Сұрақ-жауап
1408 Call-орталығы
А А

02.06.2026

Қазақстан Тұрғын үй Компаниясы Қостанай облысындағы энергетика және коммуналдық секторларды жаңғырту жобаларын қаржыландырды

Кеңес ал!

02.06.2026

«Бәйтерек» Гонконг пен Қытайдың бизнес-делегациясымен инвестициялық ынтымақтастық мәселелерін талқылады

«Бәйтерек» Гонконг пен Қытайдың бизнес-делегациясымен инвестициялық ынтымақтастық мәселелерін талқылады

2026 жылғы 2 маусымда Гонконг Қытай Халық Республикасының Арнайы әкімшілік ауданының Басшысы Джон Лидің Қазақстан Республикасына сапары аясында «Бәйтерек» ұлттық инвестициялық холдингі» АҚ Гонконг пен Қытайдың материктік бөлігінен келген бизнес-делегациямен кездесу өткізді. Келіссөздер инвестициялық ынтымақтастықты дамытуға, бірлескен жобаларды іске асыруға және экономиканың басым салаларын қаржыландыру бағытындағы өзара іс-қимылды кеңейтуге арналды.

Гонконг сауданы дамыту кеңесі (HKTDC) ұйымдастырған делегация құрамына Гонконгтың жетекші компанияларының 70-тен астам басшысы және Қытайдың материктік бөлігіндегі 17 провинция мен муниципалитеттің кәсіпорын өкілдері кірді. Делегация қаржы, логистика, инновациялық технологиялар, жасыл энергетика, тау-кен өнеркәсібі, биофармацевтика және медиа салаларында жұмыс істейтін компанияларды біріктірді.

Кездесуге «Бәйтерек» холдингі тарапынан Басқарма төрағасы Рустам Қарагойшин, Басқарма төрағасының орынбасарлары Тимур Онжанов пен Жандос Шайхы, сондай-ақ Қазақстанның Даму Банкі, Qazaqstan Investment Corporation, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры, Қазақстанның Экспорттық-кредиттік агенттігі және Аграрлық несие корпорациясының басшылары қатысты.

Кездесуді ашқан Рустам Қарагойшин Холдингтің қызметі мен ел экономикасындағы жаңа рөлін таныстырды. 2025 жылдың қорытындысы бойынша Холдингтің жиынтық активтері шамамен 40 млрд АҚШ долларын құрады. Өткен жылы «Бәйтерек» ел экономикасына 21 млрд АҚШ долларынан астам қаражат бағыттап, 100-ден астам ірі жобаны қаржыландырды, сондай-ақ мыңдаған шағын және орта бизнес субъектілері мен ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілеріне қолдау көрсетті.

Биыл Холдинг ұлттық инвестициялық холдинг мәртебесіне ие болды. Бұл оның шетелдік инвестицияларды тарту, ірі жобаларды құрылымдау және халықаралық инвестициялық әріптестікті дамыту бағытындағы мүмкіндіктерін кеңейтті.

Келіссөздердің негізгі тақырыптары экономиканың басым секторларына бірлесіп инвестиция салу мүмкіндіктері мен капитал нарықтарындағы ынтымақтастықты кеңейту мәселелері болды.

Ынтымақтастықтың келешегі зор бағыттарының бірі ретінде халықаралық серіктестердің агроөнеркәсіптік кешен жобаларына қатысуы қарастырылуда. Атап айтқанда, Qazaqstan Investment Corporation арқылы Холдинг мақсатты көлемі 1 млрд АҚШ долларына дейін жететін ADAL Fund L.P. қорын дамытуда. Қор агроөнеркәсіптік кешеннің экспорттық әлеуетін арттыруға, өнімді терең өңдеуді дамытуға және отандық өндірушілерді біріктіруге бағытталған.

Сондай-ақ капитал нарығын дамыту және борыштық қаржыландыру мәселелеріне ерекше назар аударылды. Оның ішінде тұрғын үй несиелеу нарығының 52%-ын иеленетін және тұрғын үй құрылыс жинақтары бойынша 6,1 миллионнан астам шарты бар елдегі ең ірі мамандандырылған тұрғын үй жинақ банкі – Отбасы банкінің ықтимал листингі талқыланды.

Тараптар арасындағы ынтымақтастықтың нақты нәтижелерінің бірі – Қазақстанның Даму Банкі жүзеге асырған көлемі 2 млрд қытай юанін құрайтын «Дим-сам» облигацияларын Гонконг және Қазақстан қор биржаларында орналастыру. Инвесторлардан түскен өтінімдер көлемі 4,9 млрд юаньға жетіп, орналастыру көлемінен 2,5 еседен астам жоғары болды. Инвесторлардың 62%-ын Азия нарығының қатысушылары құрады.

Бұдан бөлек, Холдинг Qazaqstan Investment Corporation қатысуымен China Huadian компаниясымен бірлесіп Ақтау қаласында қуаты 160 МВт болатын бу-газ электр станциясын салу жобасын іске асыруда. Жобаның жалпы құны шамамен 190 млн АҚШ долларын құрайды.

Келіссөздер қорытындысы бойынша «Бәйтерек» ұлттық инвестициялық холдингі» АҚ Bank of China (Hong Kong) Limited және Invest Hong Kong ұйымдарымен өзара түсіністік туралы меморандумдарға қол қойды. Ал Қазақстанның Даму Банкі Standard Chartered Hong Kong компаниясымен өзара түсіністік туралы меморандум жасасты. Құжаттарға қол қою рәсімі Гонконг Әкімшілігінің Басшысы Джон Лидің қатысуымен өтті.

«Бәйтерек» холдингімен практикалық ынтымақтастықты дамытуға Гонконг пен Қытайдың материктік бөлігіндегі бірқатар жетекші компаниялар ерекше қызығушылық танытты. Олардың қатарында Airport Authority Hong Kong, China Mengniu Dairy Company Limited, Standard Chartered Bank (Hong Kong) Limited және Shandong Energy Group Co., Ltd. бар. Тараптар логистика және инфрақұрылым, агроөнеркәсіптік кешен, қаржы секторы мен энергетика салаларындағы перспективалы жобаларды бірлесіп пысықтау жөніндегі жұмысты жалғастыруға уағдаласты.

Джон Лидің Қазақстанға сапары 2026 жылғы 31 мамыр мен 3 маусым аралығында өтуде. Бұл – Гонконг Әкімшілігі басшысының Қазақстанға жасаған алғашқы сапары.

Іс-шара Қазақстан мен Гонконг арасындағы іскерлік байланыстардың қарқынды дамуы жағдайында өтуде. 2025 жылы Қазақстан Гонконгтың Орталық Азиядағы ең ірі сауда серіктесі әрі негізгі экспорттық нарығына айналды. Ал Гонконг Қазақстан экономикасындағы маңызды инвесторлардың бірі ретіндегі орнын нығайтып келеді. 2025 жылғы ақпан мен 2026 жылғы ақпан аралығында Қазақстанда тіркелген гонконгтық компаниялар мен олардың филиалдарының саны 61%-ға өсіп, 158-ден 254-ке жетті.

Гонконг қазақстандық компанияларға халықаралық капитал нарықтарына, қаржылық және кәсіби қызметтерге, сондай-ақ жаһандық сауда желілеріне қол жеткізуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар Гонконг қазақстандық бизнес үшін Гуандун – Гонконг – Макао Үлкен шығанағы өңірінің, Оңтүстік-Шығыс Азия елдерінің және басқа да халықаралық нарықтардың мүмкіндіктеріне жол ашатын тиімді алаң бола алады.

2025 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан мен Гонконг арасындағы екіжақты тауар айналымы 178,8 млн АҚШ долларын құрап, алдыңғы жылмен салыстырғанда 38,1%-ға артты. Ал 2005 жылдан бері Гонконгтан Қазақстан экономикасына тартылған инвестициялардың жиынтық көлемі 3,9 млрд АҚШ долларынан асты.

Тараптар әріптестікті одан әрі дамытуға және Қазақстан, Гонконг пен Қытайдың материктік бөлігі арасындағы инвестициялық әрі сауда-экономикалық байланыстарды нығайтуға бағытталған бірлескен бастамаларды іске асыруға мүдделі екендерін білдірді.

Қосымша жаңалықтар

іс-шаралар
күнтізбесі

?

Іздегеніңізді
таппадыңыз ба?

  • Қазақстан Республикасы Президентінің ресми интернет-ресурсы
  • Қазақстан Республикасы Парламентінің ресми интернет-ресурсы
  • Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің ресми ақпараттық ресурсы
  • Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің ресми интернет-ресурсы
  • Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің ресми интернет-ресурсы
  • Қазақ тілінің қолданылу аясын кеңейтуге бағытталған электронды ресурстар