16.05.2025
- Холдинг туралы
Кеңес ал!
Астанада Ulttyq ónim – 2025 атты жыл сайынғы отандық өндірушілердің VIII көрмесі өз жұмысын бастады. Іс-шара 16-18 мамыр аралығында EXPO халықаралық көрме орталығында өтеді.
Көрмеде «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ құрылымына кіретін «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының мемлекеттік қолдау бағдарламалары аясында қолдау алған 350 қазақстандық компания өз тауарлары мен қызметтерін ұсынып отыр. Сондай-ақ көрмеге Холдингтің басқа да еншілес ұйымдары: «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ, «Қазақстанның Даму Банкі» АҚ, «Қазақстанның экспорттық-кредиттік агенттігі» АҚ, «Qazaqstan Investment Corporation» АҚ және BGlobal Ventures венчурлік компаниясы қатысуда.
Экспозицияда тамақ, жеңіл және химия өнеркәсібінен бастап машина жасау, жабдық өндірісі және зергерлік бұйымдарға дейінгі түрлі салалар қамтылған.
Көрмені ашқан Премьер-Министрдің орынбасары – ҚР Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин кәсіпкерлікті қолдау ұлттық экономика дамуының басым және маңызды факторы екенін атап өтті.
«Мемлекет басшысы мықты экономика күшті кәсіпкерліктен басталатынын үнемі айтып келеді. Сондықтан бизнесті, әсіресе шағын және орта бизнесті дамыту – мемлекеттің экономикалық саясатының басым бағыты болып қала береді. Үкімет те кәсіпкерлердің дамуына барлық жағдай жасау үшін белсенді жұмыс істеуде. Атап айтқанда: қаржыландыру, жаңа нарыққа шығу кезінде қолдау, бизнесті дамыту үшін кедергілерді азайту жолға қойылған», – деді Серік Жұманғарин.
2024 жылы ел Үкіметі Ұлттық экономика министрлігінің және «Бәйтерек» холдингінің белсенді қатысуымен субсидиялау және кепілдік беру құралдары арқылы бизнесті қолдау бағдарламаларын жүзеге асыруға 336 млрд теңге бөлді. 29,5 мың жоба жалпы несие сомасы 1,7 трлн теңгеге мемлекеттен қолдау алды. Оның ішінде жеңілдікпен 254 млрд теңге несие алған 2,7 мың жоба да бар. Бұл шаралар 9,7 мың жұмыс орнын құруға, 25,4 трлн теңге сомасына өнім шығаруға және 1,7 трлн теңге салық түсімін қамтамасыз етуге мүмкіндік берді. Нәтижесінде ШОБ секторында жұмыспен қамтылғандар үлесі 2024 жылы халық санының 48%-на жетті, ал елдің ЖІӨ-ге қосқан үлесі шамамен 40% болды.
«Бәйтерек» холдингінің Басқарма төрағасы Рустам Қарағойшин экономикалық өсімді ынталандыру, әсіресе экономиканың нақты секторын қолдау мен бизнестің қаржылға қолжетімдігін арттыру мақсатындағы шаралардың маңызын атап өтті.
«Отандық өндірісті қолдау – «Бәйтерек» холдингінің стратегиялық басымдығы. Біз қазақстандық бизнестің ұлттық экономиканың тірегі, инновациялар мен жұмыспен қамту көзі екеніне сенімдіміз. Бұл көрме – қазақстандық өндірушілердің ел дамуындағы басты рөлін мойындау. Біз олардың тұрақты өсуіне және кәсіпкерлік әлеуетін ашуға жағдай жасай отырып, үнемі жанында болуға тырысамыз», - деді Рустам Қарағойшин.
Өз кезегінде «Даму» қорының басқарма төрағасы Фархат Сәрсекеев Қордың отандық бизнесті дамытудағы рөліне тоқталды.
«Қор құрылған сәттен бері 225 мыңнан астам жоба қолдау тапты. Несие сомасы 14 трлн теңгеден асты. Нәтижесінде 220 мыңнан астам жаңа жұмыс орны құрылып, 1,2 млн жұмыс орны сақталып қалды. 130 трлн теңгеге жуық өнім өндіріліп, 9 трлн теңгеден астам салық түсті. Бүгінгі көрмеде мемлекеттік қолдауға ие болған кәсіпкерлердің нақты нәтижелері ұсынылғаны біз үшін маңызды», – деді ол.
Көрме аясында «ШОБ-ты мемлекеттік қолдау шараларындағы банктердің рөлі» тақырыбында «Даму» қоры ұйымдастырған пленарлық сессия өтті. Қатысушылар екінші деңгейлі банктердің бизнесті мемлекеттік қолдаудың тиімділігін арттырудағы рөлін талқылады.
«Отандық бизнесті дамыту сенімді серіктестерсіз мүмкін емес. Ал екінші деңгейлі банктер – даму институттары, мемлекеттік ресурстар мен кәсіпкерлердің қажеттіліктері арасындағы негізгі байланыстырушы буын. «Бәйтерек» холдингі ұлттық экономиканың орнықты өсуінде ЕДБ-дің стратегиялық серіктес ретіндегі рөлін нығайта отырып, тиімді үлгіні қалыптастыруды жалғастырады», – деді «Бәйтерек» холдингі басқарма төрағасының орынбасары Жандос Шайхы.
Ulttyq ónim көрмесі қазақстандық бизнестің тұрақты өсімі мен бәсекеге қабілеттілігін айқындайды. Сондай-ақ бұл алаң отандық брендтердің халықаралық нарыққа шығуына мүмкіндік беретін маңызды платформа болып табылады.
Көрме 18 мамырға дейін жалғасады. Кіру – барлық келушілер үшін тегін.