03.12.2024
- Холдинг туралы
«Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингінің басқарма төрағасы Қанат Шарлапаев ел газеті Egemen Qazaqstan-ға сұхбат берді. Ол холдингтің атқарып жатқан жұмыстары туралы егжей-тегжей баяндап, алдағы жоба-жоспарларымен бөлісті.
Фархат ҚАЙРАТҰЛЫ
– Қанат Бисимбайұлы, «Бәйтерек» холдингіне басшы болып келгеніңізге 100 күн толды. Холдинг қолдау көрсеткен жобалармен жеке танысып, өңірлердегі кәсіпорындарды аралап жүргеніңізді байқадық. Холдинг алдағы уақытта ел экономикасының дамуына қалай үлес қоспақ?
– Өздеріңіз білесіздер, «Бәйтерекке» ақпан айының басында келдім. Мені ауқымды мақсаттарды арқалаған кәсіби мамандардан құралған біртұтас команда қарсы алды. Холдингтің ел экономикасындағы орны айрықша. Оның жұмысы біздің өміріміздің барлық бағытын қамтиды.
Жұмысқа кіріскелі холдингтің қолдауына ие болған кәсіпорындарды аралап жүрмін. Әзірше Қарағанды, Маңғыстау облыстарында және Алматы қаласында болдым. Өңірлерді аралаудың жыл соңына дейінгі кестесі түзілген. Менен бөлек, орынбасарларым да өңірлерге шығады. Бұл жобалармен танысу үшін және оларды іске асыруды тиімді бақылау үшін қажет. Біз тиімді өзара іс-қимылды, жаңғырту мен жобалардың экспорттық әлеуетін кеңейтуді көздеп отырмыз. Жаңа қызықты жобаларды іздейміз және өңірлердің ұсыныстарын қарастыруға әрдайым дайынбыз.
Осы аралықта біршама жұмыс тындырылды. Біріншіден, Қазақстан Даму банкін трансформациялау жұмыстары басталды. Іс-шаралар жоспарын белгілеп, бекіттік. Оның біразын орындап та үлгердік.
Екіншіден, халықтың әлеуметтік осал топтары үшін тұрғын үйді жалдау төлемдерін субсидиялау тетігін іске қостық. Мемлекет бағдарламаға қатысушыларға ай сайынғы төлемнің 50 пайызына дейінгі көлемін төлеуге ниетті. Арнайы құрылған порталда өтінімдер қабылданып жатыр. Бірақ шарттар республикалық және жергілікті бюджеттерден қаражат түскен соң жасалады. Шын мәнінде, бұл мұқтаж отбасыларға үлкен қолдау болмақ. Олар тұрғын үйді жалдауға жұмсайтын ақшаны үнемдеу арқылы тұрмыс жағдайларын жақсарта алады. Аталған бағдарлама аясында 70 мың отбасыға көмек көрсетіледі.
Үшіншіден, жуырда жеңілдетілген автонесие бағдарламасы іске қосылды. Бағдарлама – тұтынушылар үшін де, отандық өндірушілер үшін де тамаша мүмкіндік. Өйткені қолдау шаралары қос тарапқа да тиімді. Десе де, сұраныстың көптігінен түрлі мәселелер туындады. Қазір банктермен және автоөндірушілермен бірлесіп, автомобильдердің кезегін және басқа да мәселелерді шешу жолдарын пысықтап жатырмыз.
Төртіншіден, шаруаларды қолдау мақсатында көктемгі дала жұмыстарын және күзгі жиын-терім жұмыстарын қаржыландыруды 70 млрд теңгеден 140 млрд теңгеге дейін ұлғайттық. Бұл – біз үшін маңызды міндеттердің бірі.
– Қазақстан Даму банкін реформалау – ел назарындағы мәселе. Бұл бағытта қандай жұмыстар атқарылып жатыр? Аталған процесс қанша уақытқа созылады және ол қаншалықты тиімді?
– Иә, біз Қазақстан Даму банкінің қызметін реформалауға кірістік. Осы жылдың наурыз айында тиісті іс-шаралар жоспары бекітілді. Аталған жоспарда ашықтықты күшейтуге және банк қызметтеріне қолжетімділікті кеңейтуге арналған іс-шаралар көзделген. Біз қарыз алушылармен жұмысты жеңілдететін өзгерістер енгіздік. Мысалы, «Банк-Клиент» жүйесінің қашықтан жұмыс істейтін цифрлы банктік сервисін іске қостық. Сервис клиенттерге операциялы қызмет көрсету мерзімін қысқартуға мүмкіндік береді. Кредиттік өтінімдерді қарау мерзімін екі есе (153 күннен 73 күнге дейін) қысқарту үшін бизнес-процестерді модельдеу жүргізілуде.
Тағы бір жаңашылдық – несиелік өтінімдерді қабылдау және қарау бойынша цифрлы платформаны енгізу. Платформа клиенттер мен уәкілетті органдар үшін кредиттік өтінімдерді қарау рәсімдерінің қолжетімділігі мен ашықтығын жақсарту үшін әзірленген.
Іс-шаралардың басым бөлігі осы жылдың маусым айында орындалады. Кейбір іс-шаралар орындалды да. Атап айтқанда, BPM-жүйесі мен «Жеке кабинет» жүйесі «Индикативтік талдау» кезеңі бойынша модификацияланды. «Банк-Клиент» жүйесінің қашықтан жұмыс істейтін цифрлы банк сервисі іске қосылды.
Қазақстан Даму банкін реформалаудың тиімді тұстары көп. Банкті орташа және жоғары деңгейде өңделген шикізаттық емес өнім өндірушілерді қаржыландыруға шоғырландыру, ашықтықты арттыру және банк қызметтеріне қолжетімділікті кеңейту көзделген.
– Холдинг жұмысының тағы бір маңызды бағыты – шағын және орта бизнесті қолдау. Жыл басынан бері «Бәйтерек» холдингі қанша жобаға, қандай көлемде көмек көрсетті? Оның ел экономикасына әсері бар ма?
– «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры арқылы шағын және орта бизнесті қолдап келеміз. Негізгі құралдар – кәсіпкерлер несиелерінің пайыздық мөлшерлемесін субсидиялау, сондай-ақ несиелерге кепілдік беру.
Осы жылдың бірінші тоқсанында «Даму» қоры жалпы сомасы 61,9 млрд теңге болатын 1,9 мың жобаны қолдады. Мұның бәрі – қордың өз қаражаты. Республикалық бюджеттен қаржыландыру әлі басталған жоқ. 2022 жылы қор субсидиялау және кепілдік беру бойынша шамамен 42 мың жобаны, оның ішінде микрокредит беру аясында 34 мың жобаны, субсидиялау және кепілдік беру бойынша 8 мың жобаны қолдауды жоспарлап отыр.
Сонымен қатар «Даму» қорының қызметі басталғаннан бері (25 жылда) мемлекеттік қолдауға ие болған жобалар айтарлықтай әлеуметтік-экономикалық тиімділікке қол жеткізді. Атап айтқанда, осы аралықта 47,6 трлн теңгенің өнімі шығарылды. Мемлекеттік қолдау алған кәсіпорындар 4 трлн теңге салық төледі. Бұдан басқа 797 мың жұмыс орны құрылды.
Бағдарламаларды іске асырудың барлық кезеңінде «Даму» қоры 9,2 трлн теңгеге кәсіпкерлердің 156 мыңнан астам жобасына қолдау көрсетті. 2020 жылмен салыстырғанда барлық құрал бойынша қолдау 2021 жылы 74 пайызға, яғни 57,4 мың жобаға дейін өсті. Қаржылық қолдау сомасы 2,2 трлн теңгеге дейін ұлғайды.
«Даму» қоры алты жыл бойы отандық тауар өндірушілердің Ulttyq оnim ауқымды көрмесін ұйымдастырып келеді. Көрмеде біздің кәсіпкерлердің қандай пайдалы және қажетті өнімдер өндіретінін көруге болады. Осы жылдың 20-22 мамыры аралығында «Тәуелсіздік» сарайында өткен биылғы көрмеге Премьер-Министр Әлихан Смайылов қатысқанын атап өткен жөн.
– Экспорттаушыларға көрсетілген көмек туралы не айтасыз?
– Экспорттаушыларды қолдау туралы бөлек айтқанды жөн көріп отырмын. Бұл жерде біздің еншілес ұйымымыз – Kazakh Export экспорттық сақтандыру компаниясы басты рөл атқарады. 2022 жылдың басынан бері компания 16,6 млрд теңгеге 28 кәсіпкерлік субъектісіне қолдау көрсетті. Kazakh Export-тың қолдауы кезінде компаниялар экспорттық сату көлемін ұлғайтты немесе тиісті көлемді сақтауға мүмкіндік алды. Сондай-ақ кәсіпорындарда жұмыс істейтін қызметкерлердің штат саны ұлғайды (126 жұмыс орны құрылды).
Мысалы, «СарыарқаАвтоПром» ЖШС-ге 1 млрд теңгеге «қысқа мерзімді дебиторлық берешекті сақтандыру» өнімі аясында қолдау көрсетілді. Аталған өнім аясында Kazakh Export кәсіпорынның экспорттық келісімшарттар пулы бойынша төлемеу тәуекелін өзіне алды.
Сондай-ақ «Бест Қостанай» ЖШС-ге «қарызды сақтандыру» өнімі аясында 1 млрд теңгеге қолдау көрсетілді. Kazakh Export-тың қолдауы компанияға айналым қаражатын толықтыру үшін қаржы тартуға мүмкіндік берді.
Жақында Қазақстан экспорттаушыларының бірінші форумы өтті. Оған өзім де қатыстым. Біз отандық экспортты дамыту жөніндегі өзекті мәселелерді талқыладық, сондай-ақ үздік өндірушілерді марапаттадық. Аталған алаң болашақта отандық тауарларды ілгерілетуге мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде қазақстандық компаниялардың тауар айналымын арттырады.
– Агроөнеркәсіпті қолдау да холдингтің негізгі бағыттарының бірі екенін жақсы білеміз. Бұл бағыт бойынша да мемлекет қолдауының игілігін көріп отырғандар аз емес шығар?
– Иә, бұл да негізгі бағыттың бірі. Биылғы жылдың бірінші тоқсанында «Аграрлық несие корпорациясы» мен «ҚазАгроҚаржы» 112 млрд теңгеге шамамен 3,5 мың қарыз берді. Оның басым бөлігін, яғни 110,7 млрд теңгесін шағын және орта бизнес субъектілері (ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілер мен қайта өңдеушілер) иеленді.
Сонымен қатар бірінші тоқсанда «Аграрлық несие корпорациясы» 10 жаңа инвестициялық жобаны қаржыландырды. Олардың жалпы құны 10,6 млрд теңгеге тең. Жобалар ауыл шаруашылығы өнімдерін, яғни жылына 2,5 мың тонна ашыған сүт өнімін, 1,5 мың тонна құс етін, 3,6 мың тонна көкөніс және 12 мың тонна жем-шөп өндіруге және қайта өңдеуге бағытталған.
Қазіргі уақытта «Аграрлық несие корпорациясында» жалпы құны 45,9 млрд теңге болатын 28 инвестициялық жоба қарастырылуда. Жаңа қуаттарды іске қосу импортқа тәуелділікті азайтуға және азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға ықпал ететін болады.
«ҚазАгроҚаржы» да жақсы көрсеткіштерге қол жеткізіп отыр. Осы жылдың бірінші тоқсанында 25 млрд теңгеге 1 186 ауыл шаруашылығы техникасы мен жабдығын сатып алуға қаржылық лизинг шарттары жасалды.
Жалпы, біз ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау көлемін арттыруға ниеттіміз.
– Жақында Реформалар жөніндегі жоғары кеңестің отырысында Мемлекет басшысы «Жаңа экономикалық саясатты» әзірлеу туралы айтты. Президент құжатта «Самұрық-Қазына» қоры мен «Бәйтерек» холдингінің рөлін анықтау қажет деді. Өйткені олар экономиканың да, мемлекеттік саясаттың да маңызды субъектілері болып саналады және олардың жұмысын нақты реттеу көп жағдайда тұтас экономикалық саясаттың тиімділігін айқындайтын болады. Аталған құжатта «Бәйтеректің» рөлі қандай болмақ? Жалпы, елімізде орын алып жатқан өзгерістер аясында халықтың даму институтына деген сенімін қалай арттыруға болады?
– Қазіргі уақытта жаңа экономикалық саясат жөніндегі құжатты мемлекеттік органдар мен мүдделі тараптар кеңінен талқылауда. Негізгі әзірлеуші – Ұлттық экономика министрлігі. Холдинг еліміздің жаңа экономикалық саясатының негізгі басым бағыттары, пайымдары мен тәсілдері бойынша ұсыныстар қалыптастыруға белсенді қатысады.
«Қазақстанның жаңа экономикалық саясатының» түйінді міндеттерінің бірі – сауда мен ішкі өндірістің неғұрлым алуан түрлі құрылымына көшу, мемлекеттік бюджеттің шикізаттық емес кірістерін ұлғайту арқылы экономиканы әртараптандыру. Осы бағыт аясында «Бәйтерек» холдингінің негізгі рөлі – мемлекеттік қолдау шараларын шикізаттық емес экспортқа, сондай-ақ импортқа тәуелділікті азайтуға бағытталған жобаларға шоғырландыру.
Холдинг еншілес ұйымдардың кредиттік портфельдерінің құрылымында орташа және жоғары деңгейде өңделген жобалар үлесін ұлғайтуға үлкен екпін жасайды. Кез келген елдің өндіріс құрылымында орташа және жоғарғы деңгейдегі өңделген тауарлардың көп болуы шикізат бағасының ауытқуына қарамастан, оның тұрақты және орнықты дамуын қамтамасыз етеді.
Бұдан бөлек холдинг елдің азық-түлік қауіпсіздігін және көктемгі егіс жұмыстарын қамтамасыз етуге бағытталған жобаларды қаржыландыру арқылы агроөнеркәсіп секторын қолдауды жалғастырады. Сондай-ақ экономиканың тұрақты дамуына жәрдемдесу және бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін арттыру мақсатында ESG стандарттарымен жұмыс істейтін жобаларды қолдауға ерекше назар аударатын болады.
Халықтың сенімін арттырудың негізгі критерийі – кез келген компанияның ашықтығы мен айқындығы. Холдингке келетін болсақ, біз жыл сайын клиенттердің еншілес ұйымдар көрсететін қызметтердің сапасына қанағаттану деңгейіне бағалау жүргіземіз. Оның нәтижелері негізінде жұмысымызды жетілдіріп отырамыз.
– Алдағы жоба-жоспарлар туралы да айтып берсеңіз. Қандай бағыттарға, нендей жобаларға басымдық берілмек?
– Алдағы уақытта холдингтің жұмысы экспортқа бағдарланған орташа және жоғары деңгейде өңдеумен айналысатын өндірістерді дамытуға бағдарланады. Бұл экспорттық кірістердің шикізат бағасының құбылмалылығына тәуелділігін төмендетуге мүмкіндік береді. Бұдан бөлек тұтыну тауарларының импортын алмастыру қажет. Отандық тауарлар ішкі нарықты толық жауып қана қоймай, экспорттық әлеуетімізді де еселеуге тиіс.
Ірі бизнесті қолдауда бірлесіп қаржыландыру құралдарын дамыту, қарсы міндеттемелерді күшейту, микро және шағын кәсіпкерлікті қаржыландыру, портфельдік кепілдік беру мен субсидиялауды дамыту, сондай-ақ Kazakh Export атынан экспорттық кредит агенттігінің мәртебесін заңнамалық тұрғыдан бекіту және реттеу жөніндегі жұмыстар жалғасады.
Агроөнеркәсіптік кешенді қолдаудағы дәл қазіргі сәттегі негізгі міндет – көктемгі егіс және күзгі егін жинау жұмыстарын қаржыландыру. Одан кейінгі басымдық – өтінімдерді қарау мерзімін қысқарту, шағын бизнесті қолдауды кеңейту және ауылды жерлерде микрокредит беруді дамыту. Сондай-ақ ұзақ мерзімді кезеңде холдинг агроөнеркәсіп саласында көрсетілетін қызметтерді толық цифрландыруды, ауыл шаруашылығы саласында бірыңғай интеграцияланған операторды қалыптастыруды көздеп отыр.
Тұрғын үй құрылысын дамыту бойынша холдинг сұраныс тарапынан, яғни Отбасы банкі арқылы да, сондай-ақ ұсыныс тарапынан да, яғни Қазақстан тұрғын үй компаниясы арқылы да өз қызметін жүзеге асырып келеді. Тұрғын үй саясатын реформалау жөніндегі заң жобасы аясында Отбасы банкін ұлттық даму институтына айналдыру көзделіп отыр. Оның негізгі міндеті – республика бойынша азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз етудегі тұрғын үй қатынастарын дамыту болмақ. Осыған орай Отбасы банкін екінші деңгейлі банктер жүйесінен шығару жоспарланған. Отбасы банкінің базасында тұрғын үймен қамтамасыз ету жөніндегі орталық құрылады. Ол тұрғын үйге мұқтаж адамдарды есепке алу, есепке қою, есепті жүргізу, сондай-ақ қолжетімділік сатысына сәйкес кезек бойынша тұрғын үйді бөлуді орталықтандырылған негізде жүзеге асырады. Орталықтың базасы жеке тұлғалардың мемлекеттік дерекқорларымен интеграцияланады. Бұл тұрғын үйге мұқтаж азаматтар тізімін қалыптастыруға және есепке қоюға, кезекте тұрғандар базасын жүргізу, мониторингілеу және өзектендіру үдерісін автоматтандыруға мүмкіндік береді.
Өз кезегінде Қазақстан тұрғын үй компаниясы қалалардың бас жоспарларының тұжырымдамасын қалыптастыру және кешенді құрылыс стандарттарын әзірлеу арқылы шағын аудандардың кешенді құрылысын қолдауды жүзеге асырады. Бұл шаралар тұрғындарға жайлы өмір сүру жағдайларын жасау үшін коммуналдық, көліктік және әлеуметтік инфрақұрылым объектілерімен қамтамасыз етуге жол ашады.
Сонымен қатар биыл біз еншілес ұйымдардың санын қысқарту жұмысын аяқтаймыз. Өздеріңізге мәлім, 2019 жылы холдингте «ҚазАгроны» қоса есептегенде 14 еншілес ұйым болған еді. Биыл олардың саны жетеу болмақ.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен
Фархат ҚАЙРАТҰЛЫ,
«Egemen Qazaqstan»