19.12.2024
- Холдинг туралы
ҚазАқпарат – «Аstana» халықаралық қаржы орталығында «Бәйтерек» ұлттық басқару холдингінің ұйымдастыруымен корпоратив хатшыларының форумы өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Елдегі корпоративтік құрылымдардың орнықты дамуын қамтамасыз етуге қажетті тиімді шешімдерді талқылауға бағытталған форумға 120-дан астам маман қатысып, тәжірибе бөлісті.
«Бәйтерек» ұлттық басқару холдингінің корпоратив хатшысының орынбасары Ардақ Жұмағалиев биылғы форумның тақырыбы неге тәуекелдерге арналғанын түсіндірді.
«Қазіргі белгісіздік кезеңінде киберқауіпсіздік, ақпараттық технологиялар мен тәуекелдерді басқару мәселелесі компанияларға айтарлықтай қаржылық шығын әкеліп, акция құнына әсер етуі мүмкін. Биыл форумға «Деструктивті тәуекелдер мен орнықтылық» деген тақырып таңдап алынды. Себебі қазір компанияларға тәуекелдерді басқарудың көреген тәсілдері бұрын-соңды болмаған деңгейде қажет», - дейді компанияның корпоративтік хатшылық қызметінің басшысы.
Оның сөзіне қарағанда, «Бәйтерек» холдингі жобалық портфельді қалыптастыру кезінде Біріккен Ұлттар Ұйымының тұрақты даму мақсаттарына сәйкес келетін және еліміздің тұрақты әлеуметтік-экономикалық дамуына айтарлықтай әсер ететін жобаларға басымдық беріп отыр.
Холдинг пен оның еншілес ұйымдарына арнап инвестициялық қызметтегі ESG қағидаттары бойынша экологиялық және әлеуметтік саясат әзірленген.
Бұл құжат холдингтің еншілес ұйымдары қаржыландыратын жобалардың оң экологиялық және әлеуметтік әсерін арттыруға бағытталған.
Сондай-ақ, холдингте HR, құжат айналымы, қаржы блогы процестері, әкімшілік-шаруашылық қызмет процестері цифрландырылған. Ал «Отбасы Банк» жеке тұлғаларға толыққанды цифрлық банк қызметін ұсынып отыр.
Холдингке қарасты Қазақстан тұрғын үй компаниясы «Тұрғын үй порталын» іске қосқаны белгілі.
Аталмыш портал арқылы қазақстандықтар тиісті рұқсаты немесе кепілдігі бар үлескерлік құрылыстың барлық нысандары туралы ақпаратты көре алады.
Үлескердің қаражатын тиісті рұқсатсыз тартатын жосықсыз мердігерлер туралы мәліметті де осы порталдан табуға болады.
«Ал Қазақстан Даму Банкі ірі бизнесті кредиттеуге өтінім беру, стейкхолдерлермен өзара іс-қимыл, кепілдік беру процестерін толығымен автоматтандырды. Аграрлық несие корпорациясы онлайн микрокредитке берілген өтінімдерді қарау жүйесін автоматтандырып жатыр. Бұл тәсіл өтінімдерді қарау процесінің сапасы мен ашықтығын арттыруға көмектеседі», - деді Ардақ Жұмағалиев.