ҚазАқпарат – «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингінің қоғамдық кеңесінде агроөнеркәсіп кешенін дамытуға бағытталған еншілес ұйымдардың жұмысы қаралды, деп жазады ҚазАқпарат тілшісі.
Қоғамдық кеңес мүшелері әуелі «Бәйтерек» ұлттық бақарушы холдингі» акционерлік қоғамының 2022 жылға арналған жұмыс жоспарын нақтылады.
Бұдан кейін «Аграрлық несие корпорациясы» акционерлік қоғамының қызметі туралы ақпарат ұсынылды. Корпорацияның басқарма төрағасы Алмат Әшірбековтің айтуынша, 2022 жылы корпорация 330 млрд теңге көлемінде қаржыландыру алып отыр. Сондай-ақ, «Кең дала» бағдарламасының аясында 140 млрд теңге және бөлініп отыр.
Биыл «Аграрлық несие корпорациясының» алдына бүкіл көрсететін қызметін цифрландыру жүктеліп отыр. Сондай-ақ, ішкі ақпараттық жүйелерді сыртқы жүйелермен интеграциялау міндеті қойылып отыр. Оған қоса қайта құрылған үш жаңа облыста филиалдар ашу, аграрлық саланы сақтандыру аясын кеңейту мақсатында жаңа өнімдер пысықтап ұсыну жүктелген. Ал ауылдағы ипотеканы жандандыруға 90 млрд теңге жұмсау көзделіп отыр.
«ҚазАгроҚаржы» акционерлік қоғамының басқарма төрағасы Айдар Прашевте ұйымның қызметі туралы мәлімет ұсынды.
Оның дерегі бойынша, 2022 жылдың басынан бері 147,7 млрд теңгеге 6451 техника сатып алу туралы өтініштер түскен. Оның ішінде 62 млрд теңгесі немесе 42%-ы Қазақстан құрастырылған техника сатып алуға бағытталған.
Сондай-ақ, ол «Қазақстанда жасалған», «Экспресс-лизинг», «Мастер-лизинг» бағдарламаларының ерекшеліктері мен ұтымды тұстарына тоқталды.
Кеңес отырысында «Даму» кәсіпкерлікті қолдау қорының қызметі туралы ақпаратта тыңдалды.
Қоғамдық кеңес мүшелерінің тарапынан шаруалар мен диқандардың ұсыныс-шағымдары айтылды. Соның ішінде «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингіне қарасты ұйымдардың өңір-өңірдегі түрлі филиалдарын бір ғимаратқа шоғырландыру туралы ұсыныс көпекені сөз болды.Бұл холдингке қарасты ұйымдардың қызметіне жүгінушілердің түрлі мекенжайға сабылмай, бүкіл жұмысын бір жерден тындыруына мүмкіндік жасауы керек.
«Бізге көрсетілген қызметімізге қатысты кері байланысты орнату өте маңызды. Ал сол кері байланыстың бір тетігі – қоғамдық кеңестің жиындары болып отыр. Өткен отырыста қоғамдық аграрлық салаға қатысты еншілес ұйымдардың қызметіне қатысты ақпарат тыңдалуы керек деген ұсыныс айтқан. Бүгін сол кездесудің аясында түрлі ұсыныстар айтылды. Мысалы, «Бәйтерек» холдингінің еншілес ұйымдарының өңір-өңірдегі филиалдарының кеңселерін бір жерге шоғырландыру ұсынысы көптен бері айтылып жүр. Биыл онсыз да ол жұмыс басталып кетті. Бұл бағытта жұмыс істеліп жатыр», - деді «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» акционерлік қоғамы басқарма төрағасының орынбасары Әділ Мұхамеджанов.