Кеңес ал!

28.08.2026

«Бәйтерек» холдингі Германиямен инвестициялық ынтымақтастықты нығайтуда

«Бәйтерек» холдингі Германиямен инвестициялық ынтымақтастықты нығайтуда

2026 жылғы 26-28 тамыз аралығында қазақстандық делегацияның Германия Федеративтік Республикасына жұмыс сапары өтті. Бағдарламаның басты іс-шарасы Берлинде өткен Стратегиялық ынтымақтастық жөніндегі Қазақстан-Германия іскерлік кеңесінің 17-отырысы болды.

Делегация құрамына Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Қуантыров, Қазақстан Республикасының өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Олжас Сапарбеков, сондай-ақ мемлекеттік органдар мен ұлттық компаниялардың өкілдері кірді. Германия тарапынан энергетика, өнеркәсіп, металлургия, машина жасау, көлік және логистика салаларындағы іскерлік бірлестіктердің, қаржы институттары мен компаниялардың өкілдері қатысты.

Іскерлік кеңес отырысында сөз сөйлеген Басқарма төрағасының орынбасары Тимур Онжанов «Бәйтерек» холдингінің ұлттық инвестициялық холдингке трансформациялануы және инвестициялық жобаларды кешенді сүйемелдеу тәсілдері туралы айтты.

«Біздің міндетіміз - герман бизнесімен қол жеткізілген уағдаластықтарды Қазақстанда жаңа өндірістер, технологиялар мен жұмыс орындарын құруды көздейтін нақты жобаларға айналдыру. Осы мақсатта Холдинг еншілес ұйымдарының мүмкіндіктерін біріктіріп, герман компанияларымен және қаржы институттарымен әріптестікті кеңейтуде», - деп атап өтті ол.

Қазіргі уақытта «Бәйтерек» компаниялар тобының портфелінде герман тараптың қатысуымен жалпы құны шамамен 3,9 млрд АҚШ долларын құрайтын бес жоба бар. Олардың қатарында натрий цианидін өндіретін зауыт, калий тыңайтқыштарын шығаратын кешен, жел электр станциясы, сондай-ақ автомобильдерге арналған лак-бояу материалдары мен иілгіш қаптама өндірісі бар. Жобалар аясында шамамен 1 600 тұрақты жұмыс орнын құру көзделген.

Сонымен қатар, Холдинг басшылығы Германияның негізгі қаржы институттары - KfW және Euler Hermes-пен келіссөздер жүргізді. Кездесулер барысында Қазақстанда іске асырылатын жобаларға ұзақ мерзімді қаржыландыру мен экспорттық-кредиттік қолдау тарту бағытында өзара іс-қимылды кеңейту мәселелері қаралды.

Холдингтің негізгі басымдығы ретінде өндірістерді жергіліктендіру және қосылған құнды ел ішінде қалыптастыру белгіленді. Бұл дайын өнім жеткізумен шектелмей, технологиялар трансфертін, отандық шикізатты терең өңдеуді және Қазақстан өңірлерінде тұрақты жұмыс орындарын құруды қамтамасыз ететін жобаларды көздейді.

Күн тәртібінің жеке бөлігі Alatau City-ге арналды: герман бизнесіне жаңа өндірістер мен логистикалық жобаларды орналастыру, сондай-ақ қаланың инженерлік, көлік және цифрлық инфрақұрылымын дамытуға қатысу мүмкіндіктері таныстырылды.

Жұмыс бағдарламасы аясында Тимур Онжанов Германияның жетекші өнеркәсіптік, технологиялық және инфрақұрылымдық компанияларының өкілдерімен екіжақты кездесулерге қатысты. Олардың қатарында Deutsche Bahn (теміржол инфрақұрылымы және көлік консалтингі), Rhenus SE (логистика және терминалдық инфрақұрылым), Gizeh Verpackungen (қаптама өндірісі), D.A.R. Metall (металдар мен өнеркәсіптік шикізат жеткізу), WILO Group (сорғы жабдықтары және су технологиялары), Koch Solutions (конвейерлік жүйелер), HMS Bergbau (шикізат және энергетикалық ресурстар саудасы), Aurubis (мыс пен түсті металдарды өңдеу) және Siemens Energy (энергетикалық жабдықтар және желілік технологиялар), бар. Сондай-ақ ол Германияның Сауда-өнеркәсіп палатасының өкілдерімен кездесті.

Кездесулер барысында тараптар бірлескен жобаларды құрылымдау және қаржыландыру, өндірістерді жергіліктендіру, технологиялық жабдықтарды жеткізу және Қазақстандағы инвестициялық бастамаларды іске асыруға герман бизнесінің қатысуын кеңейту мәселелерін талқылады.


Анықтама үшін: Стратегиялық ынтымақтастық жөніндегі Қазақстан-Германия іскерлік кеңесі (ҚГІК) 2010 жылғы шілдеде Германияның Федералдық канцлерінің Қазақстанға ресми сапары барысында қол қойылған Меморандум негізінде құрылды. ҚГІК екіжақты сауда-экономикалық қатынастарды дамытудың негізгі институционалдық тетігі болып табылады және екі елдің компаниялары, кәсіпорындары мен іскерлік бірлестіктері арасындағы өзара іс-қимылды үйлестіру мен консультациялық қолдауды қамтамасыз етеді.

«Бәйтерек» холдингі Қазақстан тарапынан ҚГІК тең төрағасының орынбасары қызметін атқарады және жыл сайын герман компанияларымен және қаржы институттарымен екіжақты кездесулер өткізіп, күн тәртібінің сабақтастығын және Іскерлік кеңес отырыстары арасындағы кезеңде бірлескен бастамалардың дәйекті пысықталуын қамтамасыз етеді.



Қосымша жаңалықтар

іс-шаралар
күнтізбесі

?

Іздегеніңізді
таппадыңыз ба?

  • Қазақстан Республикасы Президентінің ресми интернет-ресурсы
  • Қазақстан Республикасы Парламентінің ресми интернет-ресурсы
  • Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің ресми ақпараттық ресурсы
  • Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің ресми интернет-ресурсы
  • Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің ресми интернет-ресурсы
  • Қазақ тілінің қолданылу аясын кеңейтуге бағытталған электронды ресурстар