30.05.2025
- Холдинг туралы
Кеңес ал!
29 мамырда Астана халықаралық форумы аясында «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ-ның еншілес ұйымы – «Қазақстан тұрғын үй компаниясы» АҚ мен Еуропалық инвестициялық банк (EIB Global) арасында Өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды. Іс-шара Холдинг Басқармасының Төрағасы Рустам Қарағойшиннің қатысуымен өтті.
Қол қою рәсіміне Қазақстан тұрғын үй компаниясының Басқарма Төрағасы Алтай Күздібаев пен EIB Global Вице-президенті Кириакос Какурис қатысты.
Меморандум Қазақстан Республикасында орнықты, энергия үнемдейтін және экологиялық тұрғын үй жобаларын қаржыландыру тетіктерін дамытуға бағытталған.
Сонымен қатар, қол жеткізілген келісімдер шеңберінде EIB Global халықаралық экологиялық стандарттарға сай келетін тұрғын үй жобаларын іске асыру үшін 50 миллион АҚШ долларына дейінгі көлемде шекті қаржыландыру мүмкіндігін қарастыруда. Бұл ретте, ғимараттардың энергия тұтынуын кемінде 20% төмендету және құрылыс саласына инновациялық «жасыл» технологияларды енгізу мәселелеріне ерекше назар аударылады.
«Еуропалық инвестициялық банкпен Меморандумға қол қою – орнықты қаржыландыру көздерін тартуда жаңа мүмкіндіктерге жол ашады. «Бәйтерек» холдингі ESG күн тәртібін дәйекті түрде ілгерілетіп, жасыл инфрақұрылымды дамытуда жүйелі жұмыс жүргізіп келеді. Бұл келісім Қазақстанның орнықты өсім және халықаралық ынтымақтастық саласындағы сенімді серіктес ретіндегі рөлін нығайтады», – деп атап өтті Холдингтің Басқарма Төрағасы Рустам Қарагойшин.
Тараптар сондай-ақ Холдингтің басқа да еншілес ұйымдары – Қазақстанның Даму Банкі, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры және Аграрлық несие корпорациясы бойынша ықтимал әріптестік бағыттарын талқылады. Қазіргі таңда бұл ұйымдар жаңартылатын энергетика, шағын және орта бизнесті қолдау, сондай-ақ инфрақұрылымды жаңғырту салаларында бірқатар жобаларды пысықтауда.
Аталған ынтымақтастық Еуропалық инвестициялық банк пен GIZ (Германияның халықаралық ынтымақтастық жөніндегі қоғамы) бірлесіп жүзеге асыратын FELICITY II бағдарламасы аясында іске асырылуда. Бағдарлама Германияның Экономика және климатты қорғау федералдық министрлігінің Халықаралық климаттық бастамасы (IKI) қолдауымен жүргізілуде.