03.12.2024
- Холдинг туралы
Қазақстан экономикасының жетістіктері мен екі елдің бизнес-ынтымақтастығына арналған түріктің DUNYA іскерлік журналының кезекті нөмірінде «Бәйтерек» Ұлттық басқару холдингі» АҚ Басқарма Төрағасы Айдар АРИФХАНОВТЫҢ мақаласы жарияланды. Компания қызметінің нәтижесі Қазақстанды дамытудың басты экономикалық институты ретінде, сондай-ақ әлеуетті серіктестер үшін жайлы инвестициялық орта құру аналитикалық шолудың басты тақырыбы болды.
Түркия мемлекеті Қазақстанның ең маңызды экономикалық серіктестерінің бірі болып табылады. Екі жарым онжылдықтың ішінде екі ел өзара тиімді және ынтымақтастыққа негізделген сенімді қарым-қатынас құра білді. Екі мемлекеттің көшбасшылары - президенттер Нұрсұлтан Назарбаев пен Реджеп Тайип Ердоганның қосқан жеке үлестері нәтижесінде қазақ-түрік елдерінің достығы біздің экономикаға айқын пайда әкеліп отыр. «Бәйтерек» холдингі де, Қазақстан Республикасының негізгі қаржы институты ретінде осы өзара тиімді әрекетті нығайтуға өз үлесін қосуда.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев біздің компания алдында нақты тапсырма қойды – Қазақстанды тұрақты экономикалық дамытуға жәрдемдесу. Сондықтан, «Бәйтерек» холдингінің қызметі және жиынтық активтері 11 млрд евро мен капиталы 2,7 млрд-тан асатын оның 11 портфельдік компаниялары бірқатар стратегиялық бағыттарды жүзеге асыруға бағытталған.
Біріншіден, бұл ірі, сондай-ақ шағын және орта кәсіпкерлікке қолдау көрсету. «Қазақстанның даму банкі» АҚ механизмдері арқылы 2017 жылы холдинг 1,07 млрд евро сомаға шикізаттық емес салаларда ірі бизнестік кәсіпорындарды қаржыландырды. Осы кезең ішінде біздің еншілес ұйым – «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры арқылы шағын және орта кәсіпкерлік субъектілеріне берілген несиелер көлемі – 1,4 млрд евроны құрады.
Екіншіден, экспорттық әлеуетті іске асыруға жәрдемдесу. Қазақстанның даму банкі және «KazakhExport» Экспорттық сақтандыру компаниясы» АҚ арқылы холдингті қолдау іс-шараларына ие болған кәсіпорындардың 2017 жыл ішіндегі тауарлар экспортының жалпы көлемі 2 млрд евроны құрады.
Үшіншіден, тұрғын үйлерге қаржылық қолжетімділікті қамтамасыз ету. Өзінің еншілес ұйымы - Тұрғын үй- құрылыс банкі арқылы холдинг кредиттік тұрғын үй құрылысына қатысады, жеңілдетілген ипотекалық қарыздар мен құрылыс салушыларға арналған субсидиялар ұсынады. 2017 жылдың қорытындылары бойынша банк елімізде барлық ипотекалық қарыздардың 76%-ын бере отырып, Қазақстанның ипотекалық нарығында көшбасшы болып отыр.
Төртіншіден, бұл трансферт және инновациялар енгізу. Холдингтің тағы бір портфельдік компаниясы - «Технологиялық даму жөніндегі ұлттық агенттік» АҚ (ТДҰА) арқылы қолдауға ие болған кәсіпорындар шығарған инновациялық өнімдердің көлемі өткен жылы - 121,4 млн евроны құрады.
Сонымен қатар, қазіргі уақытта «Бәйтерек» холдингі инвесторлармен және бизнес-қоғамдастықтармен инвестициялық жобаларды іздеу, тарту және қолдау көрсету бойынша Digital Baiterek (http://digital.baiterek.gov.kz) электронды порталы арқылы осы қызметті сандық жүйеге көшіру бойынша ауқымды жұмыстар жүргізіп жатыр, бұл порталда нақты инвестициялық ұсыныстар туралы барлық қажетті мәліметтерді алуға болады. Сондай-ақ, маусымның аяғында әлеуетті инвесторларға арналған толықтай қамтитын ақпарат ұсынуға бағытталған www.baiterek.gov.kz жаңартылған ресми сайтымыз іске қосылды.
Өз кезегінде, Түркия елінің құрылыс, ауыл шаруашылығы, туризм, кәсіпкерлік, азық-түлік өндірісі, сондай-ақ әлеуметтік инфрақұрылымды басқару салаларында жобаларды жүзеге асыруда үлкен тәжірибесі және практикасы бар. Сондықтан, біз келешекте Қазақстанда жаңа бірлескен жобаларды іске асыру үшін түрік бизнесін тартуға қызығушылық білдіріп отырмыз.
Мысалға, бірнеше жыл бойы «Даму» қоры мен Түркияның KOSGEB шағын және орта бизнесті дамыту және қолдау жөніндегі мемлекеттік ұйымы арасында Өзара түсіністік туралы меморандум жасалған. Ұзақ мерзімді ынтымақтастық мамандармен алмасу, қазақстандық кәсіпкерлерді Түркияда оқыту, бизнес бойынша серіктестерді іздеуге арналған диалогтық платформа құру тәрізді мәселелерді қамтиды.
Бұдан басқа, Түркияның тәжірибесі биылғы жылы «Kazakhstan Project Preparation Fund» ЖШС (холдингтің еншілес ұйымы) мен Еуропалық қайта құру және даму банкі бірге іске асыруға кіріскен Алматыдағы көп салалы аурухананың құрылысы бойынша жобаға негізделген. Осы жоба барысында холдинг менеджерлері біздің түрік серіктестерімізбен, соның ішінде – түрік компанияларының кешен құруға тікелей қатысу мүмкіндігі бойынша кеңестер өткізді.
Қазіргі кезде ТДҰА Түркия Кеңесімен ғылыми-техникалық зерттеулер бойынша ынтымақтастық құруда. Жұмыстың негізгі бағыты – технологиялар трансферт жүйесі, осы жоба аясында зияткерлік меншікті қорғау, технологиялық шешімдер іздеу және келешекте оны практикалық салада қолдану бойынша бірлескен семинарлар өткізу жоспарлануда.
Жалпы алғанда, «Бәйтерек» холдингі біздің достас елдер арасында іскерлік бастамалар бойынша сенімді серіктес болуға дайын. Біздің ұйымның бес жыл ішіндегі қызметі ішінде біз түрік елімен бірлескен жұмыста қомақты тәжірибе жинап үлгердік. Осы оң тәжірибеге сүйене отырып, келешекте осы тиімді ынтымақтастық қарқынын бұдан әрі ұлғайтпақпыз.