19.12.2024
- Холдинг туралы
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі, Директорлар кеңесінің төрағасы Ә.А. Смайыловтың төрағалығымен «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ Директорлар кеңесінің күндізгі отырысы болып өтті.
Директорлар кеңесінің қарауына «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ-ның 2022 жылғы инвестициялық саясатының орындалуы туралы ақпарат, сондай-ақ Холдингтің корпоративтік басқаруын жетілдіру жөніндегі есеп ұсынылды.
Мәселен, 2022 жылы Холдингтің еншілес ұйымдары жалпы сомасы 1 956 млрд теңгеге экономиканың шикізаттық емес салаларының кәсіпорындарына қолдау көрсетті. Өткен жылмен салыстырғанда қаржылық қолдау көлемі 172,3 млрд теңгеге немесе 9,6%-ға ұлғайған. Холдингтің агроөнеркәсіптік кешен саласындағы еншілес компанияларын қаржыландырудың жалпы көлемі 2022 жылы 522,3 млрд теңгені құрады, бұл ретте өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда өсім шамамен 12,5% (58,1 млрд теңгеге) құрады.
Мемлекеттік қолдау шараларының арқасында 6 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылды, 3,7 трлн теңгеге өнім шығарылды және қызметтер көрсетілді.
Отырыс шеңберінде Директорлар кеңесі шикізаттық емес экспорт көлемін ұлғайту бойынша қойылған стратегиялық мақсаттарға қол жеткізу үшін экспортты қолдау бойынша Қазақстан Республикасының мемлекеттік кепілдігін алу үшін «KazakhExport» ЭСК» АҚ-мен, Холдингтің еншілес ұйымымен өзара байланысты мәмілелер жасасу туралы шешім қабылдады.
Директорлар кеңесі «2023-2025 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заңда көзделген бюджеттік бағдарламаларды орындау мақсатында «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ жарғылық капиталын ұлғайтуға және жарияланған акциялар саны шегінде «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ жай акцияларын орналастыруға байланысты бірқатар мәселелерді қарады.
Директорлар кеңесі Ішкі аудиттің, сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс-қызметтің есептерін және сатып алуды бақылау жөніндегі орталықтандырылған қызметтің 2022 жылғы екінші жартыжылдықтағы есебін тыңдады.
Холдинг Директорлар кеңесінің қарауына 2022 жылғы IV тоқсандағы тәуекелдерді басқару жөніндегі есепті ұсынды. Тәуекелдер орташа деңгейде қалады.