- Холдинг туралы
Қайырлы күн, қымбатты әріптестер!
Бүгін мен «Бәйтерек» холдингі өзінің еншілес ұйымы – «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры арқылы жүзеге асыратын «Бизнестің жол картасы 2025» мемлекеттік бағдарламасының аралық нәтижелері жайлы сөз еткім келеді.
Қазақстан бизнесі үшін қазіргі кезең – өте қиын болып тұр. Коронавирус пандемиясына байланысты мәжбүрлі шектеу шараларынан бизнес тұралап, шығынға ұшырап отыр.
Мұндай жағдайда «Бәйтерек» холдингі шағын және орта бизнесті қолдауға басымдық береді. Шағын және орта кәсіпкерлерге мемлекеттік бағдарламалар аясында да, өзіміздің бағдарламаларымыз аясында да көптеген қолжетімді құралдарды ұсынамыз. Бұл қолдау құралдарының көбі «Бизнестің жол картасы» мемлекеттік бағдарламасына шоғырланған.
«Бизнестің жол картасы» Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың тапсырмасы бойынша 2010 жылдан бастап жүзеге асырылып келеді. Бағдарлама тиімділігін дәлелдеп, қазақстандық кәсіпкерлердің нағыз көмекшісі екенін танытты. 2013 жылдан бері «Даму» қоры бұл бағдарламаны «Бәйтерек» холдингі құрамында жүзеге асыруда.
Біз, ең алдымен, қаржыландыру қалалық және ауылдық кәсіпкерлер үшін бірдей қолжетімді болғанын қалаймыз. Осылайша олар жаңа бизнесін ашып қана қоймай, бұрынғысын дамыта алады. Сондағы мақсатымыз – өңдеу өнеркәсібінің өнімін ұлғайту. Бәсекеге қабілетті жаңа өндірістерді көбірек құрып, халықты шағын және орта кәсіпкерлік жұмысымен қамтуды көздедік. Бұл мақсаттарға жоспарға сай қол жеткізіп келеміз.
Шағын және орта бизнесті қолдау құралдарының ішінде сыйақы мөлшерлемесін субсидиялау құралы сұранысқа ие болып отыр. 2020 жылғы 1 тамыздағы жағдай бойынша «Даму» қоры 2010 жылдан бері бағдарламаның үш бағыты бойынша 2,8 триллион теңге сомасына 16311 жобаны субсидиялады. Оның ішінде 2018 жылы жалпы кредит сомасы 173 миллиард теңгеге 1 432 жоба, ал 2019 жылы жалпы кредит сомасы 154 миллиард теңгеге 2 402 жоба қолдау тапты. Салыстыра келе, қолдау көлемі ұлғайып жатқанын атап өткім келеді.
Мысалы, «ҮМІТ» томотерапия және ядролық медицина ауруханалық кешені» ЖШС бизнесті мемлекеттің қолдауы арқасында Нұр-Сұлтан қаласында Радиотерапия және ядролық медицина емдеу-диагностикалық аурухана кешенін салды. Бұл Қазақстан мен Орта Азиядағы бірегей кешен. Мұнда онкологияға шалдыққан науқастарды томотерапияның жаңа заманауи әдісі (сәулелік терапияның жаңа әдісі) бойынша «TomoTherapy HD» жабдығын қолдана отырып емдейді. Осы әдістің арқасында қатерлі ісіктің барлық түрлерін, тіпті, қазіргі уақытқа дейін радиосәулелендіру немесе хирургия көмегімен жою қиын болған түрлерін де емдеуге болады.
Осы кешеннің құрылысын аяқтау мақсатында компания басшылығы екінші деңгейдегі банктен жылдық 13,5%-бен қарыз алды, оның 40%-ын мемлекет «Бизнестің жол картасы-2020» шеңберінде субсидиялайды, ал айырмасын кәсіпкер төлейді, кредит мерзімі 5 жыл.
Субсидияланатын жобалардың салалық құрылымында өңдеу өнеркәсібі (жалпы кредит сомасы 1,2 триллион теңгелік 4 444 жоба), көлік және қоймалау (сомасы 413 миллиард теңгелік 3 629 жоба) жобалары басым. Көтерме және бөлшек саудадағы 286 миллиард теңгелік 2 293 жоба, 144 миллиард теңгелік 1 220 ауыл шаруашылығы жобасы бар.
Өңірлер арасында Павлодар (жалпы кредит сомасы 190 миллиард теңгелік 1 304 жоба) және Шығыс Қазақстан (жалпы кредит сомасы 179 миллиард теңгелік 1 261 жоба) облыстары көш бастап тұр. Ақтөбе облысында 154 миллиард теңгенің 1212 жобасы осындай қолдауға ие болды.
Шағын бизнесті мемлекеттік қолдаудың сұранысқа ие тағы бір шарасы – «Даму» қоры беретін кепілдік. Кәсіпкер өз бизнесін ашуға немесе кеңейтуге кредит алатын кезде кепілзаты жеткіліксіз болғанда осы кепілдікті пайдалана алады.
2020 жылғы 1 тамыздағы жағдай бойынша кредит сомасы 306 миллиард теңге болатын 7 518 жоба бойынша кепілдіктер берілді, кепілдіктер сомасы 117 миллиард теңгені құрады. Оның ішінде 2019 жылы жалпы кредит сомасы 74 миллиард теңге болатын 1 726 жобаға қолдау көрсетілді, кепілдік сомасы 27 миллиард теңгені құрады.
Осындай кәсіпорындардың бірі – «Гидрострой Шымкент Групп» компаниясы – Қазақстандағы шыныдан құралатын мозаика жасайтын алғашқы және үздік компания. Шыны мозаика қабырғаларды әрлеу, безендіру, еденді, бассейндерді, субұрқақтарды қаптау, т.б. үшін өте көркем және қолайлы екенін сіз білесіз. Бүгінгі таңда, әйнекті өңдеу және өндіру технологиялары материал түрін көбейтіп қана қоймай, оның құнын төмендетті, бұл еден мен қабырғаларды әрлеуде шыны мозаиканы қолдануға мүмкіндік берді.
Құрал-жабдықтарды сатып алу және айналым қаражатын толықтыру үшін кәсіпорын «Даму» қорына жеңілдікпен кредит алу үшін жүгінді, ал екінші деңгейдегі банк жобаны қарап, 14,25%-бен қаржыландыруға келісті, оның 7,13%-ын «Даму» қоры субсидиялайды, сондай-ақ кепілзаттың жеткіліксіз бөлігін Қор өз кепілдігімен қамтамасыз етті.
Сала бойынша бөлгенде қаржыландырылған жобалар арасында өңдеу өнеркәсібінің (жалпы кредит сомасы 103 миллиард теңге болатын 2 206 жоба) және сауда саласының (кредит сомасы 32 миллиард теңге болатын 1 309 жоба) үлесі көп.
Өңірлер арасында Ақтөбе (жалпы кредит сомасы 20 миллиард теңге болатын 582 жоба) және Павлодар (жалпы кредит сомасы 21 миллиард теңге болатын 535 жоба) облыстары көш бастап тұр.
Менің ойымша, бағдарламаның тиімділігін көрсететін басқа да сандарға да тоқталғым келеді. Мәселен, бағдарламаға қатысушы кәсіпкерлер 2010-2019 жылдары 25 триллион теңгенің өнімін шығарды, 1,6 триллион теңге сомасында салық төледі. БЖК аясында мемлекеттік қолдауға ие болған кәсіпкерлердің арқасында 100 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылды.
Егер мультипликативті әсері туралы айтатын болсақ, 1 теңге субсидияға 10 теңге кредит тартылды. Онға бір – бұл қаржы институттары тұрғысынан өте жақсы көрсеткіш. 1 теңге кепілдікке 2,6 теңгеге жуық кредит қаражаты тартылды. Сонымен қатар, нәтиже көрсетіп отырғандай, 1 теңге субсидия 135 теңге пайда және бюджетке 8 теңге салықтық түсім әкеледі.
2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап «Бизнестің жол картасы» тағы бес жылға, яғни 2025 жылға дейін ұзартылды. Қазір оған едәуір өзгерістер енгізілді, олар бизнестің қаржыландыру алуын сөзсіз жеңілдетеді. Осы тұста айта кететіні, бұған ҚР Ұлттық экономика министрлігінің үйлесімді, жедел және жоғары деңгейдегі кәсіби жұмысының арқасында қол жеткізілді.
Осылайша, субсидиялау құралы бойынша:
салалық шектеулер жойылды;
кәсіпкерлерге арналған мөлшерлеме 6% деңгейінде біркелкіленді;
субсидияланатын кредит сомасы 2,5 миллиардтан 7 миллиард теңгеге дейін ұлғайтылды, ал мерзімі 5 жылға ұзартылды.
кепілдік беру құралы бойынша:
кәсібін жаңа бастаған кәсіпкердің 360 миллион теңгеге дейінгі кредитіне кепілдік беріледі. Бұл ретте, кредит сомасының 85%-ы кепілдендіріледі;
кәсібін жүргізіп жатқан кәсіпкердің 1 миллиардқа дейінгі кредитіне кепілдік беріледі. Бұл ретте, кредит сомасының 50%-ы кепілдендіріледі;
500 миллион теңгеге дейінгі айналым қаражатын 100 пайыз толықтыруды көздейтін кредиттерге кепілдік беріледі;
сондай-ақ, салалық шектеулер жойылды (сауда мен тыйым салынған қызмет түрлерін қоспағанда).
Назар аударатыны, жаңа «БЖК-2025» бағдарламасына тамақ өнімдерін, сабын мен жуғыш заттарды, санитарлық-гигиеналық мақсаттағы қағаз бұйымдарын өндіру, автомобиль көлігімен жүк тасымалдау, қойма шаруашылығы және қосалқы көлік қызметі, туризм, жалға алу және меншікті немесе жалға алынған жылжымайтын мүлікті басқару сынды салалардағы ірі бизнес субъектілері енгізілген.
«Бәйтерек» холдингі мен «Даму» қоры мемлекеттік бағдарламаны іске асыру аясындағы міндеттемелерін әрі қарай да толық орындайтынын сенімді түрде айта аламын.
Біздің алдымызда кәсіпкерлер санын арттыру міндеті тұр. Қазір елдің жалпы ішкі өніміндегі шағын және орта бизнестің үлесі 30,8%-ды құрайды, ал 2025 жылға қарай бұл көрсеткіш 35%-ға дейін өсуі тиіс. Біз бес жыл ішінде осындай үлкен серпінді күтудеміз, сондықтан кәсіпкерлерімізді жеке бизнесін ашу немесе дамыту үшін мемлекеттік қолдауға жүгінуден қорықпауға шақырамын.
Назарларыңызға рахмет! Сұрақтарыңыз болса, қоюға рұқсат.