02.10.2026
- Холдинг туралы
- Тұрақты даму
Кеңес ал!
Цифрландыру және жасанды интеллект жылында «Бәйтерек» холдингі бизнесті қолдау құралдарына озық технологияларды жүйелі түрде енгізіп, экономиканың нақты секторына арналған практикалық шешімдерге басымдық беріп келеді. Астанада өткен AI & Digital Bridge 2026 халықаралық технологиялық форумында Холдинг еншілес ұйымдарының өндіріс тиімділігін арттыруға, кәсіпкерлікті дамытуға және экономиканың негізгі салаларына жасанды интеллектіні енгізуге бағытталған цифрлық әзірлемелері мен технологиялық шешімдерін ұсынды. Стендтегі негізгі экспонаттардың бірі агродрон болды. Ол заманауи технологиялардың ауыл шаруашылығында қалай қолданылатынын, өнімділікті арттыруға және отандық аграршылар үшін жаңа мүмкіндіктер ашуға қалай ықпал ететінін көрнекі түрде көрсетті.
Форум 1–3 қазан аралығында EXPO халықаралық көрме орталығында өтуде. Іс-шара аясында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жасанды интеллект, цифрлық технологиялар және робототехника саласындағы жобалар көрмесін аралады. Ұсынылған әзірлемелер технологияларды экономика мен мемлекеттік басқаруға енгізуге, елдің цифрлық инфрақұрылымын дамытуға бағытталған.
«Бәйтерек» холдингінің стендімен Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев те танысты. Оған Холдингтің экспозициясы ұсынылды.
«Бәйтерек» холдингі Басқарма төрағасының орынбасары Үсен Ғалым атап өткендей, Холдинг форумның цифрлық серіктесі болып табылады. Стендте еншілес ұйымдардың шешімдері таныстырылып, агродрондарды лизингке беру жөніндегі пилоттық жобаға ерекше назар аударылды.
«Фермерлердің еңбек өнімділігін арттыру үшін жаңа технологияларды енгізу маңызды. Агродрондар егістікті өңдеуге, жергілікті жердің картографиялық түсірілімдерін жасауға және алқаптарды цифрландыруға көмектеседі. Дәстүрлі ауыл шаруашылығы техникасынан айырмашылығы, олар алқапта қозғалған кезде із қалдырмайды әрі егіске зақым келтірмейді. Сонымен қатар бірдей уақыт ішінде анағұрлым үлкен аумақты өңдеуге мүмкіндік береді», – деп атап өтті ол.
Технологияны іс жүзінде қолдану аграршылар үшін қаржыландырудың қолжетімділігіне байланысты. Үсен Ғалымның айтуынша, агродрон сатып алуға қызығушылық танытқан фермерлер Холдингтің еншілес ұйымы «ҚазАгроҚаржы» АҚ-ның ресми сайтынан оны лизингке алу тәртібімен таныса алады.
«Біз фермердің технологиямен танысудан бастап оны өз шаруашылығында пайдалануға дейінгі жолды түсінгенін қалаймыз. «ҚазАгроҚаржы» сайтында қаржы өнімдерінің каталогы орналастырылған. Агродрондарға арналған бөлімді таңдау арқылы мұндай техниканы лизингке алу үшін қандай қадамдар жасау қажеттігі туралы толық нұсқаулық алуға болады», – деді Холдинг басшысының орынбасары.
Холдингтің форумға қатысуы іскерлік бағдарлама аясында жалғасады. 2 қазан күні сағат 18:00-де «Бәйтерек» холдингінің Цифрландыру департаментінің директоры Ержан Жақыпов Steppe залында өтетін «Телеком-деректер – басқарудың негізі және жасанды интеллект үшін басты дереккөз» атты панельдік сессияға қатысады.