19.12.2024
- Холдинг туралы
Қазақстан Республикасының Германиядағы Елшілігінің қолдауымен холдинг делегациясы жобаларды қоса қаржыландыру жөніндегі жұмыс тобының отырысына қатысып, Euler Hermes, KfW, Deutsche Bank, Helaba және Германия Агробизнес Альянсы сияқты жетекші неміс қаржы институттарымен бірқатар кездесулер өткізді. Кездесулер барысында агроөнеркәсіптік кешен (АӨК) және сауда қаржыландыру салаларындағы екіжақты ынтымақтастықтың перспективалары талқыланды.
Холдинг Қазақстанның Euler Hermes-пен өзара іс-қимыл жөніндегі ресми операторы ретінде Германиямен ынтымақтастықты дамытуға ерекше назар аударады. Холдингтің Басқарма төрағасы Рустам Карагойшин Қазақстан-Германия Іскерлік Кеңесі тең төрағасының орынбасары қызметін атқарады және жобаларды қоса қаржыландыру және тәуекелдерді хеджирлеу жөніндегі жұмыс тобының тең төрағасы болып табылады.
«Euler Hermes және жетекші неміс қаржы институттарымен ынтымақтастық ірі инвестициялық жобаларды жүзеге асыру үшін стратегиялық маңызға ие. Қазақстан неміс өндірушілері үшін ұзақ мерзімді келісімшарттарды қамтамасыз ете отырып, неміс технологиялары мен қаржыландыруды белсенді тартады. Бұл ынтымақтастық жаңа перспективалар ашады және екі жақтың да халықаралық нарықтағы позициясын нығайтады», - деп атап өтті Рустам Карагойшин.
Несиелік тәуекелдерді сақтандыру саласындағы халықаралық көшбасшы Euler Hermes холдингпен сақтандыру және несиеге кепілдік беру мәселелері бойынша белсенді ынтымақтасады, бұл инвестициялық жобаларды іске асыру кезінде тәуекелдерді азайтуға және қаржыландыру үшін неғұрлым тұрақты жағдайларды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Неміс инвесторларының Қазақстанның шикізаттық емес секторына деген қызығушылығының артқанын айта отырып, «Бәйтерек» холдингі шикізаттық емес қаржыландыру бағыттарын белсенді қолдайды және дамытады.
Іскерлік сапар аясында «Бәйтерек» холдингінің басшылығы мен еншілес компаниялардың өкілдері: «ҚазАгроҚаржы» АҚ Басқарма төрағасы Айдар Прашев, «Қазақстанның экспорттық-кредиттік агенттігі» АҚ Басқарма төрағасы Ален Чайжунусов және «Қазақстанның Даму Банкі» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Ботагөз Әбішева жетекші неміс қаржы компанияларымен келіссөздер жүргізді.
Холдингтің еншілес компаниясы «KazakhExport» 2024 жылы Орталық Азиядағы алғашқы экспорттық-кредиттік агенттік бола отырып, толыққанды экспорттық-кредиттік агенттік мәртебесін алды және vis-à-vis Euler Hermes болып табылады. Бүгінгі таңда «KazakhExport» тәуекелдерінің көлемі Moody's Baa2 қаржылық тұрақтылық рейтингімен және «позитивті» болжамымен 1 млрд еуродан астам сомаға мемлекеттік кепілдікпен нығайтылған 950 млн еуроны құрайды.
Басқарма төрағасының орынбасары Тимур Онжанов агроөнеркәсіптік сектордың неміс инвесторлары үшін басым бағыт ретіндегі маңыздылығын атап өтті. «Бәйтерек» холдингі аграрлық секторға озық технологияларды енгізудің маңыздылығын түсіне отырып, АӨК саласындағы ынтымақтастық бойынша көптеген идеялар мен ұсыныстарға ие.
«Біз өңірдегі ауыл шаруашылығының одан әрі өсуі мен өркендеуіне ықпал ететін инновациялық шешімдер мен бағдарламаларды ұсына отырып, отандық фермерлерді қолдауға және Қазақстанның аграрлық секторын дамытуға ұмтыламыз», — деп атап өтті Тимур Онжанов.
Холдингтің компаниялар тобына кіретін «ҚазАгроҚаржы» АҚ 2004 жылдан бастап неміс ауыл шаруашылығы техникасы мен жабдықтарын жеткізушілермен және өндірушілермен белсенді ынтымақтаса отырып, ауыл шаруашылығы техникасы мен жабдықтарын сатып алу үшін отандық фермерлерге лизингтік қызметтер көрсетеді. Бүгінгі таңда «ҚазАгроҚаржы» Германиядан 3 838 ауыл шаруашылығы техникасын қоса алғанда, 316,4 млн еуро сомасына 4 062 бірлік лизингке техника сатып алды.
Естеріңізге сала кетейік, Германия Қазақстанның Еуропалық Одақтағы ең ірі сауда серіктесі болып табылады, ал Қазақстан Германияның 45-ші орынға ие болған үздік 50 сыртқы сауда серіктестерінің қатарына кіреді.
ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Роман Скляр бастаған қазақстандық делегация 27-29 тамыз аралығында Берлинде жұмыс сапарымен жүр, онда Қазақстан-Германия Іскерлік кеңесінің 15-ші отырысы болып өтті.