Сұрақ-жауап
1408 Call-орталығы

29.09.2026

«Бәйтерек» холдингі Германиямен серіктестікті 870 млн долларға жуық келісімдермен нығайтуда

Кеңес ал!

29.09.2026

«Бәйтерек» холдингі Германиямен серіктестікті 870 млн долларға жуық келісімдермен нығайтуда

«Бәйтерек» холдингі Германиямен серіктестікті 870 млн долларға жуық келісімдермен нығайтуда

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Германияға ресми сапары аясында «Бәйтерек» ұлттық инвестициялық холдингі» АҚ Басқарма төрағасы Рустам Қарағойшин Берлиндегі іскерлік бағдарламасын жалғастырды: Мемлекет басшысының Германияның іскерлік қауымдастықтары, қаржы институттары мен банктерінің басшыларымен кездесуіне, сондай-ақ Қазақстан-Германия бизнес-форумына қатысты, Qazaq Kalium жобасы бойынша келісімге қол қойды және KfW тобының, Deutsche Bank пен Euler Hermes өкілдерімен келіссөздер жүргізді.

Іскерлік іс-шараларға Холдинг Басқарма төрағасының орынбасары Тимур Онжанов, Қазақстанның Даму Банкі Басқарма төрағасы Марат Елібаев және басқа да өкілдер қатысты.

Мемлекет басшысының қатысуымен өткен кездесуге Германияның жетекші экономикалық бірлестіктері мен банктерінің басшылары жиналды. Қатысушылар қатарында Германияның сауда-өнеркәсіп палатасының, Германия өнеркәсібінің федералдық одағының, KfW тобының, Deutsche Bank, Commerzbank және AKA банктерінің өкілдері болды. Кездесудің күн тәртібі екі елдің сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастығын дамытуға арналды.

Қасым-Жомарт Тоқаев германдық және еуропалық капиталды қазақстандық қоса қаржыландырумен, кепілдіктермен және тәуекелдерді бөлу тетіктерімен ұштастыруға мүмкіндік беретін Қазақстан-Германия инвестициялық-қаржылық платформасын құруды ұсынды. Осы платформа аясындағы жобаларды құрылымдауды «Бәйтерек» холдингі қамтамасыз етеді. Президент Германияның экспорттық кредиттеу және инвестицияларды сақтандыру институттарының қатысуы маңызды екенін атап өтіп, Euler Hermes компаниясымен ынтымақтастықтың мәніне ерекше тоқталды.

Іс-шара аясында Басқарма төрағасы Германия экономикасының Шығыс комитетінің басқарушы директоры әрі Стратегиялық ынтымақтастық жөніндегі Қазақстан-Германия іскерлік кеңесінің тең төрағасы Михаэль Хармспен жұмыс кездесуін өткізді. Тараптар германдық бизнеспен өзара іс-қимылды одан әрі үйлестіруді және бірлескен жобаларды ілгерілетуді талқылады.

Рустам Қарағойшин Мемлекет басшысының қатысуымен Батыс Қазақстан облысындағы Сатимола калий тұздары кен орны базасында шахта кешенін жобалау, жабдық жеткізу және салу жөніндегі келісімшартты қаржыландыруды бастау туралы келісімге қол қойды. Келісімшарт құны 418,2 млн еуроны құрайды. Құжат Қазақстанның Даму Банкі, Qazaq Kalium және Thyssen Schachtbau мен «Шахтбау Қазақстан» консорциумы арасында жасалды.



Qazaq Kalium жылына 1,5 млн тонна калий тыңайтқышын өндіретін кешен құру жобасын іске асыруда. Германияның Thyssen Schachtbau компаниясы шахталар мен жерасты құрылыстарын салуға маманданған. Жобаны іске асыру Қазақстанда минералдық шикізатты өңдеу мен тыңайтқыш өндірісін дамытуға мүмкіндік береді.

Ұзақ мерзімді қаржыландыру тарту мәселелері KfW IPEX-Bank, KfW Development Bank және Дүниежүзілік банк тобының Инвестицияларға кепілдік беру жөніндегі көпжақты агенттігінің (MIGA) өкілдерімен кездесуде қаралды. KfW тобы Германияның мемлекеттік қаржылық даму институты болып табылады, ал KfW IPEX-Bank халықаралық жобалық және экспорттық қаржыландыруға маманданған.

Келіссөздер барысында металлургия, жаңартылатын энергетика және инфрақұрылым салаларындағы жобалар, сондай-ақ «Даму» қоры арқылы шағын және орта бизнесті қолдау мүмкіндіктері талқыланды.

Қазақстанның Даму Банкі мен KfW жаңартылатын энергетика жобаларын қаржыландыру үшін MIGA кепілдігімен 200 млн АҚШ долларына дейінгі сомаға кредиттік келісімге қол қойды. Кредиттік желі аясында Жамбыл облысында энергия жинақтау жүйесі бар қуаты 1 ГВт жел электр станциясының құрылысын қаржыландыру көзделген.

Іскерлік бағдарлама барысында Қазақстанның Даму Банкі мен глинозем өндіруші «Қазақстан алюминийі» АҚ арасында 88 млн АҚШ долларына қаржыландырудың негізгі параметрлерін айқындайтын құжатқа қол қойылды. Құжат Павлодар алюминий зауытын жаңғыртуға және галлий өндірісін құруға қатысты. Қаржыландырудың түпкілікті шарттарын Банктің уәкілетті органдары бекітуге тиіс.

Қазақстанның Даму Банкі мен Германияның Helaba банкі арасындағы 52,5 млн еуроға дейінгі соманы қамтитын негіздемелік келісім «Тараз химиялық паркі» арнайы экономикалық аймағында натрий цианидін өндіретін зауыт құрылысын қаржыландыруды көздейді. Өнеркәсіпті дамыту қоры мен Германияның экспорттық және саудалық қаржыландыру банкі AKA жобаларды лизингтік қаржыландыру үшін 30 млн еуроға қарыз шартын жасасты.

Германияның ең ірі банктерінің бірі Deutsche Bank өкілдерімен кездесуде Рустам Қарағойшин Холдингтің еншілес ұйымдары үшін кредиттік және саудалық қаржыландыруды кеңейтуді талқылады. Халықаралық қаржы институттарының кепілдіктерін пайдалана отырып, қазақстандық жобаларға жаңа қаражат тарту мүмкіндіктері қаралды.

Германия Федеративтік Республикасының мемлекеттік экспорттық кредиттік кепілдіктер операторы Euler Hermes компаниясымен келіссөздер германдық жабдық жеткізілімдерін сақтандыру арқылы қолдауға және қаржыландыру шарттарын жақсартуға арналды. Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының жіктемесіндегі Қазақстанның елдік тәуекелін бағалау мәселелеріне ерекше назар аударылды. Осы санаттың жақсаруы сақтандыру өтемінің құнын төмендетуге және қазақстандық кәсіпорындар үшін экспорттық қаржыландырудың қолжетімділігін арттыруға ықпал етуі мүмкін.



Германияның қаржы институттарымен келіссөздер барысында Холдингтің Baiterek Business University (BBU) корпоративтік университетімен білім беру саласындағы ынтымақтастық мүмкіндіктері де талқыланды. Бірлескен академия құру, Know-How Exchange форматында білім және практикалық тәжірибе алмасу, сондай-ақ бірлескен семинарлар мен оқу курстарын тұрақты негізде өткізу мәселелері қаралды.

Қол жеткізілген нәтижелер мен германдық серіктестермен алдағы жұмыс Қазақстанда өнеркәсіп өндірісін дамытуға, кәсіпорындарды жаңғыртуға және энергетикалық қуаттарды кеңейтуге бағытталған.

Қосымша жаңалықтар

іс-шаралар
күнтізбесі

?

Іздегеніңізді
таппадыңыз ба?

  • Қазақстан Республикасы Президентінің ресми интернет-ресурсы
  • Қазақстан Республикасы Парламентінің ресми интернет-ресурсы
  • Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің ресми ақпараттық ресурсы
  • Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің ресми интернет-ресурсы
  • Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің ресми интернет-ресурсы
  • Қазақ тілінің қолданылу аясын кеңейтуге бағытталған электронды ресурстар