25.11.2025
- Холдинг туралы
- Тұрақты даму
Кеңес ал!
«Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингінде Директорлар кеңесінің Стратегиялық жоспарлау комитетінің отырысы өтіп, онда Холдингтің 2025 жылғы қаңтар-қыркүйек айларындағы қызмет нәтижелері қаралды. Есепті Басқарма Төрағасының орынбасары Жандос Шайхы таныстырды.
Алдын ала деректер бойынша, 2025 жылдың 9 айының қорытындысы бойынша Холдингтің таза пайдасы 285 млрд теңге, активтері 16,9 трлн теңге, ал активтердің рентабельділігі (ROA LTM) 1,9%.
Стратегиялық бағыттар бойынша төмендегідей ақпарат ұсынылды:
Өнеркәсіпті қолдау
Қазақстанның Даму Банкі 31 инвестициялық жобаны және 24 экспорттық операцияны қаржыландырды, сондай-ақ жалпы сомасы 1,4 трлн теңгеге екі банктік кепілдік берді. Өнеркәсіпті дамыту қорының қатысуымен барлығы 11 жоба пайдалануға берілді.
ШОБ-ты дамыту
«Даму» қоры шағын және орта бизнеске 1,5 трлн теңге көлемінде қолдау көрсетті. Бұл қаржы шартты орналастыру тетіктері, пайыздық мөлшерлемелерді субсидиялау және кепілдендіру құралдары арқылы бағытталды. Кепілдіктер көлемінің ұлғаюы АӨК саласы бойынша жаңа сақтандыру және кредиттеу құралдарының, сондай-ақ «Өрлеу» жеңілдетілген кредит беру бағдарламасының іске қосылуымен байланысты.
Экспорт пен тікелей инвестицияларды қолдау
Есептік кезеңде 133 экспорттаушы жалпы 1,16 трлн теңгеге қолдау алды. Экспорттық-кредиттік агенттік 108 экспорттаушыға 483,7 млрд теңге көлемінде қаржылық және сақтандыру қолдауын көрсетті. Qazaqstan Investment Corporation 6 жобаны 344,5 млрд теңгеге қаржыландырды.
Агроөнеркәсіптік кешен
АӨК субъектілеріне көрсетілген қолдау көлемі 919 млрд теңге, барлығы 13 351 ауыл шаруашылығы тауар өндіруші қаржыландырылды. 24 инвестициялық жоба қолдау тауып, көктемгі егіс және жиын-терін жұмыстары 6,2 млн га алқапта қамтамасыз етілді. Холдингтің қолдауымен 10,3 мың бірлік ауыл шаруашылығы техникасы мен жабдық сатып алынды.
Тұрғын үй секторы
Отбасы банк халыққа 1,16 трлн теңге көлемінде қарыздар беріп, 56 мыңнан астам отбасыны баспанамен қамтамасыз етуге мүмкіндік жасады. Қазақстан тұрғын үй компаниясы 180,9 млрд теңге сомасына кепілдіктер берді, ЖАО облигацияларын 300,9 млрд теңгеге сатып алды және 20,6 млрд теңгеге жалдамалы тұрғын үйді иеленді.
2025 жылы жоспарланған 8 трлн теңгенің аясында 9 айдың қорытындысы бойынша 5,1 трлн теңге немесе 63,5% игерілді. Ең жоғары көрсеткіштерді Экспорттық-кредиттік агенттік, Аграрлық несие корпорациясы және КазАгроҚаржы көрсетті — олар жылдық жоспардың 70%-дан астамын орындады. Негізгі қаржыландыру АӨК-ке, металлургияға, лизингке және өндіріс саласындағы кредиттеуге бағытталды.