19.12.2024
- Холдинг туралы
Кезекте тұрғандар үшін қолжетімді тұрғын үй санын ұлғайту мақсатында «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ 839 млрд теңге сомасына ЖАО облигацияларын сатып алу арқылы қолжетімді тұрғын үй құрылысын қаржыландыруды қамтамасыз етеді
Осы қаражат есебінен Холдинг 7,6 млн шаршы метр тұрғын үй құрылысын немесе 2033 жылға қарай қажеттіліктің 8,8%-ын қаржыландыра алады. Осыған байланысты, «Бәйтерек» ҰБХ уәкілетті мемлекеттік органдармен бірлесіп, кезекте тұрғандарды тұрғын үймен қамтамасыз ету үшін құрылыс және қаржыландыру көлемін ұлғайту мүмкіндігін қарастыратын болады.
Холдинг сонымен қатар бюджеттен бөлінген қаражатқа сәйкес үкіметтік бағдарламалар шеңберінде кезекте тұрғандар үшін жеңілдікті кредиттер беруді жалғастыруға ниетті.
«Холдингтің еншілес ұйымы «Қазақстандық тұрғын үй компаниясы» АҚ мүдделі мемлекеттік органдармен және жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп жақын арада халықтың әлеуметтік осал топтары үшін 272 млрд теңге сомасына жекешелендіру құқығымен жалға берілетін тұрғын үй сатып алу жөніндегі бағдарламаны іске қосады, бұл республика бойынша 1 млн. шаршы метрден астам немесе 17,3 мың пәтерден астам дайын тұрғын үйді қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, – деп атап өтті «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ Басқарушы директоры Әлия Мырзағалиева.
Айта кету керек, 2023 жылдың соңында ел бойынша кезекте тұрғандар саны шамамен 646 мың адамды құрады. 2033 жылдың соңына қарай орташа жылдық өсу қарқыны 6,9%-ды сақтаған жағдайда, олардың саны 1 321 826 адамға дейін өседі деп күтілуде. Бұл санды қамтамасыз ету үшін даму жоспарын іске асырудың барлық кезеңінде 79,3 млн шаршы метр немесе жыл сайын 7,9 млн шаршы метр тұрғын үй салу қажет.
Айта кетейік, жыл басында «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі 2024-2033 жылдарға арналған даму жоспарын бекітті және стратегиялық бағыттарды айқындады. Аталған бағыттар мен міндеттер Қазақстан экономикасының негізгі секторларын қолдауға бағытталған.