19.12.2024
- Холдинг туралы
«Бәйтерек» холдингінде Басқарма төрағасы Рустам Карагойшин жаһандық IT компаниясы EPAM Systems басшысы және негізін қалаушы Аркадий Добкинмен кездесті. Кездесу барысында цифрландыру саласындағы ағымдағы және перспективалы жобалар, сондай-ақ ынтымақтастықтың ықтимал бағыттары талқыланды.
EPAM компаниясы ірі корпорациялармен және мемлекеттік мекемелермен жұмыс тәжірибесіне назар аудара отырып, ақпараттық технологиялар саласындағы өз құзыреттері мен жобаларын таныстырды. Big Data технологиялары, жасанды интеллект, клиенттік процестердің реинжинирингі және мемлекеттік органдармен интеграция сияқты «Бәйтерек» холдингінің цифрлық трансформациясының негізгі бағыттары бойынша ынтымақтастық мәселелеріне ерекше мән берілді.
«Холдинг үшін цифрландыру саласындағы жаһандық трендтерге ілесу маңызды. Мемлекет басшысының Холдингтегі барлық процестерді ауқымды цифрлық трансформациялау жөніндегі тапсырмаларын орындау үшін біздің нақты жоспарларымыз бар, сондықтан бұл міндеттерді шешуде әлемдік жетекші компаниялармен ынтымақтастық басты рөл атқарады. EPAM сияқты серіктестердің мұндай цифрлық бастамаларды іске асыру бойынша қажетті тәжірибесі мен әлеуеті бар», - деп атап өтті Рустам Карагойшин.
Басқарма төрағасының орынбасары Үсен Ғалым Холдингтің алдағы жылдарға арналған цифрландыру стратегиясы үлкен деректер мен жасанды интеллект технологияларын енгізуге, клиенттік процестердің реинжинирингіне және қызметкерлердің цифрлық мәдениетін арттыруға бағытталғанын айтты. Холдинг осы бастамалар аясында EPAM сияқты компаниялармен қарым-қатынас орнатуға дайын.
Тараптар «Бәйтерек» холдингінің цифрландыру стратегиясы шеңберінде цифрлық жобаларды бірлесіп іске асыру үшін нақты қадамдарды әзірлеп, талқылауды жалғастыратын болды.
EPAM Systems – S&P 500 тізімге кіретін жаһандық компания, бағдарламалық қамтылымды әзірлеуге, IT-консалтингтік қызметтерді ұсынуға және бизнеске арналған цифрлық шешімдерді енгізуге маманданған, нарықтық капитализациясы 11 миллиард доллардан асады.