02.10.2026
- Холдинг туралы
- Тұрақты даму
Кеңес ал!
«Бәйтерек» ұлттық инвестициялық холдингінің делегациясы Басқарма төрағасы Рустам Карагойшиннің жетекшілігімен Испанияға жұмыс сапарын жалғастырды.
Екінші күннің іскерлік бағдарламасы рентгендік диагностикалық жабдықтарды әзірлейтін және өндіретін испаниялық SEDECAL кәсіпорнына барудан басталды. Делегация компанияның өндірістік мүмкіндіктерімен танысты. Ынтымақтастықтың келешегі Қазақстанда медициналық техника өндірісін дамытуға және «Ақтөберентген» кәсіпорнымен өзара іс-қимыл орнатуға байланысты.
Балалар тағамын өндіру мәселелері Smileat компаниясының бас директоры әрі тең құрылтайшысы Альберто Хименеспен және Seaya инвестициялық қорының серіктесі Пабло Педрехонмен кездесуде қаралды. Smileat органикалық балалар тағамын өндіруге маманданған. Қазақстандық тарап жеміс-көкөніс езбелерін, ет-көкөніс өнімдерін және балалар ботқаларын өндіруді кезең-кезеңімен жергіліктендіретін кәсіпорын құру мүмкіндігін қарастыруды ұсынды.
Zendal компаниясының бас директоры Андрес Фернандеспен кездесу барысында ветеринариялық вакциналар мен биологиялық препараттар өндірісін жергіліктендіру мүмкіндігі талқыланды. Испаниялық биофармацевтикалық топ адам мен жануарлардың денсаулығын қорғауға арналған өнімдерді әзірлеп, өндіреді. Оның ветеринариялық вакциналары Қазақстан нарығында қазірдің өзінде ұсынылған.
Заманауи құрылыс технологиялары Stalart компаниясының бас директоры Мануэль Маррамамен келіссөздердің тақырыбына айналды. Компания жеңіл болат қаңқалар мен зауытта дайындалатын конструкцияларды өндіруге маманданған. Мұндай өндірісті Қазақстанда орналастыру және технологияны тұрғын үйлер, коммерциялық ғимараттар мен әлеуметтік нысандар құрылысында қолдану мүмкіндіктері талқыланды. Алғашқы кезеңде пилоттық тұрғын үй немесе әлеуметтік нысан салу, кейіннен жобаны кеңейту мүмкіндіктерін бағалау ұсынылды.
Сондай-ақ Cosentino компаниясының өкілдерімен кездесу өтті. Испаниялық топ сәулет пен дизайнға арналған инновациялық беткі материалдарды әлемдік деңгейде өндірушілердің бірі болып саналады және Silestone мен Dekton брендтерімен танымал. Тараптар заманауи құрылыс және әрлеу материалдары саласындағы ынтымақтастықтың ықтимал бағыттарын талқылады.
Ынтымақтастықтың қаржылық аспектілері BBVA басқарушы директоры Иван Посамен кездесуде қаралды. BBVA (Banco Bilbao Vizcaya Argentaria) корпоративтік және инвестициялық қызмет көрсету бағыты дамыған халықаралық банк тобы болып табылады. Өзара іс-қимылдың перспективалы бағыттары ретінде испаниялық жабдықтарды жеткізуді қаржыландыру, ірі инвестициялық жобаларды бірлесіп кредиттеу және капитал нарықтарындағы ынтымақтастық атап өтілді.
Аталған бағыттар бойынша жұмыс Қазақстанда қосылған құны жоғары өндірістерді дамытуға, жаңа технологияларды игеруге және жергілікті кәсіпорындардың құзыреттерін нығайтуға бағытталған. Бастамаларды одан әрі пысықтау жобалардың параметрлерін және «Бәйтерек» холдингі компаниялар тобы тарапынан қолдау көрсетудің қолайлы құралдарын айқындауға мүмкіндік береді.