13.05.2025
- Холдинг туралы
Кеңес ал!
2025 жылғы 16-18 мамыр аралығында Астанадағы EXPO халықаралық көрме орталығында отандық өндірушілердің жыл сайынғы «Ulttyq ónim» VIII көрмесі өтеді. Көрмеге Қазақстанның барлық өңірінен 350 компания қатысады. Елорда тұрғындары мен қонақтары отандық өнім түрлерімен танысып, тікелей өндірушілерден сатып ала алады.
Көрме аясында мемлекеттік қолдаудың арқасында шығарылған өнімдерге ерекше назар аударылады. Атап айтқанда, «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ еншілес ұйымы – «Даму» Қорының бағдарламалары аясында қолдау алған кәсіпорындардың өнімдері ұсынылады. Сонымен қатар, көрмеге «Бәйтерек» холдингінің компаниялар тобына кіретін ұйымдар –«Аграрлық несие корпорациясы» АҚ, «Қазақстанның Даму Банкі» АҚ, «Қазақстанның экспорттық-кредиттік агенттігі» АҚ, «Qazaqstan Investment Corporation» АҚ және BGlobal Ventures венчурлік компаниясы да қатысады.
Көрмеде азық-түлік, жеңіл және химия өнеркәсібі, машина жасау, жабдықтар мен зергерлік бұйымдар сияқты түрлі сала өнімдері ұсынылады. Қатысушылар қатарында «Гормолзавод», ұлттық тәттілер өндірушісі «Aq Dam», ешкі сүтінен өнім шығаратын Galamilk, белсенді демалыс пен туризмге арналған Altay Outwear, «Balausa Jewelry» зергерлік бұйымдары, «Қайнар АКБ» аккумуляторлары, «Su bereke» ирригациялық машиналары, дезинфекция құралдарын өндіруші «Аврора», және тұрмыстық техника шығаратын «Almaty Turmystyq Tehnika Zavody» сынды брендтер бар.
«Ulttyq ónim» аясында кәсіпкерлікті дамыту тақырыбында панельдік сессиялар өтеді. Оған қазақстандық және халықаралық спикерлер қатысады. Сонымен қатар, сән көрсетілімдері, кәсіпкерлерден шеберлік сабақтары, «Халық таңдауы» дәм тату байқауы, көрме қатысушыларынан сыйлықтар ойнатылатын ұтыс ойындары мен концерттік бағдарламалар ұйымдастырылады.
«Ulttyq ónim» көрмесі – отандық тауарлар мен қызметтерді танымал етуге және насихаттауға ықпал ететін жақсы дәстүрге айналды. Жыл сайын көрмеге келушілер саны көбейіп келеді: 2022 жылы көрмені 20 мыңнан астам адам тамашаласа, 2023 жылы 22 мыңнан асты. Сауда көлемі де 2022 жылғы 70 млн теңгеден 2023 жылы 74,1 млн теңгеге дейін артқан.
Елорда тұрғындары мен қонақтарын «Ulttyq ónim» көрмесін тамашалап, отандық өндірушілерді қолдауға шақырамыз!
Өтетін жер: EXPO халықаралық көрме орталығы (Мәңгілік ел, 53/1)
Салтанатты ашылу рәсімі: 16 мамыр, 09:00.
Көрме өтетін уақыт: 2025 жылдың 16-18 мамыр күндері 09:00-18:00 аралығында.
БАҚ аккредитациясы: +7 707 144 75 20 – Динара Жаркеева, «Даму» Қорының баспасөз хатшысы