03.10.2025
- Холдинг туралы
- Тұрақты даму
Кеңес ал!
2-4 қазан күндері Астанада Digital Bridge 2025 халықаралық форумы өтті. Бұл алаң цифрлық технологиялар мен жасанды интеллекттің болашағы және олардың экономикалық дамуға ықпалы талқыланған ең ірі іс-шараға айналды. «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі форумға белсене қатысып, бизнес пен азаматтарға арналған жаңа көзқарасты қалыптастыратын жобаларын ұсынды.
1 қазанда Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Жасанды интеллектті дамыту жөніндегі кеңестің алғашқы отырысын ашты. Цифрлық шешімдер көрмесінде Мемлекет басшысы «Бәйтерек» холдингі әзірлеген Fin4B жобасымен танысты. Бұл AI-платформа шағын және орта бизнеске қызмет көрсетуді айтарлықтай жеделдетіп, жеңілдетуге мүмкіндік береді. Жоба несиелік процестерді жеті есеге дейін арзандатып, клиентті дайындау мерзімін шамамен 70%-ға қысқартады.
«Fin4B – кәсіпкерлерді қаржыландыруға жаңа көзқарас. Бұрын бұл процесс апталарға созылатын, бүгін ол небәрі 36–48 сағат ішінде аяқталады. Бұл – толық цифрландыруға қадам, мұнда бәрі ашық, жедел әрі клиент үшін барынша қолайлы түрде жүзеге асады», – деді «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Үсен Ғалым.
Форум қонақтарының ерекше назарын «Бәйтерек» холдингінің стенді аударды. Мұнда бизнеске, ипотекалық нарыққа және агроөнеркәсіп секторына арналған заманауи цифрлық құралдар ұсынылды. Келушілер bgov.kz сервисімен және AI-ассистентпен, Fin4B платформасымен, агромониторинг шешімдерімен және еншілес ұйымдардың чат-боттарымен интерактивті түрде танысты.
2 қазанда Үсен Ғалым Freedom Bank ұйымдастырған «Цифрлық сервистер мен жасанды интеллект Қазақстандағы бизнес-процестер стандарттарын қалай өзгертуде» атты панельдік сессияда сөз сөйледі. Ол өз баяндамасында «Бәйтерек» үшін цифрландыру – мемлекеттің, бизнестің және қоғамның өзара іс-қимылын түбегейлі өзгертетін трансформация екенін атап өтті.
«Біз еншілес ұйымдардың 21 дерекқорын біріктіріп, 150 көрсеткішті автоматтандырдық және 55 талдамалық панель құрдық. Осылайша клиенттер туралы толық көрініс алуға және терең талдау жүргізуге мүмкіндік алдық. Осы деректер негізінде біз жасанды интеллектке сүйенген сервистерді іске асырып жатырмыз. Бұл біздің қызметтеріміздің сапасы мен жылдамдығын жаңа деңгейге көтеруде», – деді Үсен Ғалым.
Ол холдингтің еншілес ұйымдарындағы жасанды интеллект қолданудың нақты мысалдарын да келтірді. Мәселен, «ҚазАгроҚаржы» жүйесі фото және бейнематериалдар арқылы ауыл шаруашылығы техникасын автоматты түрде жіктеп, бағалайды: бүгінге дейін 26 мыңнан астам техника тексерілді. Тұрғын үй саласында iBota чат-боты үлескерлерге кеңес беріп, «Қазреестр» жүйесі арқылы құрылыс компанияларын тексереді. Қызметке 2,8 мыңнан астам өтініш түскен.
«Біз жасанды интеллекттің әр салаға енуі тиіс екеніне сенімдіміз. Техника лизингінен бастап үлескерлердің құқықтарын қорғауға дейін – мұның бәрі халыққа нақты көмек беріп отырған цифрлық шешімдердің мысалы», – деді спикер.
3 қазанда «AI, Big Tech & Banking: қаржылық ландшафт трансформациясы» атты пленарлық сессияда Үсен Ғалым «Бәйтерек» холдингі қазақстандықтардың өмірінің барлық саласында, Қазақстанның Даму банкінің қолдауымен алынған автобустар мен салынған зауыттардан бастап, ипотекалық бағдарламалар мен агроөнеркәсіп өнімдеріне дейін айқын көрініс табатынын атап өтті.
«Біз жұмысымыздың барлық бағыттарын біріктіретін бірыңғай цифрлық кеңістік құрып жатырмыз. Жасанды интеллект жылдамдықты, ашықтықты және сенімділікті қамтамасыз ететін байланыстырушы элементке айналды. Бұл біз үшін жай ғана технология емес, бизнес пен әлеуметтік саланы трансформациялаудың стратегиялық құралы», – деді ол.
Форум қорытындысы бойынша маңызды серіктестіктерге қол жеткізілді. «Бәйтерек» холдингі CodeALive және Diffuzio Tech стартаптарымен ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойып, француздық Ksaar компаниясымен келіссөздер жүргізді.
«Біз барлық холдингтің компаниялар тобына ортақ бірыңғай стандарт құратын орталықтандырылған AI-платформаны дамытуға ниеттіміз. Бұл шешімдерді жедел масштабтауға және технологияларға қолжетімділікті кеңейтуге мүмкіндік береді. Біз мұны Қазақстанның тұрақты дамуы мен бәсекеге қабілеттілігінің негізі деп санаймыз», – деп түйіндеді Үсен Ғалым.
Осылайша, «Бәйтерек» холдингінің Digital Bridge 2025 форумына қатысуы цифрландыру мен жасанды интеллекттің экономиканы дамытудағы стратегиялық құралға айналып, кәсіпкерлер мен азаматтар үшін жаңа мүмкіндіктер ашатынын көрсетті.