03.07.2025
- Холдинг туралы
Кеңес ал!
2025 жылғы 2 шілдеде «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингінің алаңында «Бәйтерек» холдингі, CNHI International SA және BHK Agro AG компаниялары арасында өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды. Құжатқа Холдинг атынан Басқарма Төрағасының бірінші орынбасары Нұрболат Айдапкелов қол қойды.
Тараптар Қазақстан Республикасының аумағында ауыл шаруашылығы техникасын құрастыру және локализациялау жобаларын бірлесіп іске асыруға ниетті екенін білдірді. Ынтымақтастық аясында заманауи технологияларды қолдана отырып, өндірістік қуаттарды құру жоспарлануда.
Меморандумның негізгі мақсаты – ауыл шаруашылығы машина жасау саласындағы озық шешімдерді енгізу арқылы Қазақстанның агроөнеркәсіптік кешенін дамыту, отандық аграршылар үшін техниканың қолжетімділігін арттыру және саланың экспорттық әлеуетін кеңейту. Сонымен қатар, заманауи техниканы өндіруді тереңдетіп локализациялауға, қазақстандық мамандарды даярлауға және жаңа жұмыс орындарын ашуға ерекше назар аударылады.
«Аграрлық сектор – Холдинг қызметінің басым бағыттарының бірі. Біз қазіргі заманғы технологияларды локализациялауға және ауыл шаруашылығы техникасын қазақстандық мазмұнның жоғары деңгейімен өндіруді кеңейтуге мүдделіміз. Мемлекеттің отандық өндірушілерге басымдық беріп көрсетіп отырған қолдау саясаты – субсидиялау, жеңілдетілген лизинг және басқа да ынталандыру шаралары – ірі халықаралық брендтер үшін өндірісті локализациялауға қолайлы жағдай жасап отыр. CNHI International мен BHK Agro AG компанияларының еліміздегі қатысуын нығайтуға ұмтылысын құптаймыз. Қазақстанда заманауи әрі сапалы ауыл шаруашылығы техникасы қаншалықты көп өндірілсе, отандық фермерлер үшін соғұрлым тиімді болады», – деп атап өтті Нұрболат Айдапкелов.
CNHI International SA – Case IH және New Holland Agriculture сияқты танымал жаһандық брендтерге иелік ететін CNH Industrial халықаралық холдингінің еншілес компаниясы. Компания ауыл шаруашылығы мен құрылыс техникасының кең ауқымын ұсынып, әлемнің 170-тен астам елінде жұмыс істейді.
Өз кезегінде, BHK Agro AG компаниясы Қазақстан нарығын ауыл шаруашылығы техникасын өндіру, сату, кепілдік және кейінгі сервистік қызмет көрсету салаларында ұзақ мерзімді даму үшін негізгі бағыттардың бірі ретінде қарастырады.
Меморандум талаптарына сәйкес, тараптар жобаның тұжырымдамасын бірлесіп әзірлеуге кіріседі. Бұл – өндірістік алаңды таңдау, инвестиция көлемін бағалау және локализациялау параметрлерін айқындау жұмыстарын қамтиды. Холдинг болашақ өндірісті ұйымдастыру мен локализацияланатын ауыл шаруашылығы техникасын өткізу ісінде еншілес ұйымдарының қаржы құралдары арқылы қолдау көрсетуді жоспарлап отыр.