19.12.2024
- Холдинг туралы
2018 жылғы 28 қыркүйекте Венада Қазақстанның инвестициялық мүмкіндіктеріне арналған Экономикалық форум болып өтті. Аустрияның Экономикалық палатасы ұйымдастырған іс-шараға мемлекеттік органдардың, іскерлік топтардың және екі елдің сауда ұйымдары, «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ, «KazakhInvest» АҚ, «Зерде» холдингінің өкілдері қатысты.
Форум барысында қазақстандық-аустриялық жобаларды алға жылжытудың қаржылық және қаржылық емес құралдары туралы Басқарушы директор – «Бәйтерек» холдингі Басқармасының мүшесі Айнұр Қуатова баяндама жасады.
А. Қуатова өз сөзінде еуропалық елдермен ынтымақтастық «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ халықаралық қызметінің басым бағыты болып табылатындығын айтып өтті. Сондай-ақ, Аустрия екіжақты сауда көлемдері бойынша Еуропалық одақ елдері арасында тоғызыншы орында, ал Қазақстан – ТЕД елдері арасында Аустрияның екінші сауда серіктесі болып табылады. 2017 жылдың қорытындылары бойынша екіжақты сауда көлемі 1 млрд евродан артты, бұл 2016 жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 28%-ға жоғары. Қазақстандық экспорт 945 млн евроны, ал Аустриядан импорт – шамамен 150 млн евроны құрады.
А. Қуатова қазіргі кезде «Бәйтерек» холдингі «бір терезе» принципіне негізделген инвесторлармен жұмыста жаңа тәсілдемені жүзеге асырмақ екендігін атап айтты. Ол инвестицияға қолдау көрсету және Холдингтің барлық 11 еншілес ұйымдарының қаржылық құралдарды тиімді қолдану мәселелерін кешенді түрде шешуге мүмкіндік береді.
– «Бәйтерек» Холдингі жалғыз акционер – ҚР Үкіметі тарапынан үлкен қолдауға ие болып отыр және Қазақстанның егеменді рейтингі деңгейінде кредиттік рейтингілері бар. Елімізді дамытудың негізгі қаржы құралы ретінде Холдинг жобаларды құрылымдау кезеңінен бастап оларды қаржыландырумен және сараптамалық қолдау көрсетумен аяқтай отырып, әр түрлі қолдау түрлерін көрсету арқылы қазақстандық және аустриялық бизнеске іскерлік бастамалар бойынша сенімді серіктес ретінде көмек көрсетуге дайын,»- деді Айнұр Қуатова.
Сонымен қатар, форум барысында инвестициялық ахуалды дамыту, аустриялық кәсіпорындар үшін өзекті мүмкіндіктер, біздің елімізде бизнес жүргізу үшін инвесторларға заңнамалық қолдау көрсету және заңды аспектілер туралы баяндамалар жасалды.