20.11.2026
- Холдинг туралы
- Тұрақты даму
Кеңес ал!
Аналитикалық материалдар сериясы
Мемлекет басшысының Жолдауын іске асырудағы «Бәйтерек» холдингінің рөлі туралы
«Қазақстанның жаңа тарихи кезеңіндегі өзекті міндеттері»
Жолдау – 2026: Шағын бизнестің өсуіне не көмектеседі
Кәсіпорын жаңа тапсырыстар алып, өнім көлемін арттыруға дайын. Алайда өндірісті кеңейту үшін жабдықтар, қосымша үй-жайлар мен қызметкерлер қажет. Кәсіпорынның өз қаражаты жеткіліксіз болуы мүмкін, ал банктен несие алу үшін кепіл қажет. Жаңа өндірістік желі іске қосылғаннан кейін де оны тұрақты түрде жүктемеумен қамтамасыз ету мәселесі туындайды. Дәл осы кезеңде шағын бизнестің өндіріс ауқымын келесі деңгейге көтере алатыны айқындалады.
«Қазақстанның жаңа тарихи кезеңіндегі өзекті міндеттері» атты Қазақстан халқына Жолдауында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев орта бизнесті дамытуды ұзақ мерзімді қаржыландырумен, технологиялық жаңғыртумен және ірі кәсіпорындармен ынтымақтастықпен байланыстырды. «Бәйтерек» холдингі үшін бұл міндеттер қаржылық қолдауды отандық өнімді өткізу мүмкіндіктерімен ұштастыру қажеттігін білдіреді.
«Үкіметтің алдында орта бизнесті дамыту жөніндегі Кешенді жоспар қабылдау міндеті тұр. Онда кәсіпорындарды ұзақ мерзімді қаржыландыру және технологиялық жаңғырту тетіктері айқындалуға тиіс», – деп атап өтті Мемлекет басшысы.
Бұл бастамалар 17 қарашада өткен Үкімет отырысында нақты жалғасын тапты. Премьер-Министр Олжас Бектенов қазақстандық өндірушілерді тұрақты өткізу нарығымен, қаржыландыруға қолжетімділікпен және әділ бәсекелестік жағдайларымен қамтамасыз ету қажеттігін атап өтті. «Бәйтерек» холдингінің Басқарма төрағасы Рустам Қарағойшин жобаны дайындаудан бастап оны қаржыландыруға және кейін өнімді өткізуге дейінгі кезеңдерді қамтитын қолдау жүйесін таныстырды.
Кәсіпорынның міндетіне сай қаржыландыру
Өсіп келе жатқан бизнес үшін нақты шектеуді шешуге бағытталған қаржы құралын таңдау мүмкіндігі маңызды. Егер несие құны жабдық сатып алуға мүмкіндік бермесе, неғұрлым қолжетімді қаржыландыру қажет. Егер жоба несиені өтеуге қабілетті болғанымен, компанияда кепілге қоятын мүлік жеткіліксіз болса, кепілдік қажет. Өнімді тұрақты шығару үшін шикізат сатып алуға және тапсырыстарды орындауға да қаражат керек.
«Бәйтерек» холдингінің еншілес ұйымдары тобында шағын және орта бизнесті қолдауды «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры жүзеге асырады. Қор қаржы ұйымдары арқылы жеңілдетілген кредит беру, пайыздық мөлшерлеменің бір бөлігін субсидиялау және кепілдік беру құралдарын пайдалана отырып жұмыс істейді. Бұл құралдар әртүрлі міндеттерді шешіп, кәсіпкерлерге бизнесті дамыту үшін қажетті ресурстарды тартуға көмектеседі.
Мысалы, «Өрлеу» бағдарламасы түпкілікті қарыз алушы үшін жылдық 12,6% сыйақы мөлшерлемесімен он жылға дейінгі мерзімге инвестициялық қаржыландыруды көздейді. Мұндай мерзім несие төлемдерін жабдықты орнатуға, технологияны меңгеруге және тұрақты өндіріс деңгейіне шығуға қажетті кезеңмен сәйкестендіруге мүмкіндік береді.
Кепіл жеткіліксіз болған жағдайда Кепілдік қоры 1 қолданылуы мүмкін. 7 млрд теңгеге дейінгі қаржыландыру бойынша кепілдік мөлшері оның сомасының 85%-ына дейін, бірақ 3,5 млрд теңгеден аспайды. Нақты көлем жобаның параметрлері мен бағдарлама талаптарына байланысты айқындалады. Кепілдік кредитор алдындағы міндеттемелерді қамтамасыз етуге көмектеседі. Бұл ретте кәсіпкер несиені қайтару міндетін сақтайды, ал банк жобаның қаржылық тұрақтылығын бағалайды.
Мұндай қолдаудың экономикалық мәні – өміршең бизнес субъектілерінің банк капиталына қолжетімділігін кеңейту. Компания қажетті қаражаттың толық көлемін жинақтамай немесе жеткілікті кепіл мүлкін қалыптастырмай тұрып-ақ инвестиция салу мүмкіндігіне ие болады. Бұл әсіресе жаңа өндірістік желіге жұмсалатын шығындар одан түсетін кірістен әлдеқайда бұрын туындайтын өндіріс орындары үшін маңызды.
Қолдаудан жұмыс істеп тұрған өндіріске дейін
Қаржы құралдарының нәтижесін нақты кәсіпорындардың мысалынан жақсы көруге болады. Қарағанды қаласындағы «АЗИЯ-СМ» ЖШС майлау материалдары мен шығыс компоненттерін жеткізуден PROTEC брендімен салқындатқыш сұйықтықтарды өз бетінше өндіруге дейінгі жолдан өтті. Тапсырыс берушілердің қажеттіліктерін білу Қазақстандағы көлік пен жабдықтарды пайдалану жағдайларына бейімделген өнім әзірлеуге негіз болды.
«Даму» қоры кәсіпорынның өндірістік қуаттарын жаңартуға пайыздық мөлшерлемені субсидиялау арқылы қолдау көрсетті. 2025 жылы компания «Өрлеу» бағдарламасы бойынша да қаржыландыру алды. Кәсіпорында жеке зертхана жұмыс істейді, өнімдері ірі корпоративтік тапсырыс берушілерге жеткізіледі, ал 2022 жылдан бастап Өзбекстан мен Ресейге экспорттық жеткізілімдер жүзеге асырылып келеді.
Бұл мысал қолдаудың бизнес-модельдің өзін өзгертуге қалай ықпал ететінін көрсетеді. Кәсіпорын өз өнімін, өндірістік құзыреттерін және сапаны бақылау жүйесін дамытып келеді. Әрі қарай өсу үшін бұл өнімді өз жеткізілімдері мен өндірістік процестеріне енгізуге дайын тапсырыс берушілер қажет.
Тағы бір мысал құрастыру өндірісін жергіліктендірумен байланысты. Семей қаласындағы «СемАЗ» ЖШС жүк және коммерциялық техника шығарады. «Даму» қорының қолдауымен қолданыстағы әкімшілік-өндірістік корпустың базасында көлік құралдарын құрастыруға арналған жаңа өндірістік алаң құрылды. Жоба Кепілдік қоры 1 аясында қолдау тапты. Кәсіпорынның мәліметінше, зауыт жылына шамамен 6 мың техника шығарады, ал жаңа алаң қосымша құрастыру көлеміне есептелген. Жоба жергіліктендіру деңгейін арттырып, алаңда техникасы құрастырылатын шетелдік автомобиль концерндерімен өндірістік байланыстарды нығайтуға мүмкіндік берді.
Екі мысал да қаржыландыруға қолжетімділікті нақты өндірістік міндетпен байланыстырады. Кәсіпкер технологияға инвестиция салады, жұмысты ұйымдастырады және сапаға жауап береді. Қаржы құралдары осы жоспарды іске асыруға көмектессе, тұрақты сұраныс дамуды жалғастыруға мүмкіндік береді.
Ірі жобалар шағын бизнеске қалай тапсырыс қалыптастырады
Шағын өндіруші үшін ірі тапсырыс берушіге шығу мүмкіндігі несие алумен бірдей маңызды болуы мүмкін. Тұрақты келісімшарт шикізат сатып алуды, жабдықтардың жүктемесін жоспарлауға және қызметкерлерді жұмысқа қабылдауға мүмкіндік береді. Сондықтан ірі кәсіпорындардың дамуы мен шағын және орта бизнестің өсуін өзара байланысты үдерістер ретінде қарастыру маңызды.
«Орта бизнес өкілдерінің ірі кәсіпорындармен тығыз ынтымақтастығы үшін, оның ішінде олардың өнімдерін өткізу бойынша жағдай жасау қажет», – деп атап өтті Президент Жолдауында.
«Бәйтерек» холдингі инвестициялық жобаларды қаржыландыруды қарыз алушылардың қазақстандық өндірушілерден өнім сатып алу жөніндегі қарсы міндеттемелерімен байланыстырады. Жобаны қарау кезінде ел ішінде қандай қажетті тауарлар өндірілетіні талданады. Тиісті міндеттемелер несие шартына енгізіледі.
Бұл тетікті зауыт құрылысы мысалында түсіндіруге болады. Оған құрылыс материалдары, кабельдер, құбырлар және басқа да бұйымдар қажет болады. Егер қажетті өнім Қазақстанда өндіріліп, жоба талаптарына сәйкес келсе, оны сатып алу жергілікті кәсіпорын үшін тапсырысқа айналуы мүмкін. Нәтижесінде инвестициялар жаңадан құрылатын өндірісті де, оның жеткізушілерін де қолдайды.
Осы бағыттағы жұмысты жүргізу үшін Холдинг Ел ішіндегі құндылық бойынша автоматтандырылған талдау жүйесін әзірледі. Ол қазақстандық өндірушілер мен сатып алулар туралы деректерді біріктіріп, жобалардың қажеттіліктерін отандық ұсыныстың мүмкіндіктерімен салыстыруға мүмкіндік береді. Жүйені Холдинг, Қазақстанның Даму Банкі, Өнеркәсіпті дамыту қоры, Qazaqstan Investment Corporation және Қазақстанның тұрғын үй компаниясы пайдаланады.
Кәсіпорын жұмыс істей бастағаннан кейін қаптама, жинақтаушы бөлшектер және қызмет көрсету бойынша қосымша тапсырыстар пайда болады. Осы кооперацияны дамыту үшін Холдинг клиенттерінің тауарлар каталогы қалыптастырылды. 17 қарашада ұсынылған мәліметтерге сәйкес, каталогқа шағын және орта бизнес кәсіпорындарын қоса алғанда, 526 қазақстандық өндірушінің 2 385 тауары енгізілген. Каталог жаңа өндірістердің өнімдерін Холдингтің қолданыстағы клиенттеріне ұсынуға және іске қосылатын жобалар үшін жеткізушілерді табуға көмектеседі.
Каталогқа енгізілу өздігінен жеткізу шартын алмастырмайды. Алайда ол өндірушінің мүмкіндіктерін әлеуетті сатып алушыға таныстыруға жол ашады. Келесі қадамдар өнімнің сипаттамаларын, бағасы мен жеткізу мерзімдерін келісуді, өнімді сынақтан өткізуді және келісімшарттар жасасуды қамтиды. Дәл осы әрекеттер кооперацияны кәсіпорынның нақты кірісіне айналдырады.
Сұраныс жаңа өндірістерді анықтауға көмектеседі
Холдингтің инвестициялық трансформациясы қаржыландыруға өтінім берілгенге дейін-ақ жобалармен жұмысты кеңейтеді. Сатып алуларды талдау мемлекеттік және квазимемлекеттік тапсырыс берушілерге тұрақты түрде қажет, бірақ әзірге шетелден жеткізілетін тауарларды анықтауға мүмкіндік береді. Бұл оларды Қазақстанда өндіру мүмкіндіктерін бағалауға негіз болады.
Басқарма төрағасының баяндамасына сәйкес, тұрақты сұранысқа негізделген импортты алмастыру жұмыстары өңдеу өнеркәсібінің 22 саласындағы 861 өнім түрін қамтиды. Тапсырыс берушілердің қажеттіліктерін Қазақстандық тауар өндірушілердің тізілімімен салыстыру өндірілмейтін өнім түрлерін және жергіліктендіру бағыттарын анықтауға көмектеседі.
Кәсіпкерлер үшін мұндай тәсілдің маңызы – жаңа жобаны талқылау әлеуетті нарықты бағалаудан басталады. Бұл ретте сұраныстың көлемі мен тұрақтылығын, сапа талаптарын және өндіріс құнын бағалау қажет. Қажеттіліктің болуы инвестициялық мүмкіндік қалыптастырады, ал оны іске асыру болашақ өнімнің бәсекеге қабілеттілігіне байланысты.
Өндіріс іске қосылғаннан кейін өнімді өткізуге қолдау Холдингтің еншілес ұйымдары тобының басқа да құралдарымен толықтырылады. Лизингтік қаржыландыру сатып алушыларға қазақстандық техниканы сатып алуға көмектессе, экспорттық құралдар өнімді шетелге жеткізуге жәрдемдеседі. Осылайша, қаржылық қолдау мәміленің екі тарабына да әсер етіп, өндіруші мен оның тапсырыс берушісінің дамуына мүмкіндік береді.
Қолдаудың қолжетімділігі және өлшенетін нәтиже
Даму институттарының жұмысына деген қоғамдық қызығушылық заңды. Кәсіпкер үшін қатысу талаптарының түсінікті болуы және қолдауға тікелей жүгіну мүмкіндігі маңызды. Ал экономика үшін қаржыландыру берілгеннен кейін қол жеткізілетін нәтижелердің маңызы зор.
17 қарашада өткен баспасөз конференциясында «Даму» қоры кәсіпкерлермен өзара іс-қимыл жасау тәртібін түсіндіріп, қолдау алуға жәрдемдескені үшін ақы сұрайтын адамдардың қызметіне жүгінбеуге шақырды. Қордың консультациялары тегін. Құралдар туралы ақпаратты өңірлік филиалдардан және 1408 бірыңғай байланыс орталығы арқылы алуға болады. Мобильді фронт-офистер аудандар мен ауылдық елді мекендерде кездесулер өткізіп, бизнес өкілдеріне қолжетімді мүмкіндіктерді түсінуге көмектеседі.
Бастапқы кәсіпкерлер мен стартаптар үшін тегін оқытуды, жеке тәлімгерлікті, бизнес-идеяны диагностикалауды, бизнес-жоспар әзірлеуді, жұмыс істеп жүрген кәсіпкерлермен кездесулерді және жобаларды сарапшылар алдында таныстыруды қамтитын акселерация бағдарламасы іске асырылуда. Пилоттық кезең Астана, Алматы, Шымкент қалалары мен Алматы облысын қамтиды. Бағдарламаға 96 қатысушы қабылданып, әрқайсысы 24 адамнан тұратын төрт топ жасақталды. Әр қатысушыға тәлімгер бекітілген. Оқуды аяқтап, белгіленген талаптарды орындаған жағдайда қатысушылар 200 млн теңгеге дейін жеңілдетілген қаржыландыруға, сондай-ақ Қордың 90%-ға дейінгі кепілдігіне үміткер бола алады.
«Даму» қорының өңірлік филиалдары базасында «Бәйтерек» холдингінің бірыңғай фронт-офистері жұмыс істейді. Онда кәсіпкерлерге қажетті құралды таңдауға көмектесіп, қаржыландыруға өтініш беру тәртібі түсіндіріледі. 2026 жылғы 1 қарашадағы жағдай бойынша Холдинг ұйымдарының бағыттары бойынша 20 781 өтініш тіркелген, оның ішінде 15 516 өтініш «Даму» қорына тиесілі. Консультацияларды 1408 бірыңғай байланыс орталығы және мобильді фронт-офистер арқылы да алуға болады.
Шағын бизнес үшін келесі даму деңгейіне өту күрделірек әрі ірі тапсырыстарды орындау мүмкіндігінен басталады. Қолжетімді қаржыландыру жабдық сатып алуға көмектеседі, кепілдік несие тарту мүмкіндіктерін кеңейтеді, ал ірі компаниялармен ынтымақтастық өткізу нарығын қалыптастырады. Осы құралдарды біріктіре отырып, «Бәйтерек» холдингі кәсіпкерлерге өндірісті кезең-кезеңімен ұлғайтып, отандық өнімнің тұрақты жеткізушісіне айналуға мүмкіндік беретін жағдайлар жасайды. Жолдаудағы шағын және орта бизнесті дамыту міндеттерінің практикалық мәні осында.