Кеңес ал!

04.03.2025

«Бәйтерек» ҰБХ» АҚ Басқарма төрағасы Р. Т. Қарағойшиннің ҚР Үкіметінің отырысына баяндамасы

«Бәйтерек» ҰБХ» АҚ Басқарма төрағасы Р. Т. Қарағойшиннің ҚР Үкіметінің отырысына баяндамасы

Құрметті Олжас Абайұлы, әріптестер!

Үкіметтің 2025 жылы жалпы ішкі өнімді 7%-ға дейін ұлғайту міндетін іске асыру үшін Холдинг 2027 жылға қарай қаржыландыру көлемін одан әрі 10 трлн теңгеге дейін ұлғайта отырып, кәсіпкерлікті қолдауға, тұрғын үй құрылысын дамытуға, негізгі ұлттық және инвестициялық жобаларды іске асыруға шамамен 8 трлн теңге бағыттауды жоспарлап отыр. Осы мақсаттар үшін Холдингті жыл сайын 1 трлн теңгеге капиталдандыру қажет.

2024 жылы Холдингтің экономика секторларын қолдауға қосқан жалпы үлесі шамамен 4 трлн теңгені құрады.

Түпкі қарыз алушылар үшін сыйақы мөлшерлемесін 12,6% деңгейінде теңестіру (капитал мен нарық ақшасын араластыру) жолымен бизнесті ынталандыру жүзеге асырылатын болады.

Бұл бастаманың негізгі мақсаты:

- нақты сектор кәсіпорындарына қаржыландыру нарығын бұрмаламай, қаржыландырушы ұйымдар мен «арбитраж» арасындағы мөлшерлемелер бойынша «каннибализм» (өнімдерді қайталау, қолдау операторлары арасындағы жобалардың миграциясы) практикасын тоқтатып, әділ мөлшерлемені ұсыну (әр түрлі мөлшерлемелер және нарық қатысушыларының біркелкі қол жеткізбеуі, бұл ҚР ЖАП бақылауларымен расталып отыр);

- субсидиялау практикасынан біртіндеп кете отырып, ел бюджетіне жүктемені азайту.

Экономиканы 2025 жылы 8 трлн теңгеге дейін қолдау (жобаларды қаржыландырудағы ОТӨ ықпалының әсерін ескергенде) Холдинг жобаларының ЖІӨ-нің 1,3%-ға дейін өсуіне қосымша үлес қосуына мүмкіндік береді (ҰЭМ деректері бойынша 2025 жылғы ЖІӨ болжамы 6,5%-ға өседі).

Ірі бизнеске арналған кепілдік қорын құру

Екінші деңгейдегі банктердің өтімділігін экономикаға кредит беруге, бірінші кезекте ірі инвестициялық жобаларға тарту үшін бюджеттік процестерді ескере отырып, міндетті түрде ашып көрсетілген мемлекеттік кепілдікпен бекітілген кепілдік беру тетіктерін белсенді қолдану ұсынылады.

Механизмнің мәні мынада: мемлекет ірі жобаларға бағытталған кредиттер немесе инвестициялар бойынша қаржылық тәуекелдердің бір бөлігін өзіне алады. Кепілдік жеке меншік және мемлекеттік қатысушылар үшін қаржыландырудың тартымдылығы мен қолжетімділігін арттыруға көмектеседі.

Осы мақсаттар үшін Холдинг жанынан құны 7 млрд теңгеден басталатын ірі бизнес жобаларына арналған арнайы кепілдік беру қоры құрылатын болады. Бұл қор ірі және стратегиялық маңызды жобаларды жеткілікті кепілмен қамтамасыз ету мәселесін шешу үшін пәрменді құрал болады.

Кепілдік қорының алдын-ала жұмыс істеу механизмі келесідей болмақ.

Жоба бастамашысы жоба құнының кемінде 20%-ы мөлшерінде өзінің қатысуын қамтамасыз етуі тиіс. Қажет болған жағдайда, "Qazaqstan Investment Corporation" АҚ (QIC) жобаларды іске асыруда толыққанды әріптес ретінде кәсіпкерлерге үлестік қаржыландыру мүмкіндіктерін ұсынып, мемлекеттік саясат пен бизнестің инвестициялық міндеттемелеріне қойылатын талаптарды ескере отырып, private equity дамытуға көңіл бөледі.

Жоба құнының қалған 80%-ы ЕДБ және ҚДБ кредиті есебінен қаржыландырылатын болады. Бұл ретте, кредиторлар үшін Холдингтің кепілдігі қаржыландыру сомасының 30%-ына дейін болады.

ЕДБ үшін бұл кредит көлемін ұлғайтуға және кепіл жеткіліксіз болған кезде кредит беру тәуекелдерін төмендетуге мүмкіндік береді.

Өңдеу өнеркәсібі секторларына кепілдіктер берілмекші, кепілдіктердің қайтарылмауы банктердің қызығушылығын арттыруды, ал бизнес субъектілері үшін кепілдіктердің ақылы болуы - кәсіпкерлердің жауапкершілігін арттыруды көздейді.

Даму базасында кепілдік қорын құру

Үкіметтің жуырдағы отырысында айтылған Мемлекет басшысының тапсырмасы шеңберінде ағымдағы жылы Шағын және орта бизнеске арналған кепілдік қорын іске қосу жоспарланып отыр.

Кепілдік қорының капиталы «Даму» қорының капиталынан, ЕДБ-нің жыл сайынғы міндетті жарналарынан, сондай-ақ мемлекеттің, ірі компаниялардың және басқа да мүдделі ұйымдардың қаражатынан қалыптасатын болады.

Кепілдік қорын құру шеңберінде, «Даму» қорының функциялары жаңа міндеттермен толықтырылатын болады, атап айтқанда кепілдік беру құралы бойынша өнім желісі кеңейтіледі, ұсынылатын кепілдіктердің мөлшері ұлғайтылады, кепілдік берілетін экономика секторларының (ЭҚЖЖ) тізбесі кеңейтіледі. Жаңа өнімдер бойынша кепілдіктер қайтарымсыздық және шартсыздық принциптерімен шығарылмақшы.

Кепілдік қорын құру қосымша қаржыландыру көздерінен қаражат тарту есебінен мемлекеттік бюджетке түсетін жүктемені азайтады, кепілдік беру түріндегі қолдау шарасымен бизнес субъектілерін көбірек қамтиды және банктердің өтімділігін экономикалық айналымға тиімді тартуға мүмкіндік береді.

Кепілдік қорының іске қосылуы 2027 жылға қарай кепілдіктер портфелін 1 трлн теңгеге дейін ұлғайтуға (2024 жылға қарағанда +148%) және жыл сайын 50 мыңнан астам жобаны қолдауға мүмкіндік береді, бұл 2024 жылғы көрсеткіштен бес есе көп. Бұл ретте, елге инфляция импортын төмендететін жобаларға негізгі басымдық берілетін болады.

Холдингтің Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту ұлттық жобасын іске асыруға қатысуы

2025-2029 жылдарға арналған «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасын іске асыру шеңберінде Холдинг қаржы операторы болып айқындалған.

Осылайша, Холдинг табиғи монополиялар субъектілерінің қызметін қолдау мақсатында, Қазақстанның Даму Банкінің, ЕДБ-нің, сондай-ақ Қазақстан тұрғын үй компаниясының облигациялық қарыздары арқылы және нарықтың өзге де қатысушыларының қаржы құралдарын қолданатын болады. Сонымен қатар, бюджеттік кредит беру, Қаржы операторының жеке сектордағы табиғи монополиялар субъектілерінің облигацияларын сатып алуы, сондай-ақ Өнеркәсіпті дамыту қоры арқылы лизингтік қаржыландыру есебінен табиғи монополиялар субъектілерін (көмір генерациясын) қаржыландыру көзделген. Бұдан бөлек, Қазақстан тұрғын үй компаниясы табиғи монополиялар субъектілеріне субсидия беру жөніндегі агент болады.

Ұлттық жобаның міндеттерін орындау үшін Холдинг табиғи монополиялар субъектілерінің жобаларын бес жыл ішінде 4,7 трлн теңгеге қаржыландыруды жоспарлап отыр. Бұл ретте, қызыл аймақтарды жабу қажеттілігіне қарай, 2025 жылы қажет қаржыландыру 283 млрд. теңге.

Жалпы, бүгінгі таңда, Холдингтің перспективалы жобаларының құны 25 трлн теңгеден асып отыр, сұралып отырған қаржыландыру сомасы 10 трлн теңге дейін.

Оның ішінде қаржыландыру сомасы 8,4 трлн теңге болатын инвестициялық жобалар және айналым капиталын қолдау бағдарламалары1,6 трлн теңге мөлшерінде, оның ішінде АӨК бойынша 700 млрд.теңге субсидияланатын мөлшерлеме шеңберінде қалады, қалғаны нарықтық мөлшерлеме бойынша.

Жобалар пайплайнының инвестициялық құрылымындағы көлік пен логистика жобаларының үлесі – 25,5% (2,1 трлн теңге), металлургия – 22,9% (1,9 трлн теңге), химия өнеркәсібі – 14,1% (1,2 трлн теңге), энергетика - 11% (0,9 трлн теңге), мұнай өңдеу – 9,3% (0,8 трлн тенге), АӨК – 8,1% (0,7 трлн теңге).

Бұл слайдта құны 7 млрд теңгеден асатын Холдингтің ірі инвестициялық жобалары бойынша салалық бөлініс ұсынылған, оларды Ірі бизнеске арналған кепілдік қоры қарастыруы мүмкін.

Холдинг тарапынан кепілдендірілуі мүмкін осындай инвестициялық жобаларды қаржыландырудың болжамды сомасы 6 трлн теңгені құрайды.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ арқылы көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарына жеңілдікпен кредит беру көлемі 700 млрд теңгеге жетеді, қазірдің өзінде 202 млрд теңге берілді. Оның 100 млрд теңгесі өткен жылдың желтоқсан айында алдын ала бөлінген. Кепіл жетіспеген кезде фермерлер «Даму» қорының кепілдіктерін пайдалана алады.

Машина-трактор паркін жаңарту қарқынын арттыру үшін «ҚазАгроҚаржы» АҚ жылдық 5% мөлшерлеме бойынша отандық өндірістің ауыл шаруашылығы техникасына жеңілдікпен лизинг беру бағдарламасы іске қосты.

Сонымен қатар, импортқа тәуелділікті төмендету және бағаны тұрақтандыру міндеттерін шешуге басымдық беріле отырып, агроөнеркәсіп кешеніндегі инвестициялық жобаларды қаржыландыру жалғасатын болады. Ол үшін әлеуметтік маңызы бар тауарларға баса назар аударыла отырып, ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу және азық-түлік өнімдерін өндіру, суару жүйелерін енгізу, жабық топырақта көкөністер өсіру, өндірістік-өткізу инфрақұрылымын дамыту, жем-шөп өндірісін қолдау бойынша жобалар қаржыландырылатын болады.

Экспорттық стратегия шеңберінде отандық өндірушілер үшін сақтандыру, қайта сақтандыру және кепілдіктер құралдары кеңейтілуде. Жаңа нарықтарға шығу және қазақстандық экспорт үшін кешенді шешімдер ұсыну маңызды міндет болып отыр.

Осыған байланысты, Холдинг нысаналы көлемі $200 - $500 млн болатын сауда қорын іске қосады және экспортқа бағдарланған жобалар пулын қалыптастырады, оның ішінде құс шаруашылығы кәсіпорындары мен өсімдік шаруашылығын дамыту бар.

Экспорттың негізгі бағыттары:

  • экспорттық арналарды кеңейту үшін өсімдік шаруашылығы өнімдерінің (дәнді, майлы және бұршақ дақылдары) ірі өндірушілері мен трейдерлерін шоғырландыру;
  • тұрақты экспорттық жеткізу тізбегін құру және экспорт географиясын кеңейту (ҚХР, Орталық Азия, ЕО);
  • баға белгілеудегі алыпсатарлық факторларды төмендету және нарықты тұрақтандыру;
  • ірі шетелдік сатып алушылармен серіктестік (COFCO және басқалар);
  • инвестициялық қолдау және сауда қызметіне жеке секторды тарту;
  • агроөндірушілер үшін көлік-логистикалық қызметтер бойынша жағдайды жақсарту.

Назар аударғаныңыз үшін рахмет!

Барлық жарияланымдар

іс-шаралар
күнтізбесі

?

Іздегеніңізді
таппадыңыз ба?

  • Қазақстан Республикасы Президентінің ресми интернет-ресурсы
  • Қазақстан Республикасы Парламентінің ресми интернет-ресурсы
  • Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің ресми ақпараттық ресурсы
  • Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің ресми интернет-ресурсы
  • Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің ресми интернет-ресурсы
  • Қазақ тілінің қолданылу аясын кеңейтуге бағытталған электронды ресурстар