01.10.2026
- Холдинг туралы
- Тұрақты даму
Кеңес ал!
«Бәйтерек» ұлттық инвестициялық холдингі» АҚ басқарушы директоры Сакен Олжабаев Қонаев қаласында өткен Қазақстан-Дания бизнес-форумына қатысты. Ол өз сөзінде Холдингтің бизнес пен инвестициялық жобаларды қолдау құралдарын, ірі жобаларды қаржыландыру тәжірибесін таныстырды, сондай-ақ даниялық компанияларға ынтымақтастықтың төрт бағытын ұсынды.
Форум жұмысына Дания Корольдігінің Сыртқы істер министрі Ларс Лёкке Расмуссен, Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Ардақ Зебешев, Алматы облысының әкімі Шыңғыс Арынов, Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы вице-министрі Назгүл Хатепова, сондай-ақ даниялық Carlsberg, FLSmidth, Maersk, Novo, Grundfos, Scan Global Logistics, DanBred, Byteall Energy компанияларының және Данияның экспорт және инвестициялар қорының (EIFO) өкілдері қатысты. Форум аясында «KAZAKH INVEST» ҰК» АҚ мен Дания өнеркәсібі конфедерациясы (DI) арасында Ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.
«Дания Корольдігінің Еуропа экономикасындағы елеулі рөлін және жаңартылатын энергетика, кеме қатынасы, агроөнеркәсіп кешені мен фармацевтика салаларындағы озық ұстанымдарын ескере отырып, біз даниялық серіктестерді бірлескен жобалар аясындағы ынтымақтастықты тереңдетуге шақырамыз. Біз даниялық компаниялар үшін Қазақстанда ғана емес, бүкіл Орталық Азия өңірінде сенімді әрі ұзақ мерзімді серіктес болуға дайынбыз», – деп атап өтті Сакен Олжабаев.
Ынтымақтастық бағыттары Дания экономикасының мықты жақтарына негізделген. Жел энергетикасы технологияларын Қазақстанның Даму Банкі мен Qazaqstan Investment Corporation қатысуымен жаңартылатын энергетика жобаларында қолдануға болады. Данияның ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу, генетика және азық-түлік өнімдерінің қауіпсіздігі салаларындағы тәжірибесі агроөнеркәсіп кешенінде сұранысқа ие. Бұл бағытта Аграрлық несие корпорациясы мен «ҚазАгроҚаржы» серіктес бола алады. Суды тазарту және тиімді жылу желілері саласындағы шешімдерді Қазақстанның Даму Банкімен және Қазақстан Тұрғын Үй Компаниясымен бірлесіп, қалалық инфрақұрылымға енгізу ұсынылды. Экспорттық қаржыландыру және бірлескен инвестициялар саласында Қазақстанның экспорттық-кредиттік агенттігі мен Qazaqstan Investment Corporation даниялық қорлардың серіктестері бола алады.
Холдинг даниялық бизнеске бірлескен өндірістер құруды, инфрақұрылымдық, индустриялық және экспортқа бағдарланған жобаларға қатысуды ұсынды. Ол үшін қаржыландырудың толық циклін қамтитын жеті құрал қолжетімді: кредит беру, лизинг, капиталға тікелей инвестициялар, экспорттық сақтандыру және қаржыландыруды Холдингтің еншілес ұйымдары тікелей ұсынады, ал кепілдіктер, субсидиялау және қаражатты шартты орналастыру екінші деңгейдегі банктер мен әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар арқылы жүзеге асырылады.
2025 жылы Холдинг құралдары арқылы Қазақстан экономикасына 21,6 млрд АҚШ доллары бағытталды. 104 ірі жоба қаржыландырылып, шағын және орта бизнестің 27,4 мың жобасына және 6,5 мың ауыл шаруашылығы тауарын өндірушіге қолдау көрсетілді, 131 компания шетелдік нарықтарға шықты. Холдинг активтері 40 млрд АҚШ долларын, кредиттік-инвестициялық портфелі 30 млрд АҚШ долларын, таза пайдасы 844 млн АҚШ долларын құрады. Холдингтің кредиттік рейтингтері Moody’s агенттігінен «Baa1» және Fitch Ratings агенттігінен «BBB» деңгейінде, болжамы «тұрақты», Sustainable Fitch ESG-рейтингі Level 2 деңгейінде.
Холдингтің даниялық серіктестермен жұмыс істеу тәжірибесі бар. Қазақстанның Даму Банкі Данияның EKF экспорттық-кредиттік агенттігінің (қазіргі EIFO) кепілдігімен JPMorgan Chase Bank-тен 120 млн АҚШ доллары көлемінде кредит тартты. Қаражат KAZ Minerals компаниясы жүзеге асырып жатқан Абай облысындағы Ақтоғай мыс кен орнын игеруге бағытталды.
Қазақстанның Даму Банкі «Тәулігіне 1 млн жұмыртқа өңдейтін тауық жұмыртқасын терең өңдеу кәсіпорнын салу» инвестициялық жобасын қаржыландыруды қарастыруда. Өтінім беруші «Kaz eggs» ЖШС болып табылады. Технологиялық жабдықты жеткізуші Данияның Sanovo Technology A/S компаниясы болып табылады.
Холдинг даниялық серіктестермен стратегиялық диалог жүргізуге және сенімге, технологиялық әріптестікке әрі орнықты дамуға негізделген өзара тиімді ынтымақтастық орнатуға ашық.