24.01.2025 15:18:00
- Холдинг туралы
23 қаңтарда «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі Басқарма Төрағасының орынбасары Тимур Онжанов Standard Chartered Bank өкілдерімен холдингтің бас кеңсесінде кездесу өткізді. Кездесуде екі ұйым арасындағы стратегиялық әріптестік перспективалары талқыланды.
«Standard Chartered Bank секілді халықаралық қаржы институттарымен ынтымақтастық бізге инвестиция тартуға, әлемдік қаржы нарықтарына қолжетімділікті кеңейтуге және Қазақстан экономикасының бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бірегей мүмкіндіктер береді. «Бәйтерек» холдингі мемлекеттік бағдарламалардың басым міндеттерін іске асыруда негізгі рөл атқарады, ал осындай серіктестермен жұмыс істеу бізге мақсаттарымызға сенімді әрі тиімді жетуге мүмкіндік береді», – деп атап өтті Тимур Онжанов.
Кездесу барысында холдингтің құрылымы мен негізгі қызмет бағыттары, соның ішінде ірі өнеркәсіпке, ауыл шаруашылығы секторына, шағын және орта кәсіпкерлікке, сондай-ақ экспорттық жобаларға қолдау көрсету мәселелері таныстырылды. Standard Chartered Bank-тің қаржыландыруды ұсыну, капитал нарықтарында операцияларды дамыту және қаржы нарықтарымен өзара іс-қимылдағы әлеуетін талқылауға ерекше назар аударылды.
Халықаралық ірі қаржы институттарының бірі болып табылатын Standard Chartered Bank сауда қаржыландыру, ақша ағындарын басқару және трансшекаралық операциялар саласындағы өз мүмкіндіктерін таныстырды. Банк басшылығы ынтымақтастық мүмкіндіктерін тереңірек зерделеуге дайын екендіктерін білдірді.