19.12.2024
- Холдинг туралы
«Бәйтерек» холдингі Басқарма төрағасының орынбасары Әнуар Омарқожаев Парижге Қазақстан-француз Үкіметаралық комиссиясының 29-30 сәуірде өткен кезекті 14-ші отырысына қатысу үшін қазақстандық үкіметтік делегация құрамында барды.
Отырыста сөз сөйлеген Әнуар Омарқожаев Француз әріптестеріне «Бәйтерек» холдингінің экономиканың басым секторларын, оның ішінде аграрлық кластерді қолдау жөніндегі қызметі, мемлекеттік қолдау шаралары туралы айтып берді.
Ол аграрлық секторды қаржыландыратын «Бәйтерек» холдингінің еншілес ұйымдарының қызметіне егжей-тегжейлі тоқталды, сондай-ақ Холдингтің қаржылық қолдау құралдарын пайдалана отырып, шетелдің қатысуымен қандай жобалар іске асырылып жатқаны туралы хабардар етті және француз инвесторларын Қазақстанның ауыл шаруашылығына инвестиция салуға шақырды.
- Біз жемісті инвестициялық ынтымақтастыққа мүдделіміз және қолданыстағы кредиттеу бағдарламалары шеңберінде агроөнеркәсіптік кешендегі жобаларды қаржыландыру бойынша нақты ұсыныстарды қарауға, АӨК-дегі Әлеуетті жобалар пулын қарау үшін ұсынуға және біздің достас елдеріміздің арасындағы бірлескен іскерлік бастамалар бойынша сенімді серіктес болуға дайынбыз. Осыған орай, осы мүмкіндікті пайдалана отырып, аграрлық сектордағы жобаларды бірлесіп іске асыру үшін Қазақстанға француз әріптестерін шақырғым келеді, - деп түйіндеді Әнуар Омарқожаев.
Жасалған сапар шеңберінде Қазақстанның Франциядағы Елшілігі «MEDEF International» жеке ұйымымен бірлесіп Дөңгелек үстел ұйымдастырды, оның барысында қазақстандық делегация әлеуетті инвесторлармен келіссөздер жүргізді. «MEDEF International» барлық көлемдегі және барлық саладағы 800 мың кәсіпорынды біріктіретін француз бизнесінің флагманы болып табылады.
Естеріңізге сала кетейік, Экономикалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссия 1992 жылдан бастап жұмыс істейді. Қазақстан тарапынан тең төраға ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов, француз тарапынан – ФР Еуропа және сыртқы істер министрі жанындағы сыртқы сауда және экономикалық тартымдылық жөніндегі министр-делегат Франк Риестер болып табылады. ҮАК-тің 13-ші отырысы 2017 жылғы 7 қыркүйекте Нұр-Сұлтан қаласында өткен.