04.03.2025
- Холдинг туралы
Кеңес ал!
4 наурызда Қазақстан Республикасы Үкіметінің отырысы өтті. Күн тәртібінде нақты секторды қаржыландыру мәселесі қаралды. Отырыста «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ Басқарма төрағасы Рустам Қарағойшин баяндама жасады.
Өз сөзінде Рустам Қарағойшин 2025 жылы Үкімет белгілеген 7% ЖІӨ өсіміне қол жеткізу үшін Холдинг кәсіпкерлікті қолдауға, тұрғын үй құрылысын дамытуға, сондай-ақ негізгі ұлттық және инвестициялық жобаларды іске асыруға шамамен 8 трлн теңге бағыттауды жоспарлап отырғанын атап өтті. Алдағы жылдары бұл көрсеткіш артып, 2027 жылға қарай 10 трлн теңгеге дейін жетуі мүмкін.
«Біздің негізгі мақсатымыз – нақты сектор кәсіпорындары үшін қаржыландырудың әділ шарттарын жасау, нарықтағы теңгерімсіздікті жою. Біз бизнеске қосымша субсидияларсыз бәсекеге қабілетті мөлшерлемелер ұсынуға тырысамыз, бұл мемлекеттік бюджетке жүктемені азайтып, қаржы ресурстарын неғұрлым тиімді бөлуге мүмкіндік береді», – деді Рустам Қарағойшин.
Ірі инвестициялық жобаларды қаржыландыру үшін екінші деңгейлі банктердің өтімділігін тарту мақсатында Холдинг ірі бизнеске арналған Кепілдік қорын құруды жоспарлап отыр. Холдингтің кепілдік қолдауы қаржыландыру сомасының 30%-на дейінгі мөлшерін қамтитын болады, бұл жеке инвестицияларды тартуға және несиелік тәуекелдерді азайтуға мүмкіндік береді.
«Кепілдік қорының іске қосылуы ірі инвесторлардың ұзақ мерзімді және тұрақты қаржыландыруға қол жеткізуін қамтамасыз етеді. Біз экономиканың жеке капиталға тәуелділігін арттырып, қаржылық тәуекелдерді төмендетуге бағытталған механизмдер ұсынамыз», – деп атап өтті Қарағойшин.
Шағын және орта бизнес үшін «Даму» қоры негізінде Кепілдік қоры іске қосылады. Бұл кәсіпкерлердің қаржы ресурстарына қолжетімділігін кеңейтіп, қолдау шараларының ауқымын едәуір ұлғайтады.
Сонымен қатар, «Бәйтерек» холдингі 2025-2029 жылдарға арналған «Энергетика және коммуналдық секторды жаңғырту» ұлттық жобасының қаржы операторы ретінде бекітілді. Жоба аясында табиғи монополия субъектілерін қаржыландыруға 4,7 трлн теңге бағыттау жоспарланып отыр.
«Энергетикалық және коммуналдық инфрақұрылымды жаңғыртуға қаржы бөлу – экономиканың тұрақты дамуы үшін маңызды қадам. Біз электр энергиясын жеткізу сенімділігін арттыруға және азаматтар мен бизнес үшін коммуналдық қызметтердің сапасын жақсартуға ықпал ететін жобаларды қолдауға ниеттіміз», – деді холдинг басшысы.
Холдингтің бағдарламалары экономикалық өсуді ынталандыруға, кәсіпкерлікті дамытуға және стратегиялық маңызды салаларға жеке капиталды тартуға бағытталған.