08.11.2024
- Холдинг туралы
"Бәйтерек" ҰБХ" АҚ Басқарма төрағасы Нұрлан Байбазаров Tiriyaki Agro компаниясының қаржы директоры Татар Туркаймен кездесті. Талқылау дәнді және бұршақты дақылдарды терең өңдеу зауытын салу жоспарларына арналды.
Tiryaki Agro - айналымы 2,5 млрд доллардан асатын, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеуге және сатуға маманданған жетекші түрік компаниясы. Компания 4 құрлықта және 11 елде жұмыс істейді, 40-тан астам елден өнім сатып алады және әлемнің 50-ден астам елінде сатады.
Татар Туркай жоба ТМД-да бірінші болатынын және бұрын өңірде өндірілмеген 30 мың тонна глюкоза мен 45 мың тонна фруктоза, жылына 22 мың тонна "тірі" клейковина және 110 мың тонна крахмал өндіруді қамтитынын айтты. Ол сондай-ақ жобаның үлкен экспорттық әлеуетін атап өтті, өйткені шығарылатын өнімді Түркияға, Канадаға, АҚШ-қа және басқа елдерге экспорттауды жоспарлап отыр.
Нұрлан Байбазаров агроөнеркәсіп саласында, оның ішінде астықты терең өңдеу бойынша қайта өңдеу қуаттарын құру Холдингтің инвестициялық қызметінің басым бағыты болып табылатынын атап өтті.
Жобаны іске асыру Холдингтің еншілес компаниясы – Қазақстанның Даму Банкі арқылы жүзеге асырылатын болады. Жоба Қазақстанның ауыл шаруашылығы саласын дамытуда және Қазақстан мен Түркия арасындағы экономикалық байланыстарды нығайтуда маңызды қадам болады деп күтілуде.