12.06.2026
- Холдинг туралы
- Тұрақты даму
Кеңес ал!
10 маусым күні Астанада «Бәйтерек» ұлттық инвестициялық холдингі» АҚ басшылығы Халықаралық валюта қорының (ХВҚ) Орталық Азия елдері жөніндегі басқармасының басшысы, Таяу Шығыс және Орталық Азия департаментінің өкілі Амина Лареш жетекшілік ететін ХВҚ миссиясымен кездесті. Кездесу ХВҚ миссиясының 2026 жылғы 3–12 маусым аралығындағы Қазақстанға кезекті сапары аясында өтті. Тараптар инфрақұрылымдық инвестициялар, Холдингтің жаңартылған даму стратегиясы және қаржыландыру көздерін әртараптандыру мәселелерін талқылады.
Кездесуге «Бәйтерек» холдингінің Басқарма төрағасының орынбасарлары Үсен Ғалым мен Ерсайын Хамитов, «Қазақстанның Даму Банкі» АҚ Басқарма төрағасы Марат Елібаев және Холдингтің құрылымдық бөлімшелерінің басшылары қатысты.
Үсен Ғалым ХВҚ миссиясына Холдингтің 2024–2033 жылдарға арналған өзектендірілген даму жоспарын таныстырды. Оның айтуынша, 2025 жылғы қарашада Холдингке ұлттық инвестициялық холдинг мәртебесі берілді. Бүгінде «Бәйтерек» мемлекеттік бағдарламалардың операторы рөлінен экономиканың жаңа өсу нүктелерін қалыптастыратын белсенді инвестициялық институтқа айналып келеді. Жаңартылған стратегияның негізгі басымдықтары ретінде активтерді тиімді басқару, кәсіпкерлікті дамытуға қолайлы жағдай жасау және халықтың өмір сүру сапасын арттыру айқындалған.
Кездесу барысында қаржыландыру тетіктеріне ерекше назар аударылды. Холдинг өкілдері нарықтық қаржыландыру үлесін кезең-кезеңімен ұлғайту жоспарлары туралы мәлімдеді. Атап айтқанда, мемлекеттік емес қарыз қаражатының үлесін 2029 жылға қарай 59%-ға, ал 2033 жылға қарай 70%-ға дейін жеткізу көзделген. Сонымен қатар, 2029 жылдан бастап бюджеттік қаржыландыруды бөлінбеген пайданы қайта инвестициялау есебінен алмастыру жоспарланып отыр.
Холдинг қызметінің едәуір бөлігі несиелеу, лизинг және нарықтық қаржы құралдары арқылы қайтарымды негізде жүзеге асырылады. Бұл тәсіл екінші деңгейлі банктердің өтімділігі мен жеке капиталды тартуға мүмкіндік беріп, мемлекеттік бюджетке түсетін жүктемені азайтады. Кәсіпкерлікті қолдауға бағытталған әрбір теңгеге нарықтан қосымша екі теңге көлемінде қаржы тарту жоспарланған.
Инфрақұрылымдық инвестициялар мәселесі бойынша тараптар іске асырылып жатқан және жоспарланған жобаларды, оларды орта мерзімді кезеңде қаржыландыру көздерін, сондай-ақ ірі индустриялық және инфрақұрылымдық жобаларды қаржыландырудағы Қазақстанның Даму Банкінің рөлін талқылады.
Холдинг квазимемлекеттік сектор қызметінің ашықтығын арттыру, тәуекелдерді басқару жүйесін жетілдіру және бюджеттік әрі инвестициялық саясаттың өзара үйлесімділігін күшейту бағытындағы жұмыстарды қолдайтынын растады. Холдинг жүзеге асыратын барлық жобалар көпсатылы сараптамадан және тәуекелдерді бағалау рәсімінен өтеді. Сонымен қатар еншілес ұйымдардың қаржылық тұрақтылығын бақылау және корпоративтік басқару жүйелері тұрақты түрде жетілдіріліп келеді.
Анықтама үшін:
«Бәйтерек» ұлттық инвестициялық холдингі» АҚ тоғыз даму институтын біріктіреді және Қазақстанның экономикалық әрі инвестициялық саясатын іске асыратын негізгі қаржы институты.