28.03.2025
- Холдинг туралы
Кеңес ал!
«Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ еншілес ұйымдардың қатысуымен стратегиялық сессия өткізді. Кездесудің басты мақсаты – 2025 жылы жүзеге асырылатын негізгі бағыттарды айқындау болды.
Холдингтің Басқарма төрағасы Рустам Қарағойшин өз баяндамасында елдің жаңа экономикалық саясатына сәйкес әзірленген бастамаларды ұсынды. Оның айтуынша, Холдинг Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындауда, соның ішінде 2029 жылға қарай ішкі жалпы өнім көлемін екі есеге ұлғайту жөніндегі стратегиялық мақсаттарға қол жеткізуде маңызды рөл атқаруды жалғастырады.
«Біз әділ мөлшерлемелер мен кәсіпкерлерге сенімділік беретін кешенді кепілдік жүйесін ұсынып, жаңа деңгейдегі құралдар мен тәсілдерге көшіп жатырмыз. Басты міндет – қаржыландыру көлемін ғана емес, оның тиімділігі мен тұрақтылығын қамтамасыз ету», – деді Рустам Карагойшин.
Холдингтің жаңа тәсілдері нарықтық қаржыландыру тетіктерін нығайтумен қатар, жеке инвестицияларды кеңінен тартуға бағытталған. Бизнесті қолдау синдикатталған және үлестік қаржыландыру құралдары, сондай-ақ кепілдік беру мен әділ қарыз шарттары арқылы іске асырылады.
Сессия барысында еншілес ұйымдардың – «Қазақстанның Даму Банкі» АҚ, «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ және «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ басшылары өздерінің 2025 жылға арналған жұмыс жоспарларымен бөлісті.
Биылғы жылы басымдық берілетін салалар – өңдеу өнеркәсібі, инфрақұрылым, агроөнеркәсіптік кешен мен экспортқа бағытталған өндірістер болмақ. Сонымен қатар, шағын және орта бизнесті қолдау – Холдинг қызметінің маңызды бағыттарының бірі. Бұл орайда кәсіпкерлер үшін несиелерге нарықтық шарттармен және ең төменгі жүктемемен қол жеткізу мүмкіндіктері кеңейтіледі.