30.05.2025
- Холдинг туралы
Кеңес ал!
28 мамырда Астана қаласында «КАЗЛИЗИНГ-2025: Өнеркәсіп пен кәсіпкерлікті қаржыландыру көзі ретінде Қазақстанда лизингті дамытудың перспективалары» атты алғашқы қазақстандық конференция өтті. Іс-шараға мемлекеттік органдардың, даму институттарының, банк секторының, лизингтік компаниялар мен отандық бизнес өкілдері қатысты.
Конференцияның негізгі спикерлерінің бірі – «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ Басқарма Төрағасының бірінші орынбасары Нұрболат Айдапкелов болды. Ол өз баяндамасында экономиканы жаңғырту мен шағын және орта бизнесті қолдауда лизингтің стратегиялық құрал ретінде маңыздылығына тоқталды.
«Лизинг – өндірістік жабдықтарды жаңартудың тиімді құралы екенін дәлелдеген тетік. Біздің міндетіміз – капиталдың қолжетімділігін қамтамасыз етіп, лизингті қайта жарақтандыру мен жаңғырту үшін тірекке айналдыру. Бұл бағытта холдинг құрылымына кіретін даму институттары – Өнеркәсіпті дамыту қоры мен ҚазАгроҚаржы айрықша рөл атқарады», – деді Нұрболат Айдапкелов.
2024 жылы «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ 778 млрд теңгеге 318 лизингтік мәмілені қаржыландырды. Қордың қолдауымен еліміздің өңірлеріне 5 200-ден астам техника сатып алынды. Оның ішінде жолаушылар және жүк вагондары, автобустар, арнайы техника, сондай-ақ ҚР ТЖМ қажеттілігі үшін шағын авиация ұшақтары бар. Қор экономиканың мультипликативтік әсері бар жобаларын – жаңа өндірістерді іске қосу, жұмыс орындарын ашу, салық түсімдерін арттыру, импортқа тәуелділікті азайту және экспорттық әлеуетті күшейту арқылы – жүйелі түрде іске асыруды жалғастыруда.
Конференция аясында Қазақстанның Лизингтік қауымдастығын құру туралы Меморандумға қол қойылды. Оның құрамына Өнеркәсіпті дамыту қорын қоса алғанда, лизинг саласының жетекші ұйымдары енді. Бұл жаңа бірлестік нарық қатысушылары арасындағы өзара іс-қимылды нығайтуға және лизингті өнеркәсіптік өсудің қозғаушы күшіне айналдыруға ықпал етеді.
«Бәйтерек» холдингі ел экономикасының тұрақты өсуін қамтамасыз ету мақсатында лизингті дамытуды өзінің басым бағыттарының бірі ретінде жүйелі жалғастыратын болады.