12.03.2025
- Холдинг туралы
Кеңес ал!
7 наурыз күні «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ-да Холдингтің Басқарма төрағасының орынбасары Тимур Онжанов AKA Ausfuhrkredit-Gesellschaft mbH (AKA Bank) өкілдерімен кездесті. AKA Bank – экспорттық несиелеуге маманданған Германияның жетекші қаржы институттарының бірі.
Кездесу барысында тараптар қазақстандық экспорттық жобаларды қаржыландыру және бизнесті қолдау құралдарын кеңейту мүмкіндіктерін талқылады. Әсіресе, бірлескен қаржыландыру және экспорттық операцияларды сақтандыру мәселелеріне назар аударылды. Бұл шаралар Қазақстан мен Германия арасындағы экономикалық серіктестікті одан әрі нығайтуға бағытталған.
«AKA Bank-пен ынтымақтастық қазақстандық экспорттаушыларға халықаралық нарыққа шығуға жаңа мүмкіндіктер ашады. Біз Еуропаның жетекші қаржы институттарымен серіктестікті нығайтуға мүдделіміз, бұл елімізге жаңа инвестиция тартуға және ұлттық бизнесті қолдауға ықпал етеді», – деп атап өтті «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Тимур Онжанов.
1927 жылы құрылған AKA Bank халықаралық нарықта жұмыс істейтін неміс компанияларын қаржылай қолдап, несие, кепілдік және экспорттық тәуекелдерді сақтандыру қызметтерін ұсынады. Өз кезегінде, «Бәйтерек» холдингі ел экономикасын дамытуда маңызды рөл атқарады, шағын және орта бизнесті, экспорттаушыларды және өнеркәсіптік жобаларды қаржыландыру арқылы қолдайды.
Келіссөздер «Бәйтерек» холдингінің Германияның қаржы институттарымен стратегиялық әріптестігін нығайту аясында өтті. Кездесу қорытындысы бойынша тараптар ынтымақтастықты одан әрі кеңейтуге қызығушылық білдірді.