19.12.2024
- Холдинг туралы
Жалғыз акционер болып табылатын «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ-ның шешімімен «Қазақстанның Даму Банкі» АҚ («ҚДБ» АҚ) Басқармасының төрағасы және Директорлар кеңесінің мүшесі болып ағымдағы жылдың 29 сәуірінен бастап Сарқұлов Абай Серікұлы сайланды.
Абай Сарқұлов Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетін «Банк ісі» мамандығы бойынша бітірген.
Абай Серікұлы банк саласындағы кәсіби қызметін 2003 жылы валюталық операциялар менеджері болып бастаған, 2006 жылдан бастап 2007 жылға дейін «Алматы Халықаралық Банкі» АҚ филиалында директор орынбасарының міндетін атқарушы қызметінде болды.
2007 жылы «ҚДБ» АҚ Жобаларға кредит беру басқармасының менеджері лауазымына тағайындалған. Кейінгі жылдары бас менеджер, басқарма бастығы, Жобалық дирекция басшысының орынбасары, одан кейін «ҚДБ» АҚ Жобалық дирекциясының басшысы қызметтерін атқарды.
2015 жылғы 15 маусымнан бастап - «ҚДБ» АҚ Басқарушы директоры - Басқарма мүшесі.
2016 жылғы 15 сәуірден бастап - «ҚДБ» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары.
2017 жылғы ақпаннан бастап - «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ Басқарма төрағасы.
«Бәйтерек» ҰБХ» АҚ Басқармасының шешімімен Жәмішев Болат Бидахметұлының «ҚДБ» АҚ Басқармасының төрағасы және Директорлар кеңесінің мүшесі ретіндегі өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтатылғанын еске саламыз.
Анықтама үшін:
«Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ Қазақстан Республикасы Президентінің 2013 жылғы 22 мамырдағы Жарлығына сәйкес құрылды. Корпоративтік басқарудың озық стандарттарына сәйкес келетін және оны әртараптандыру, инновацияларды қолдау, экспортты дамыту, еңбек өнімділігін арттыру арқылы Қазақстан экономикасының тұрақты дамуы бойынша мақсаттарды қамтамасыз ететін Қазақстан Республикасы Үкіметінің негізгі институты. Холдинг құрамына «Қазақстанның Даму Банкі» АҚ, «Қазақстанның инвестициялық қоры» АҚ, «Қазақстанның Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ, «Қазақстандық ипотекалық компания» АҚ, «KazakhExport» ЭСК» АҚ, «Даму» КДҚ» АҚ, «QazTech Ventures» АҚ, «Тұрғын үй құрылысына кепілдік беру қоры» АҚ, «Қазына Капитал Менеджмент» АҚ, «Бәйтерек девелопмент» АҚ, «Kazakhstan Project Preparation Fund» ЖШС кіреді.
«Қазақстанның даму банкі» АҚ Қазақстан Республикасы Президентінің 2000 жылғы 28 желтоқсандағы Жарлығымен құрылды. Банк елдің шикізаттық емес секторына инвестиция салу жолымен ұлттық экономиканың тұрақты дамуына жәрдемдеседі.