19.12.2024
- Холдинг туралы
Бейсенбі, 2 маусым күні «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ Басқарма төрағасы Қанат Шарлапаев Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас хатшысының көмекшісі - «БҰҰ-әйелдер» жаһандық құрылымының Атқарушы директорының орынбасары Анита Бхатиямен кездесу өткізді.
Қанат Шарлапаев компаниядағы ғана емес, сондай-ақ еліміздегі әйелдерді қолдау бағытындағы Холдингтің қызметі туралы айтты.
Осыған дейін «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ БҰҰ-ның жаһандық бастамасы – әйелдердің құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейту қағидаттарына (Women’s Empowerment Principles) қосылды. Қанат Шарлапаев WEPs қағидаттарына қосылу туралы мәлімдемеге қол қойып, компания WEPs жаһандық платформасында сәтті тіркелген болатын.
- Пандемия бүкіл әлемдегі, соның ішінде Қазақстандағы экономика мен бизнестің дамуына үлкен әсерін тигізді. Сондықтан, пандемиядан кейінгі кезеңде «Бәйтерек» холдингінің Қазақстанда алғашқы болып WEPs қағидаттарына қол қоюын жақсы бастама деп санаймыз. Біз «Бәйтерек» холдингінің әйелдердің құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейту қағидаттарына қосылуын құптай отырып, оның бұл қадамы Қазақстанның басқа компаниялары үшін де үлгі болады деп үміттенеміз, - деді Мария Доценко, «БҰҰ-әйелдер» құрылымының Қазақстандағы өкілі.
Сондай-ақ, ол компаниялар мен бизнес-құрылымдар арасында WEPs ілгерілету бойынша Қазақстан Орталық Азиядағы көшбасшы екенін атап өтті.
Өз кезегінде, Қанат Шарлапаев «Бәйтерек» холдингі қаржылық даму институты және Қазақстанды тұрақты дамыту миссиясын орындаушы ретінде тұрақты даму қағидаттарын өз қызметіне қолданатынын атап өтті.
- Холдингте БҰҰ Тұрақты даму мақсаттарын іске асыруға ерекше көңіл бөлінеді. Маңызды тұрақты даму мақсаттарының бірі – гендерлік теңдікті қамтамасыз ету және әйелдердің құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейту. Холдингтің тұрақты даму саласындағы саясаты жауапты еңбек практикасы қажет екенін бекітеді. Холдинг өз қызметінде тең мүмкіндіктер беру қағидатын басшылыққа алады және өз қызметкерлерін, оның ішінде гендерлік белгісі бойынша кемсітуге жол бермейді. БҰҰ-ның «Әйелдердің құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейту қағидаттары/Women’s Empowerment Principles» бастамасына Холдингтің қосылуы гендерлік теңдік мәселелері бойынша корпоративтік көшбасшылықты одан әрі жоғары деңгейде ұстап тұрудағы маңызды қадам болып табылады, - деп атап өтті Қанат Шарлапаев.
Айта кететіні, «Бәйтерек» холдингі әйелдер бастамаларын және әйелдер көшбасшылығын барынша қолдайды. Мәселен, Холдингтің Бірыңғай кадр саясатына сәйкес 2022-2024 жылдарға арналған даму жоспарларына KPI ретінде «Холдинг пен еншілес ұйымдардың басшылық құрамындағы әйелдер саны» көрсеткіші енгізілді. Бұдан басқа, Холдингтің Бірыңғай кадр резервіне іріктеу кезінде әйелдерге басымдық беріледі.
Сонымен қатар, Холдинг қиын жағдайға тап болған балалы әйелдерге ұдайы қайырымдылық көмек көрсетеді. 2021 жылы қайырымдылық жәрмеңкесі өткізіліп, 1 млн теңгеден астам қаражат жиналды. Бұл қаражат «Ана мен бала» орталығында ұзақ уақыт емделіп жатқан науқас балаларға жаңа жылдық сыйлықтар сатып алуға жұмсалды.
Сондай-ақ, «Бәйтерек» холдингі қаржы институты ретінде өзінің еншілес ұйымдары «Отбасы банк» АҚ арқылы «Ұмай» ипотекасын ұсынып, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ арқылы әйелдердің кәсіпкерлік жобаларын қаржыландырып, әйелдерге қолдау көрсетеді.
Айта кететіні, Әйелдердің құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейту қағидаларын (Women's Empowerment Principles) 2010 жылы «БҰҰ-әйелдер» құрылымы мен БҰҰ-ның жаһандық шарты әзірлеген. Аталмыш құжат бизнес пен корпоративтік сектор үшін әзірленген практикалық нұсқаулық болып табылады. Онда гендерлік теңдікті ілгерілету, сондай-ақ әйелдердің құқықтары мен мүмкіндіктерін үш салада: компания ішіндегі жұмыс орнында, тұтыну нарығымен жұмыс істеуде, әлеуметтік жобаларды іске асыру және азаматтық сектормен өзара іс-қимыл жасау арқылы қоғамдастықта кеңейту жөнінде ұсынымдар жиынтығы қамтылған.
WEPs қағидаттарына қол қою – компанияның гендерлік теңдікті ілгерілетуге және әйелдердің құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейтуге мүдделілігі мен белсенді ұстанымын білдіретін жария мәлімдемесі. Бүгінгі таңда әлемде 5 000-нан астам компания WEPs бастамасының қатысушылары болып табылады, олардың 40-ы қазақстандық компаниялар, осылайша Қазақстан аймақта WEPs қағидаттарына қосылған компаниялар саны бойынша көшбасшы ел болып отыр.