03.06.2025
- Холдинг туралы
Кеңес ал!
2025 жылғы 30 мамырда өткен Астана халықаралық форум аясында «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингінің Басқарма төрағасының орынбасары Жандос Шайхының қатысуымен Холдингтің еншілес ұйымы – «Отбасы банк» АҚ мен Дүниежүзілік банк тобына кіретін Халықаралық қаржы корпорациясы (IFC) арасында консультациялық қызмет көрсету туралы келісімге қол қойылды.
Қол қою рәсіміне «Отбасы банк» АҚ Басқарма төрайымы Ляззат Ибрагимова және IFC-нің Түркия мен Орталық Азия бойынша директоры Вибке Шлёмер қатысты.
Келісім банк қызметінің тиімділігін арттыруға, стратегиялық трансформацияны қолдауға, тұрақты қаржыландырудың нарықтық тетіктерін енгізуге және мемлекеттік қаржыландыруға тәуелділікті азайту мақсатында сыртқы капитал тартуға бағытталған.
«Отбасы банк пен IFC арасындағы әріптестік – Холдингтің орнықты әрі нарыққа бағытталған даму институттарын қалыптастыруға негізделген стратегиялық бағытының көрінісі. Біз еншілес ұйымдардың қаржылық дербестігін нығайтуға, озық басқару құралдарын енгізуге және олардың нарықтағы рөлін күшейтуге бағытталған бастамаларды жүйелі түрде қолдаймыз. Бұл келісім еліміздегі тұрғын үй қаржыландыру жүйесінің институционалдық дамуына серпін беретініне сенімдімін», – деді Жандос Шайхы.
IFC банктің орта мерзімді даму стратегиясын іске асырудың егжей-тегжейлі жоспарын әзірлеу бойынша консультациялық қызметтер көрсетеді. Ол жаңа қаржы өнімдерін енгізуді, бәсекеге қабілеттілікті арттыруды және тұрғын үй несиелеу саласында жеке сектордың рөлін күшейтуді қамтиды.
«IFC-пен келісімге қол қою – біздің стратегиялық трансформациямыздағы маңызды қадам. Біз тек тұрғын үй несиелеу саласындағы көшбасшы болуды ғана емес, сонымен қатар нарықта сенімділік пен тұрақтылықтың жаңа деңгейін орнатуды мақсат етеміз. Біз жүздеген мың отбасыға өз баспанасына қол жеткізуге көмектескеніміз үшін мақтанамыз. IFC-пен әріптестік бізге жаңа мүмкіндіктер ашады. Біз инновацияларды енгізуді, қызмет түрлерін кеңейтуді және тиімділікті арттыруды жоспарлап отырмыз, бұл өз кезегінде тағы да мыңдаған азаматтың өз үйі туралы арманын жүзеге асыруға сеп болады», – деп атап өтті Ляззат Ибрагимова.
«Бәйтерек» холдингі, «Отбасы банк» АҚ-ның жалғыз акционері ретінде, даму институттарының тиімділігін арттыру және экономиканы қаржыландырудағы мемлекеттік қатысудың үлесін азайту бағытында жүйелі жұмыс жүргізуде. IFC-пен жасалған бұл келісім Холдингтің халықаралық ынтымақтастыққа сүйене отырып, елдің қаржы архитектурасын трансформациялауға бағытталған ұзақмерзімді стратегиясына толықтай сәйкес келеді.