18.04.2025
- Холдинг туралы
Кеңес ал!
2025 жылғы 16 сәуірде Алматы қаласында «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингінің басқарма төрағасының орынбасары Жандос Шайхы экономиканың нақты секторын несиелеу жөніндегі Жобалық кеңсенің отырысын өткізді. Іс-шараға екінші деңгейлі банктердің, «Бәйтерек» холдингінің еншілес ұйымдарының, Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі мен Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығының басшылары қатысты.
Бұған дейін хабарланғандай, нақты секторды қаржыландыру жөніндегі Мемлекет басшысының тапсырмасын іске асыру аясында Қазақстан Республикасы Үкіметі «Бәйтерек» холдингі арқылы кәсіпкерлікті қолдауға, тұрғын үй құрылысын дамытуға және негізгі ұлттық әрі инвестициялық жобаларды іске асыруға шамамен 8 трлн теңге бағыттайды.
Аталған бағыттағы негізгі шаралардың бірі – түпкілікті қарыз алушылар үшін сыйақының бірыңғай мөлшерлемесі 12,6 % деңгейінде белгіленетін шартты қаржыландыру құралын енгізу, сондай-ақ жаңа экономикалық жобаларды қолдауға арналған «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ базасында кепілдік беру қорларының тетіктерін дамыту болып табылады. Сонымен қатар, отырыс барысында холдингтің еншілес ұйымдарының кредиттік портфелін басқаруды оңтайландыру мәселелері қаралды.
«Даму» қорының басқарма төрағасы Фархат Сарсекееевтің айтуынша, қазіргі уақытта Қор ЦентрКредит, Halyk Bank, Freedom Bank және ForteBank сынды екінші деңгейлі банктермен ШОБ-қа арналған кепілдік беру қорына қатысу туралы келісімдерге қол қойылған. Алдағы уақытта бұл тізімді кеңейту жоспарланып отыр.
Сондай-ақ, «Бәйтерек» холдингі базасында инвестициялық жобаларды қаржыландыру жұмыстарының ашықтығы мен жеделдігін қамтамасыз ететін виртуалды деректер қоймасы (Virtual Data Room) құрылатыны атап өтілді.
Қазақстанның Даму Банкі таныстырған инвестициялық жобалар да ұсынылды. Бұл жобаларды екінші деңгейлі банктермен бірлесіп іске асыру жоспарланып отыр. Қазақстанның Даму Банкі халықаралық синдикаттармен де, қазақстандық құқық аясында әрекет ететін синдикаттармен де жұмыс істеуде мол тәжірибе жинақтағаны атап өтілді.
«Қазақстанның Даму Банкі қаржы институттарымен серіктестік қарым-қатынасты жүйелі түрде кеңейтіп келеді. Мұндай кездесулер қаржыландыру тәсілдерін жедел келісіп, отандық кәсіпкерлікті қолдауға және инвестициялық жобаларды іске асыруға бағытталған тиімді шешімдер қабылдауға мүмкіндік береді», — деді Қазақстанның Даму Банкінің басқарма төрағасы Марат Елібаев.
Кездесу аясында «Қазақстанның экспорттық-кредиттік агенттігі» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Мадина Ержанова агенттік ұсынатын қолдау құралдарын таныстырып, экспорттық құрамдасы бар жобаларды қаржыландыруға екінші деңгейлі банктердің белсенді қатысуын, оның ішінде қарыздарды сақтандыру, кепілдендіру және экспорт алдындағы қаржыландыру тетіктерін қолдану арқылы қатысуын ұсынды.
Сапар барысында екінші деңгейлі банктер мен қарыз алушылардың басшылығымен қосымша екіжақты кездесулер де өтті. Келіссөздер барысында серіктестікті кеңейту, инвестициялық жобаларды бірлесіп іске асыру және «Даму» қоры базасындағы кепілдік беру қоры арқылы кредиттерді кепілдендірудің жаңа қаржылық тетіктерін енгізу мәселелері талқыланды.