Кеңес ал!

09.07.2026

«Бәйтерек» холдингі Full Vision Capital компаниясымен ынтымақтастық мүмкіндіктерін талқылады

«Бәйтерек» холдингі Full Vision Capital компаниясымен ынтымақтастық мүмкіндіктерін талқылады

«Бәйтерек» ұлттық инвестициялық холдингі» АҚ Басқарма төрағасы Рустам Қарагойшин Гонконг кәсіпкері доктор Питер Лиге тиесілі Full Vision Capital отбасылық кеңсесінің делегациясымен кездесу өткізді. Делегацияны Towngas компаниясының атқарушы директоры әрі инвестициялар жөніндегі директоры, сондай-ақ Full Vision Capital компаниясының басқарушы серіктесі Алан Чан бастап келді.

Кездесу барысында тараптар энергетика, цифрлық технологиялар және агроөнеркәсіптік кешендегі инновациялар салаларындағы ынтымақтастықтың әлеуетті бағыттарын талқылады. Атап айтқанда, биоотын өндіру және биоэнергетиканы дамыту мәселелеріне назар аударылды.

Қазақстан тарапы үшін электр энергиясын жинақтау жүйелері, күн энергетикасы, тұрақты авиациялық отын (SAF) өндірісі, сондай-ақ майлы дақылдар мен ауыл шаруашылығы қалдықтарын биоотын өндіруге қайта өңдеу бағытындағы компаниялар тобының тәжірибесі ерекше қызығушылық тудырды.

«Қазақстан болашақ энергетикасын қалыптастыратын технологияларды дамытуға мүдделі. Бұған электр энергиясын жинақтау жүйелерінен бастап тұрақты авиациялық отын өндірісіне дейінгі бағыттар кіреді. «Бәйтерек» холдингінің қаржылық құралдары мұндай жобаларды инвестициялық құрылымдаудан бастап оларды қаржыландыруға дейінгі барлық кезеңде қолдауға мүмкіндік береді», – деді Рустам Қарагойшин.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар ынтымақтастықтың нақты бағыттарын бірлесіп пысықтау жөніндегі жұмысты жалғастыруға уағдаласты.

Анықтамалық ақпарат

Full Vision Capital – доктор Питер Лиге тиесілі отбасылық инвестициялық кеңсе. Доктор Питер Ли – Henderson Land және Towngas корпорацияларының иесі.

Towngas – 160 жылдан астам тарихы бар Гонконгтың жетекші газ және энергетикалық компаниясы. Компания Қытай Халық Республикасында 100 миллионнан астам тұтынушыға қызмет көрсетеді. Топ құрамына тұрақты авиациялық отын (SAF) мен гидротазартылған өсімдік майын (HVO) өндіретін EcoCeres, электр энергиясын ұзақ мерзімге жинақтау технологияларын әзірлейтін EnerVenue, сондай-ақ Қытайда жалпы қуаты 3 ГВт-тан асатын күн электр станцияларын басқаратын және 400 мыңнан астам өнеркәсіптік клиентке қызмет көрсететін Towngas Smart Energy компаниялары кіреді. Henderson Land – Гонконг пен Қытайдағы жетекші девелоперлік компаниялардың бірі.

«Бәйтерек» ұлттық инвестициялық холдингі» АҚ – Қазақстанның шикізаттық емес секторын дамытуға бағытталған мемлекеттік саясатты іске асыратын негізгі даму институты. Холдинг құрамына бизнесті қаржыландыру, экспортты қолдау, тұрғын үй құрылысын дамыту және инвестициялар тарту құралдарын ұсынатын даму институттары кіреді.

 

Қосымша жаңалықтар

іс-шаралар
күнтізбесі

?

Іздегеніңізді
таппадыңыз ба?

  • Қазақстан Республикасы Президентінің ресми интернет-ресурсы
  • Қазақстан Республикасы Парламентінің ресми интернет-ресурсы
  • Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің ресми ақпараттық ресурсы
  • Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің ресми интернет-ресурсы
  • Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің ресми интернет-ресурсы
  • Қазақ тілінің қолданылу аясын кеңейтуге бағытталған электронды ресурстар