19.12.2024
- Холдинг туралы
Берлинде жобаларды қаржыландыру бойынша Қазақстан – Германия жұмыс тобының бірінші отырысы өтті.
Жиынға Германия экономикасы Шығыс комитеті президиумының мүшесі және Орталық Азия елдерінің басшысы, сондай-ақ GP Günter Papenburg AG бақылау кеңесінің мүшесі, профессор Манфред Грундке, «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» Басқарма төрағасының орынбасары Әділ Мұхамеджанов және қазақстандық компаниялар мен неміс бизнесінің басқа да өкілдері қатысты.
Отырыс аясында «Қазақстанның Даму Банкі» АҚ Германияның Landesbank Hessen-Thüringen (Helaba) банкімен 100 миллион еуроға дейінгі сомаға Қаржылық ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды. Бұл Жұмыс тобының қызметіне серпін берді.
«Бәйтерек» ҰБХ» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Әділ Мұхамеджанов жұмыс тобы Қазақстанда да, Германияда да бизнестің бәсекеге қабілеттілігін арттырудың негізгі тетігі қызметін атқаратынын атап өтті.
Қазіргі уақытта жұмыс тобы Қазақстанның 30-дан астам бірлескен инвестициялық жобаларын қарастырып жатыр. Соның ішінде KAZAKH INVEST, Қазақстанның Даму банкі, Аграрлық несие корпорациясы және «Астана» Халықаралық қаржы орталығы жобалары бар.«Бүгінде бізде ынтымақтастықты нығайтуға және ұзақмерзімді және өзара тиімді іскерлік қарым-қатынас үшін негіз жасауға бірегей мүмкіндік бар. Жұмыс тобы тығыз сауда қатынастары мен коммерциялық байланыстарды дамытуға, сондай-ақ өзара сауда мен инвестицияны ілгерілетуге берік негіз береді», - деді Ә.Мұхамеджанов.
Еске сала кетейік, биыл 20 маусымда ГФР Федералдық президенті Ф-В. Штайнмайер Қазақстанға мемлекеттік сапармен келген болатын. Сол кезде Астанада Қазақстан – Германия сауда-инвестициялық форумы алаңында «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ мен Германия экономикасы Шығыс комитеті арасында бірлескен жобаларды қаржыландыру бойынша жұмыс тобын құру жөніндегі меморандумға қол қойылды.