19.12.2024
- Холдинг туралы
2022 жылғы 27 сәуірде «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ Басқарма төрағасы Қанат Шарлапаев өңірлерді және қаланы дамыту, тұрғын үй құрылысы мәселелері бойынша жыл сайынғы «QazUrbanForum 2022: жаңа Қазақстанның контурлары» форумына қатысты.
Форумды ел Президентінің «Жаңа Қазақстан: жаңарту және жаңғырту жолы» атты Жолдауы шеңберінде, қоғамдық ұйымдар мен белсенділерді реформаларды дайындауға және іске асыруға кеңінен тарту мақсатында, «QazUrban» қалаларды дамытуға жәрдемдесу қауымдастығы ұйымдастырды.
Форумның пленарлық отырысында сөз сөйлеген Қ. Шарлапаев қатысушыларға Холдинг пен оның еншілес ұйымдарының тұрғын үй құрылысы және урбанистика мәселелері бағытындағы жұмысы туралы айтты. Сонымен қатар, экономикалық белсенді халықты жұмыс орындарымен қамтамасыз ету және тұрғын үйді қолжетімді ету, барлық азаматтардың бос уақытын дұрыс ұйымдастыру үшін өңірлерді байланыстыратын нүктелерді дамыту қажет екенін атап өтті.
- Қазіргі уақытта «Бәйтерек» холдингінің еншілес ұйымы – «Қазақстан Тұрғын үй Компаниясы» АҚ (ҚТК) ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігімен бірлесіп, кешенді шағын аудандарды салу жөнінде ұсыныстар әзірлеуде, оның аясында Қазақстан қалалары жоспарларының тұжырымдамалары қалыптастырылады және кешенді құрылыс салу стандарттарын әзірленеді. Бұл шаралар тұрғындардың өмір сүруіне қолайлы жағдай жасау үшін тұратын жеріне жақын коммуналдық, көліктік, әлеуметтік инфрақұрылым объектілерімен қамтамасыз ете отырып, қалыптасқан нүктелік құрылыстан кешенді құрылысқа көшуге мүмкіндік береді. Бұл ұзақ процесс, бірақ оны қазірден бастау аса маңызды, - деп санайды Қанат Шарлапаев.
Сонымен қатар, Холдинг басшысы ипотекалық кредит елдің ЖІӨ өсуінің маңызды факторы болып табылатынын атап өтті. «Қазіргі уақытта ипотекалық кредит портфелінің елдегі жалпы ішкі өнімге қатынасы 3,6%, бұл дамыған елдердегі көрсеткіш деңгейінен әлдеқайда төмен», - деді ол.
Айта кететіні, халық үшін ипотеканың қолжетімді ету және Қазақстанда тұрғын үй құрылысын дамыту мақсатында, «Бәйтерек» холдингі мен ҚТК ипотекалық қарыздарды субсидиялайтын жаңа бағдарламаның шарттары мен параметрлерін мемлекеттік органдармен, құрылыс компанияларымен және ЕДБ-мен талқылауда. Аталған бағдарлама ойдағыдай іске қосылған жағдайда, халық тұрғын үй сатып алу үшін қолжетімді ипотекалық кредиттер алады, ал құрылыс саласының дамуына қосымша серпін беріледі.
Форумға «Отбасы банк» АҚ Басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимова, «Қазақстан Тұрғын үй Компаниясы» АҚ Басқарма төрағасы Рустам Исаев қатысты. Олар өңірлер мен қаланы дамытудағы қазіргі үрдіске қатысты өз пікірлерін білдіріп, Қазақстандағы тұрғын үй құрылысының дамуы бойынша болжамдарын айтты.