Кеңес ал!

16.10.2026

Қазақстандағы жаңа өндірістерге арналған Қытай капиталы. «Бәйтерек» холдингі қаржылық әріптестікті кеңейтуде

Қазақстандағы жаңа өндірістерге арналған Қытай капиталы. «Бәйтерек» холдингі қаржылық әріптестікті кеңейтуде

Бейжіңде Басқарма төрағасы Рустам Карагойшин бастаған «Бәйтерек» ұлттық инвестициялық холдингінің делегациясы Қытайдың жетекші қаржы институттарының басшылығымен бірқатар кездесу өткізді. Келіссөздердің негізгі тақырыбы Қазақстанның өңдеу өнеркәсібі, агроөнеркәсіп кешені, инфрақұрылым және энергетика салаларындағы жобаларға ұзақ мерзімді қаржыландыру тарту болды.

Бұл жұмыс Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұзақ мерзімді капитал тарту және экономиканың нақты секторын қаржыландыруды кеңейту жөніндегі тапсырмалары аясында жүргізілуде. Жаңа инвестициялық цикл жағдайында Холдинг елдің қажеттіліктерін ескере отырып, жобаларды қалыптастыру және сүйемелдеу жұмысын күшейтуде. Қытайдың қаржы институттарымен ынтымақтастық оларды іске асыруға қажетті қаржы көздерін кеңейтуге бағытталған.

«Ұлттық инвестициялық холдинг мәртебесінде біз белсенді инвестициялық саясатқа көшіп жатырмыз. Бұл ұзақ мерзімді капитал тартуды, инвестициялық жобаларды өз бастамамызбен қалыптастыруды және Қазақстан экономикасының стратегиялық салаларын дамытуды көздейді. Қытайдың қаржы институттарымен әріптестік өңдеу өнеркәсібін, агроөнеркәсіп кешенін, инфрақұрылым мен энергетиканы қаржыландыруды кеңейтуге мүмкіндік береді деп санаймыз», – деді Рустам Карагойшин.

Қытайдың сауда-өнеркәсіп банкі Industrial and Commercial Bank of China (ICBC) Директорлар кеңесінің төрағасы Ляо Линьмен кездесуде кредит беру және капитал нарықтарындағы ынтымақтастықты кеңейту мәселелері талқыланды. ICBC-мен әріптестік аясында Аграрлық несие корпорациясы мен Өнеркәсіпті дамыту қоры арқылы қазақстандық кәсіпорындарға қолдау көрсетіліп келеді.

Қытайдың мемлекеттік даму банкі China Development Bank (CDB) президенті Хуан Чжицянмен Рустам Карагойшин «Бәйтерек» холдингінің компаниялар тобы жобаларын ұзақ мерзімді қаржыландыру мүмкіндіктерін талқылады. CDB-мен ынтымақтастық нақты жобаларға негізделген. Банктің қаражаты есебінен Қазақстанда газ өңдеу, энергетика, металлургия және автомобиль жолдары инфрақұрылымы салаларындағы жобалар қаржыландырылуда. Әріптестікті кеңейту ұзақ мерзімді қаржыландыруды қажет ететін, капиталды көп қажетсінетін жобаларды қолдау мүмкіндігін арттырады.

Қытай банкі Bank of China президентінің орынбасары Лю Чэнганмен келіссөздер барысында қаржыландыру ұсыну мүмкіндіктері қарастырылды. Гонконгтағы Bank of China-мен өзара іс-қимылға және халықаралық капитал нарығында қаражат тарту үшін банктің мүмкіндіктерін пайдалануға ерекше назар аударылды.

ICBC және Bank of China-мен кездесулердің ортақ тақырыбы Холдингтің құрлықтық Қытайдан тыс жерде юаньмен шығарылатын «дим-сам» облигациялары нарығына алғаш рет шығуына дайындық болды. Осы құрал арқылы қаражат тарту халықаралық инвесторлар аясын кеңейтуге және қазақстандық жобаларды қаржыландыру көздерін әртараптандыруға мүмкіндік береді.

Бейжіңдегі келіссөздер Холдингтің инвестициялық жұмысының келесі кезеңіне қаржылық негіз қалыптастыруға бағытталған. Қазақстан үшін мұндай ынтымақтастықтың практикалық маңызы өндірістерді іске қосу және жаңғырту, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу, энергетикалық қуаттар мен көлік инфрақұрылымын дамыту мүмкіндіктерін кеңейтуде. Бұл жобаларды іске асыру жұмыс орындарын құруға, қосылған құны жоғары өнім шығаруды ұлғайтуға және елдің экспорттық әлеуетін нығайтуға ықпал етеді.

Қосымша жаңалықтар

іс-шаралар
күнтізбесі

?

Іздегеніңізді
таппадыңыз ба?

  • Қазақстан Республикасы Президентінің ресми интернет-ресурсы
  • Қазақстан Республикасы Парламентінің ресми интернет-ресурсы
  • Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің ресми ақпараттық ресурсы
  • Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің ресми интернет-ресурсы
  • Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің ресми интернет-ресурсы
  • Қазақ тілінің қолданылу аясын кеңейтуге бағытталған электронды ресурстар