16.09.2026
- Холдинг туралы
- Тұрақты даму
Кеңес ал!
«Бәйтерек» холдингінде Kellogg-HKUST Executive MBA бағдарламасына қатысушылар делегациясымен кездесу өтті. Оған Азиядағы қаржы, инвестиция, өнеркәсіп, технология және экономиканың басқа да секторларына өкілдік ететін 50-ге жуық бизнес иесі, компания басшысы, директорлар кеңесінің мүшесі және топ-менеджер қатысты. Кездесу барысында қатысушылар тәжірибе алмасып, бизнесті дамытудың өзекті үрдістері жөнінде пікір бөлісті. Сондай-ақ іскерлік және инвестициялық ынтымақтастықты кеңейту мүмкіндіктерін, Қазақстан мен Гонконгтың халықаралық бизнес-қоғамдастығы арасындағы өзара іс-қимылдың перспективалы бағыттарын талқылады.
Кездесуде «Бәйтерек» холдингі Басқарма төрағасының орынбасары Тимур Онжанов қатысушыларға құттықтау сөзін арнады. Ол Холдингтің экономиканың нақты секторын дамытудағы рөліне тоқталып, халықаралық капитал үшін қызығушылық тудыратын бағыттарды белгіледі. Сонымен қатар Қазақстан мен Гонконг арасындағы іскерлік және инвестициялық байланыстарды дамытудың маңызын атап өтіп, Гонконгтың халықаралық бизнес-қоғамдастығымен ынтымақтастықтың әлеуеті жоғары екенін жеткізді.
«Бәйтерек» холдингі Қазақстанның негізгі даму институты әрі экономиканың нақты секторын қолдау жөніндегі Үкіметтің қаржы агенті болып табылады. Холдингтің компаниялар тобы еншілес ұйымдар арқылы жобалық және экспорттық қаржыландыруды, кепілдіктер мен үлестік қатысу құралдарын ұсынады, шағын және орта бизнесті қолдайды, сондай-ақ аграрлық және тұрғын үй салаларын қаржыландырады.
Холдингтің барлық еншілес ұйымдарының өкілдері: Қазақстанның Даму Банкі, Qazaqstan Investment Corporation, Қазақстанның экспорттық-кредиттік агенттігі, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры, Аграрлық несие корпорациясы, Қазақстан тұрғын үй компаниясы және Отбасы банк қолжетімді қаржыландыру құралдары мен шетелдік әріптестердің Қазақстан аумағындағы жобаларға қатысу мүмкіндіктері туралы айтып берді.
Делегация құрамына MUFG Bank, BNP Paribas, HSBC, Standard Chartered Bank, Schneider Electric, P&G, Binance Holdings, Siguler Guff және басқа да халықаралық компаниялар мен қаржы ұйымдарының басшылары мен өкілдері кірді. Кездесу Назарбаев Университетінің Жоғары бизнес мектебі мен HKUST Business School өкілдерінің қатысуымен өтті.
Анықтама үшін:
Kellogg-HKUST Executive MBA - Солтүстік-Батыс университетінің Kellogg менеджмент мектебі мен Гонконг ғылым және технология университетінің түрлі елдердің кәсіпкерлері мен компания басшыларын біріктіретін бірлескен бағдарламасы.