 трлн теңгеге капиталдандыру көзделіп отыр. Соның негізінде нақты секторды қаржыландыру көлемін 8 трлн теңгеге дейін жеткізу жоспарланған.
Рустам Қарагойшин осы жылдың 30 қаңтарында Холдингтің ұлттық инвестициялық холдинг мәртебесіне көшуі аясында Инвестициялық қызмет құрылғанын хабарлады. Оның құрамына басқарушы директорлардың жетекшілігімен төрт салалық инвестициялық дирекция енгізілді. Олардың негізгі көрсеткіштері – экономикаға тартылған инвестициялар көлемі және 15–20 стратегиялық жобаны іске асыру.
Инвестициялық қызмет агроөнеркәсіптік кешен, тамақ өнеркәсібі, құрылыс саласы және құрылыс материалдарын өндіру, тау-кен металлургия кешені, машина жасау, энергетика, химия өнеркәсібі, инфрақұрылым, логистика, көлік, туризм және өзге де басым бағыттарды қамтиды.
«Бәйтерек» тобына кіретін қаржы институттарының әрқайсысы нақты салаларға бағытталады. Өнеркәсіпті дамыту қоры құны 7 млрд теңгеден асатын импортты алмастыру жобаларына басымдық беріп, машина жасау саласын дамыту институты ретінде қайта құрылады. «Даму» қоры екінші деңгейлі банктердің өтімділігін тарту арқылы шағын және орта бизнесті жанама қолдауды қамтамасыз етеді. Аграрлық несие корпорациясы мен «ҚазАгроҚаржы» агроөнеркәсіптік кешен жобаларына, соның ішінде терең өңдеу мен тамақ өнеркәсібіне 1 трлн теңге бағыттайды. Қазақстанның Даму банкі шикізаттық емес экспортты дамытуға 2 трлн теңге бөледі. Қазақстанның Экспорттық-кредиттік агенттігі экспорттаушыларды 600 млрд теңге көлемінде қолдайды. Qazaqstan Investment Corporation жобаларды үлестік қаржыландыру арқылы сүйемелдейді.
Ұлттық Банкпен және өзге де мемлекеттік органдармен бірлесіп, құны 7 млрд теңгеге дейінгі жобаларды кезең-кезеңімен екінші деңгейлі банктерге беру туралы уағдаластыққа қол жеткізілді.
Қазіргі уақытта 2026 жылға арналған 449 пысықталған инвестициялық жоба қалыптастырылды. Олардың жалпы қаржыландыру көлемі 3,4 трлн теңгені құрайды. Салалық министрліктер мен өңірлік әкімдіктермен бірлесіп жобаларды құрылымдау жұмыстары жүргізілді. Жалпы 1 500 жоба олардың құны, экспорттық әлеуеті және өңдеу үлесінің болуы тұрғысынан талданды.
Үкімет отырысының қорытындысы бойынша өткен брифингте Рустам Қарагойшин Холдингтің негізгі міндеті – жобаларды сапалы іріктеу, қаржыландыруды кәсіби құрылымдау және басым салаларға инвесторлар тарту арқылы тұрақты инвестициялық экожүйе қалыптастыру екенін атап өтті.
«Біз жекелеген жобаларды қаржыландырудан жүйелі инвестициялық ағын қалыптастыруға көшудеміз. Негізгі мақсат – кәсіпорындардың негізгі капиталына қаражат тарту, өндірістерді жаңғырту және қуаттарды толық жүктеу әлеуеті бар жобаларды іске асыру», – деді ол.
«Бәйтерек» холдингі ұлттық инвестициялық холдинг мәртебесінде жұмысын жалғастырып, экономиканың орнықты өсуіне және басым салалардың дамуына үлес қоса береді.