Сұрақ-жауап
7077 Call-орталығы
А А Экран дикторы

21.02.2025

«Бәйтерек» холдингі Қазақстан экономикасын қолдаудың 2024 жылғы қорытындыларын таныстырды

Кеңес ал!

21.02.2025

«Бәйтерек» холдингі Қазақстан экономикасын қолдаудың 2024 жылғы қорытындыларын таныстырды

«Бәйтерек» холдингі Қазақстан экономикасын қолдаудың 2024 жылғы қорытындыларын таныстырды

«Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ-да Стратегиялық жоспарлау комитетінің есеп беру кеңесі өтті. Кездесуде холдинг пен оның еншілес ұйымдарының 2024 жылғы қызметінің негізгі нәтижелері қаралды. Атап айтсақ, қаржылық көрсеткіштер, шағын және орта бизнесті, агроөнеркәсіптік кешенді қолдау, тұрғын үй құрылысының дамуы, сондай-ақ инвестициялық саясатты жүзеге асыру, халықаралық ынтымақтастық, цифрландыру және клиенттердің қанағаттанушылығы мәселелері талқыланды.

2024 жылы холдингтің таза пайдасы 416 млрд теңгені, активтері 14,1 трлн теңгені құрады, ал активтердің рентабельділік көрсеткіші (ROA) 3%-ды құрады. 2023 жылмен салыстырғанда таза пайда 8 млрд теңгеге (+2%) артып, активтер 4%-ға өсті. Цифрландыру арқылы экономикалық тиімділікті арттыру мақсатында «Бәйтерек» холдингі операциялық шығындарды 5%-ға қысқартты. Жаңа инвестициялық механизмдер мен қаржыландыру бағдарламаларын енгізу негізгі көрсеткіштердің одан әрі өсуін қамтамасыз етті.

Өнеркәсіп пен кәсіпкерлікті дамыту

2024 жылы Қазақстанның Даму Банкі 21 инвестициялық жобаны және 35 экспорттық операцияны қаржыландырды, сондай-ақ жалпы сомасы 1,46 трлн теңгеге 4 банктік кепілдік берілді. 28 инвестициялық нысан пайдалануға берілді. Сонымен қатар, 500-ден астам шағын және орта бизнес кәсіпорны өндірістік қуаттарын жаңарту үшін қаржылай қолдау алды.

«Бизнесті қаржылық қолдау холдингтің басты бағыттарының бірі болып қала береді. Біз экспорттық әлеуетті кеңейтуге және отандық кәсіпорындарды жаңғыртуға бағытталған жаңа қолдау механизмдерін енгізуді жалғастырамыз», – деді Басқарма төрағасының орынбасары Жандос Шайхы.

Агроөнеркәсіптік кешенді қолдау

Агробизнес холдинг қызметінің басым бағыттарының бірі болып табылады. 2024 жылы АӨК қаржыландыру көлемі 1 трлн теңгеден асып, 17 740 ауыл шаруашылығы тауарын өндірушіге қолдау көрсетілді. Саланың дамуы аясында 43 инвестициялық жобаға 14,7 млрд теңге бөлініп, бұған дейін басталған 16 жобаның жаңғыртылуы аяқталды. 321,5 млрд теңге көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарына бөлініп, 6,6 млн гектар ауыл шаруашылығы жері өңделді. Сондай-ақ 2025 жылғы егіс науқанына ерте қаржыландыру үшін 100 млрд теңге бағытталды.

Тұрғын үй құрылысының дамуы

«Бәйтерек» холдингі Қазақстандағы тұрғын үй құрылысы бағдарламаларының негізгі операторы болып қала береді. 2024 жылы 70 мыңнан астам отбасы баспаналы болды. Отбасы банк халыққа 1,3 трлн теңгеге ипотекалық несие берді (2023 жылы – 1,07 трлн теңге).

Экспорттаушылар мен шикізаттық емес секторды қолдау

2024 жылы экспортқа бағытталған өндірістерді қаржыландыру көлемі 1 трлн теңгеден асты, бұл 2023 жылмен салыстырғанда 53%-ға артық. Қазақстанның Даму Банкі 35 экспорттаушыға 678,5 млрд теңге бөлсе, Экспорттық-кредиттік агенттік 96 экспорттаушыға 367,6 млрд теңге көлемінде сақтандыру және қаржылық қолдау көрсетті. Инвестициялардың басым бағыттары металлургия (62%) және тамақ өнеркәсібі (22%) болды, бұл экспорттық әлеуетті арттыруға және шикізаттық секторға тәуелділікті төмендетуге ықпал етеді.

«Халықаралық ынтымақтастық холдингтің стратегиялық дамуының негізгі бөлігі. 2024 жылы біз шетелдік серіктестермен 50-ден астам келісімге қол қойдық, бұл елеулі инвестицияларды тартуға және Қазақстанның жаһандық нарықтағы орнын нығайтуға мүмкіндік берді», – деп атап өтті Басқарма төрағасының орынбасары Тимур Онжанов.

Жиын қорытындысы бойынша «Бәйтерек» холдингінің тұрақты өсімді және негізгі бағыттарды тиімді дамытуды жалғастырып жатқаны айтылды. 2025 жылы холдинг инвестициялық қызметті кеңейтуді, экспорттаушыларды қолдауды, агробизнесті дамытуды және жаңа қаржы құралдарын енгізуді жоспарлап отыр. Сонымен қатар, цифрландыруды жалғастыру және халықаралық серіктестерді тарту көзделген. Бұл стратегиялық міндеттердің орындалуы «Бәйтерек» холдингін Қазақстан экономикасының жетекші даму институты ретінде одан әрі нығайтады.

Қосымша жаңалықтар

іс-шаралар
күнтізбесі

?

Іздегеніңізді
таппадыңыз ба?

  • Қазақстан Республикасы Президентінің ресми интернет-ресурсы
  • Қазақстан Республикасы Парламентінің ресми интернет-ресурсы
  • Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің ресми ақпараттық ресурсы
  • Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің ресми интернет-ресурсы
  • Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің ресми интернет-ресурсы
  • Қазақ тілінің қолданылу аясын кеңейтуге бағытталған электронды ресурстар